Баскөл – киелі мекенім!

Там 21, 2025

Менің туған ауылым — Баскөл. Ол Май ауданында орналасқан. 2025 жыл ауылымыз үшін ерекше жыл болмақ. Себебі, биыл ауылымызда бірнеше игі іс атқарылды.

Мәселен, А.Иманов атындағы лицей-мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, жылу жүйесі жаңартылып, сынып бөлмелерінің қабырғалары түзетіліп, іші заманауи құралдармен жабдықталды. Алдағы оқу жылын жарық әрі жылы сыныптарда, жаңа заман талабына сай техникалық құрал-жабдықтармен бастайтынымызға қуаныштымын.

Тағы бір жаңалық – ауыл көшелеріне асфальт төселді. Бұрын батпақ пен шаңға батып жататын көшелеріміз қазір теп-тегіс әрі жайлы. Енді көліктер де, жаяу жүргіншілер де емін-еркін қозғала алады. Мен мектепке күнде жаңа жолмен барғанда көңілім ерекше көтеріңкі болады. Әдемі жолмен велосипед пен ролик тебу де керемет екен. Бұл ауылымыздың көркейгенінің белгісі деп ойлаймын.

Сондай-ақ, мәдениет үйі де жаңарды. Тозығы жеткен ғимарат жөнделіп, жарық сахна мен жайлы орындықтар қойылды. Мұнда ауыл өнерпаздары ән айтып, би билеп, сахналық қойылымдар арқылы көрерменді қуантатынына сенемін. Сонымен қатар, мәдениет үйі оқушылар мен жастар үшін бос уақытты тиімді өткізіп, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мол мүмкіндік береді.

Тағы бір жаңалық – Баскөл ауылдық мешітінің жаңарған келбеті. Мешітімізді жөндеу жұмыстарын ауылдың ағалары мен азаматтары атқарды. Мешіт – ауылымыздың рухани тірегі. Енді оның алтын түстес күмбезі алыстан көз тартады. Бұл – ауылымыздың ауызбірлігі мен татулығының айғағы. Осындай игі істердің басында жүрген ағаларымыз бен азаматтарымыз – бізге үлгі.

Ауыл – ел бесігі. Оның гүлденгені кең байтақ жеріміздің, тарихы терең Қазақ елінің жайқалғаны деп білемін. Бұл игі істер әр аймақта жалғасын тауып, мен сияқты жеткіншектер қуанып, халқымыздың мерейі арта берсін.

 

Әлисұлтан БАЛТАБЕК, А.Иманов атындағы лицей-мектептің, 5-сынып оқушысы, Баскөл ауылы, Май ауданы.