Былтыр еліміздің бірқатар өңіріндегі мектепке дейінгі мекемелерде ваучерлік қаржыландыру әдісі пилоттық жоба ретінде іске қосылған болатын. Жаңа жүйе биыл облыс орталығындағы балабақшаларға да енгізілуде. Әсіресе, дәл қазір, яғни жаңа оқу жылының алдында ваучерге қол жеткізу, табель толтыру сынды мәселелер күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүргізілуде? Қандай қиындықтар бар? Жалпы, ваучерлік қаржыландыру не берді? Осы және өзге де сұрақтарға Павлодар қалалық білім беру бөлімінің бас маманы Құралай Сайдоллақызы Кузеева жауап береді.
— Құралай Сайдоллақызы, Павлодар қаласында жаңа жүйе қалай жүзеге асып жатыр? Сондай-ақ, бүгінгі таңда неше балаға ваучер берілді?
— Осы жылдың мамыр айынан бастап облыс орталығындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне ваучерлік қаржыландыру жүйесі пилоттық жоба ретінде енгізілді. Бекітілген кестеге сәйкес, қаладағы 83 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде 73 мемлекеттік, 10 жекеменшік мектепалды мекеме ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшті. Бұл өзгерістен кейін балабақшаларға баратын 16,5 мыңнан астам бала автоматты түрде ваучер иегері атанды. Ал ағымдағы жылдың 16 мамырынан бері павлодарлық ата-аналарға 7 284 ваучер берілді.
— Жаңа жоба бойынша балабақшаға барып жүрген балалар ай сайын арнайы қосымша арқылы тіркеліп, табель толтырып тұруы тиіс екен. Бірақ кейбір ата-аналар бұл мәселеде қиындық туындағанын айтып жүр. Мұндай жағдайда олар не істеуі қажет?
— Иә, баласы бақшаға баратын ата-аналар ай сайын алғашқы он күннің ішінде, яғни әр айдың 1-10 аралығында өз ұл-қызының табелін тексеруге міндетті. Мұны белгіленген уақытында қарап, тапсыруы қажет. Өйткені, ата-ана расталған ақпараттың дұрыстығына заң алдында жауапты болады. Сондықтан ата-аналар табельді тексергеннен кейін келісу немесе келіспеу туралы түймені басуы керек. Егер келіспеген жағдайда оның себебін толық көрсетуі тиіс. Ал табельді екі айдың ішінде тексермесе, ваучердің күші жойылады. Бала балабақшадан шығарылады. Сол үшін бұл іске селқос қарауға болмайды.
Кейбір ата-аналар электрондық табельді толтыру кезінде қателесіп, оны ed24.kz мобильді қосымшасынан іздейтін көрінеді. Алайда барлық әрекет Indigo24.kz сайты арқылы орындалады, қосымшаға тек хабарландыру мен растау коды ғана келеді. Сонымен қатар, ата-аналардың немесе заңды өкілдердің телефон нөмірлерін ауыстыруына байланысты да табельді растау кезінде қиындықтар туындауы ықтимал. Мұндай жағдайда олар баласы баратын балабақша әкімшілігіне немесе білім беру бөлімі мамандарының көмегіне жүгінгені жөн. Сондай-ақ, «Indigо» қосымшасының техникалық қолдау қызметіне хабарласып, мәселесін шешуіне де болады.
— Балабақша кезегін күтіп отырған ата-аналар нені білуі тиіс? Мысалы, кейбіреулер баласына ваучер берілгенін білмей, өткізіп алғанын айтып жүр. Олардың мәселесі қалай шешіледі?
— Бірден атап өтерлігі, ваучер кезекпен беріледі. Ата-аналар өз баласының кезегін жеке кабинетінен немесе «Indigо» қосымшасының басты бетінен көре алады. Ваучер берілгеннен кейін 2 жұмыс күні ішінде «Indigо» қосымшасындағы жеке кабинетінің «Берілген ваучерлер» бөліміне кіріп, ваучерді иеленгенін растауы қажет. Егер мұны жасамаса, ваучердің күші жойылады. Ал ваучер алғандар оны растаған сәттен бастап балабақшамен шарт жасасып, қажетті құжаттарды жинауы тиіс. Ол үшін 5 жұмыс күні беріледі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды мүмкіндігінше кешіктірмей, тезірек аяқтауға кеңес береміз. Себебі, 5 жұмыс күні өткен соң ваучердің күші жойылып, қайтадан кезекке тұруына тура келеді.
— Ваучер алуда әлеуметтік топтарға жататын отбасы-ларының балаларына арналған жеңілдіктер сақтала ма?
— Негізі, ваучер кезек бойынша беріледі. Бірақ өтініштің берілген күні мен жеңілдіктің бар-жоғы да ескеріледі. Яғни, кезек жалпы білім беру және арнайы, санаторлық деп өзара бөлінеді.
— Сіздің ойыңызша, ваучерлік қаржыландыру жүйесі не берді?
— Ваучерлік қаржыландыру жүйесінің ата-ана үшін тиімді тұстары көп деп айта аламын. Мәселен, жаңа жүйе бойынша өзектілігін жоғалтқан, яғни басқа қалаға көшуіне немесе баласын балабақшаға бергісі келмейтін ата-аналардың өтініштері автоматты түрде кезектен алынып тасталады. Бұл қадам кезектің ашықтығы мен шынайылығын көрсетіп, бос орындарды тиімді бөлуге мүмкіндік береді. Демек, орындар балабақшаға мұқтаж балғындарға үлестірілуде деген сөз. Нәтижесінде, ваучерлік жүйе кезектің қысқаруына да оң әсерін тигізуде. Тағы бір артықшылығы – ата-аналар балабақшаны өздері таңдай алады. Мәселен, қазір баласы барып жүрген бақша көңілінен шықпаса, бос орындары бар басқа мектепалды мекемеге ауысуына болады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.