Биыл Шарбақты ауданына қарасты Арбаиген ауылындағы мектептің ашылғанына 100 жыл толды. Осыған орай өңірде салтанатты іс-шара болып өтті.
Білім ордасының ғасыр тойына Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор, Шарбақты ауданының Құрметті азаматы Шахимардан Әбілов, аудан әкімі Сержан Иманқұлов және ардагер ұстаздар мен мектептің түлектері тегіс қатысып, ұжымға жүрекжарды лебіздерін білдірді. Алыс-жақыннан келген қонақтар үшін арнайы мерекелік концерт ұйымдастырылып, ақ дастархан жайылды.
— Арбаиген ауылындағы бұл мектеп — ғасырлық тарихы бар, талай ұрпақтың рухани мекеніне айналған білім ордасы. Мектептің ашылғанына 100 жыл толуы жай ғана уақыт өлшемі емес, бұл — бір ғасырға жуық білім мен тәрбиенің, ізгілік пен парасаттың, ұстаздық өнегенің шежіресі. Ауылымыздың тарихында елеулі орын алатын білім ордасы бір ғасыр бойы талай ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беріп, елге адал қызмет етер азаматтарды тәрбиелеп шығарды, — деп атап өтті аудан әкімі өз сөзінде.
Мектептің мерейтойына арналған іс-шара спорттық ойындармен жалғасын тапты. Топ және аламан бәйге, арқан тарту, өзге де ұлттық ойындар мерекенің шырайын келтірді. Ауыл тұрғындары мәз-мейрам болып, бір серпіліп қалды.
Н.ШОДЫР.