Ел шебін күзету – бақ!

Там 14, 2025

Халқымыздың тыныштығын сақтап, шекарамызды қызғыштай қору жолында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген Нұрғали Нұрманов бұл қызметін абыройлы міндет деп санайды. Ол елден ерте оянып, ұйқыға кеш жатады. Оның жұмыс күні сағат 7.00-де басталып, күн батқанда аяқталады.

Нұрғали Әбдіәліұлы бүгінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Павлодар облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы лауазымында еңбек етеді. Полковник әр күнін дене шынықтырудан бастап, 7.00-де жұмыста отырады.

— Жұмыс күнім шекаралық аумақта және әлемдегі жағдайлармен танысудан басталады. Қызметтік кеңесте берілген тапсырмаларды орындаймын. Департаменттің тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыс барысын бақылап, жеке құрамға тәрбие жұмысын жүргіземін. Құқықтық және әскери тәртіп қағидаларын сақтауда дайындық сабағын өткіземін. Жеке құраммен ел Президенті мен департамент басшылығы тарапынан берілген тапсырманы қарастырып, бағдарламалардың мақсатын түсіндіремін, — дейді Н.Нұрманов.

Нұрғали Әбдіәліұлы Отанды қорғау ер азаматтың борышы деп санайды. Оның айтуынша, әр шекарашы өзіне белгіленген аумақты қару асынып күзетеді. Жүктелген міндетті орындауда ауа райы еш кедергі бола алмайды. Әр шекарашы өз міндетін атқара отырып, басын қауіп-қатерге тігетінін есте ұстайды.

— 2005 жылы жас сарбаздарды із кесу ісіне үйретіп жүргенімде белгісіз іздерді аңғардық. Шекараны бұзған адамның ізі әлі суымағанын білдік. 5 сарбазбен әлгі іздің соңына түсіп, көп ұзамай жасырынып қалған шетел азаматын ұстадық. Сол кезде жанымда жүрген жауынгерлер қызметтің қаншалықты жауапты екенін түсініп, жұмысқа деген қызығушылықтары артты, — дейді Нұрғали Нұрманов.

Кейіпкер мемлекет тарапынан шекара қызметкерлеріне жағдай жасалғанын айтады. Бұл ретте сарбаздар 47 жасында зейнетке шыға алады. Қызметтік киіммен, дәрігерлік көмекпен қамтылады. Бастысы, әскерилерге баспана беріледі. Тұрғылықты мекенге байланысты әр отбасы мүшесіне пәтерді жалдау ақысы төленеді. Әскери қызметші мен оның отбасы мүшелері толығымен дәрігерлік көмек алады. Шекарашы жұмыс орнын ауыстырған жағдайда мемлекет тарапынан тиісті төлем төленеді.

— Заңнама талаптарына сай, еңбек өтіліме 20 жыл толғанда тегін үймен қамтылдым. Шекара шебінде жүру бәріне бұйыра бермейтін бақ дер едім. Бұл қызметті бала күнімнен армандадым. Түрлі көркем фильмдерден қолына қару алған шекарашылардың алғырлығын, қызметтік иттердің көмегін көріп, қызығатын едім. Мақсатқа жету үшін 1997 жылы Алматы қаласындағы Шекара академиясына оқуға түстім. Қолыма диплом алған бойда Жетісу облысы Алакөл ауданындағы шекара қызметіне офицер болып орналастым. Шекара қызметіне алғаш жұмысқа орналасқан сарбаздың бәрі шекара күзетеді. Мен де сол жолдан өтіп, аға шекара наряды, кейін өзіме берілген аумақта шекара күзету жоспарын құрумен айналыстым. Шекараны күзету және шекара бұзушыларды анықтау барысында 20-дан астам құқықбұзушыны қолға түсірдім, — дейді Н.Нұрманов.

Нұрғали Нұрманов қызмет барысында өміріне қауіп төнген жайттар болғанын жасырмады. Орманда өрт сөндіру кезінде қызыл жалын лапылдаған сәтте өзенге секіріп аман қалған. Тағы бірде екі шекара бұзушыны қуып келе жатқанда олар оқ жаудырған. Төніп тұрған қауіпке қарамастан екеуіне де қашуға мүмкіндік бермей, ұстап алған. Қызметіндегі 31 жылда мұндай оқыс жағдай өте көп орын алған.

Нұрғали Нұрманов жұмыста ғана емес, өз үйінде де нағыз отансүйгіштерді тәрбиелеуде.

— Жұбайым екеуіміздің Алла берген 5 перзентіміз бар. Тұңғыш қызым шекара бөлімшесі бастығының жұбайы атанып отыр. Ұлым офицерлік оқуын тәмамдап, лейтенант әскери атағын алды. Шекара қызметіне орналаспақ ойы бар. Басқа балаларым оқу орындарында білімдерін жалғастыруда, — дейді полковник.

Мемлекеттік шекара күні-түні күзетілетінін білеміз. Қызмет барысында шекара бұзушы анықталған тұста түннің қай уақыты болсын жұмысқа шақыртылады. Қырағылық пен әзірлікті машықтауда түнгі жаттығулар да ұйымдастырылады. Тәулік бойы өз жұмысына адалдық танытып жүрген Нұрғали Нұрманов — бейбіт күннің батыры!

Шекара қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, қажыр-қайрат, күш-жігер тілейміз!

Айдана ҚУАНЫШЕВА.