Биыл 125 жылдығы аталып жатқан дүлдүл ақын, актер Иса Байзақов туралы айтқанда, 1920 жылдары оның Халық ақыны, семейлік Нұрлыбек Баймұратовпен бірнеше мәрте айтысқа түсіп, екеуі де өзінің айтыскерлік қабілетін елге танытқанын ұмытпауымыз керек. Мықтыны мықты таниды. Нұрлыбек Баймұратов та өзінің естелігінде Исаның өнері басым болғанын мойындайды, құрмет көрсетеді.
Кереку өңірімен шектес жатқан Семейдің Бесқарағай ауданында туып-өскен (Кереку өңіріне де бөтен емес) Нұрлыбек Баймұратов пен Иса Байзақовтың арақатынасы зерттеушілердің назарынан тыс қалмауы керек.
1922 жылы қыста Семейде ұлы ойшылдың мұрасын насихаттаушылар Әріп, Көкбай ақындар және Абайдың баласы Тұраштың алдында Иса Байзақов пен Нұрлыбек Баймұратов айтыс көрсетеді.
Бұл туралы Нұрлыбек ақын өз естелігінде былай деп жазады:
«Исаға көпшілік риза болды. Бірақ айтыс аяқталмады. Иса қыза түсті. Сондықтан бізді 20 март күні Семейдегі Лугашар атындағы клубта айтыстыратын болды. Ол айтыс көпке созылды. Бұл Исамен менің үшінші рет айтысуым еді. Бұл жолы көпшілік көзіне де, төрешілерге де Исаның ақындығы, суырып салмалығы менен әлдеқайда үздік шықты. Ел екеумізге де алғыс айтып, риза болып тарасты. …Иса бәрінен басым шықты.
Ал менімен Иса жалғыз ғана Семейде айтысып қойған жоқ. 1924 жылы Орынборда айтыстық. Сол жылы осы Сәбит, Ғабит – олар да рабфакта оқитын еді. 1928 жылы Қоянды жәрмеңкесінде, Мәшһүр Жүсіп қатынасқан бас жиналыста айтыстық.
Бәрінде де Исаның беделі ел көзіне үстем көрінді».
«Иса туралы менің білетінім», Нұрлыбек Баймұратов, халық ақыны, 1950 жыл, апрель.
Түсініктеме ретінде айта кетсек, аталмыш қолжазба Исаның 50 жылдығына орай жазылып, ҚР Ұлттық академиясының сирек қолжазбалар қорына тапсырылған болса керек. Бұл мақала кейін Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде Иса Байзақовтың 100 жылдық мерейтойына орай 2000 жылы 3 ақпанда қайтадан басылған. Міне, осы басылымды біз Нұрлыбек Баймұратов атындағы мектептің музейінде кезіктірдік.
2023 жылы қыркүйекте Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газеті редакциясы өлкетану экспедициясымен Семей өңіріне, соның ішінде Бесқарағай ауданы Қарағайлы ауылында болды. Онда Нұрлыбек Баймұратов атындағы мектеп пен ақын музейі бар. Музейдегі жәдігерлердің арасынан осы бір «Қызыл ту» газетіне басылған Нұрлыбек Баймұратовтың мақаласы көзімізге ыстық көрінді.
Жалпы, Бесқарағай ауданы өздерінің тумасы Нұрлыбек Баймұратовты әс көтеріп, ерекше ұлықтап ардақтайтынын Павлодар-Семей республикалық жол бойында орнатылған алып ескерткіштен-ақ көруге болады. Біз қатысқан Бесқарағай ауданының мерейтойы аясында Н.Баймұратовтың өмірі мен шығармашылығынан спектакль қойылып, өлеңдері ұлықталды.
Өкінішке қарай, Павлодар өңірінде Исаның ұзын бойы бейнеленген ескерткіші мүлдем жоқ (Ертіс ауылындағы мүсінін айтпағанда). Әрі Исаның шығармашылығы мен өмірі туралы не бір спектакль қойылмайды. Бұл тұрғыдан алғанда Иса Байзақовтың жоқтаушылары қатарынан табыла алмай жатқанымыз өте өкінішті.
Бұл мәселеге біздің атқамінер азаматтар мен зиялы қауым не дер екен?
Нұрбол Жайықбаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.