Жауынгерлік дайындық пысықталады

Там 14, 2025

Аймағымызда жыл басынан бері экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында 28 оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Мұндай маңызды шараны терроризмге қарсы орталық өткізеді.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, терроризмге қарсы орталықтың негізгі міндеті – терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу, мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, терроризмнің алдын алу, террористік белсенділікті анықтау және жолын кесу, сондай-ақ терроризмнің салдарын барынша азайту және жою болып табылады. Сонымен қатар, террористік қауіптерге мониторинг жүргізіп, бағалап әрі болжайды.

Оқу-жаттығу кезінде облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен қатар облыстық полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, қылмыстық атқару жүйесі департаменті, әскери бөлімдер, мамандандырылған күзет басқармасы, желілік полиция бөлімінің мамандары жұмылдырылады. Сондай-ақ, облыс әкімдігі, денсаулық сақтау басқармасы және қажет болған жағдайда өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдардың күш-құралдары пайдаланылады.

Терроризмге қарсы жедел штабтың күштері мен құралдарын жауынгерлік дайындықта ұстау мақсатында барлық оқу-жаттығулар кенеттен өткізіледі. Осыған байланысты оқу-жаттығу дәл өткізер алдында ғана халық құлақтандырылады. Бекітілген жоспарға сәйкес оқу-жаттығу әр ай сайын және жоспардан тыс өткізіледі.

Оқу-жаттығулар барысында террористік актілер мейлінше шынайы ұйымдастырылады. Бұл ретте бос патрондары бар автоматты қару және имитациялық гранаталар қолданылады. Сәйкесінше,  әртүрлі нысандар (мемлекеттік мекемелер, сауда орталықтары, әуежай, вокзалдар және т.б.) басып алынады. Оқу-жаттығу барысында кей тұрғындармен облыстық терроризмге қарсы жедел штабтың құрамына кіретін облыстық денсаулық сақтау басқармасының психолог мамандары жұмыс істеп, қажетті психологиялық көмекті көрсетеді.

 А.АСҚАРҚЫЗЫ.