Биыл қазақ руханияты мен тарихында өшпес із қалдырған Жаяу Мұсаның 190 жылдығы, Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығы, Қалмұқан Исабаев пен Қуат Әбусейітовтің 100 жылдық мерейтойлары кең көлемде аталып өтілуде. Жуырда Баянауыл ауданының Мойылды шатқалында атаулы мерейтойларға орай этноауыл бой көтеріп, тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы жаңа қырынан насихатталды. Бұл ретте, конференция, көрмелер мен кездесулер, ақындар айтысы ұйымдастырылды.
Кітаптың тұсауы кесілді
Төрт бірдей мерейтой иесіне арналған шаралардың алғашқысы С.Торайғыров атындағы аудандық мәдени-сауық орталығында өткен Жаяу Мұсаның 190 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференциясымен бастау алды. Оған еліміздің әр өңірінен ғалымдар, өнер қайраткерлері, жазушылар, Жаяу Мұсаның ұрпақтары және зиялы қауым өкілдері жиналды.
Аталмыш жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова құттықтау сөзінде осы жылдың қазақ өнері мен әдебие-тінің мерейлі белесі екенін тілге тиек етті.
– Ұлы тұлғалардың есімдері әдебиет пен өнер тарихына алтын әріппен жазылған. Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әні – қазақ музыкасының алтын қорындағы сүбелі олжа. Осындай іс-шаралар – тарихи тұлғаларымыздың еңбегін насихаттап, жас ұрпақ санасына сіңірудің жарқын үлгісі, — деп атап өтті Айгүл Қайыртасқызы.
Шараға Жаяу Мұса Байжанұлының шөбересі Гүлбаршын Орханқызы да қатысып, атасының өмірі мен мұрасын мақтан тұтатынын жеткізді.
– Әжем Анна – Жаяу Мұсаның тұңғыш қызы. Ал мен — оның алғашқы немересімін. Әжем бізді сәнді киінуге, кең ойлауға, туған жермен ғана шектелмей, әлемді тануға үйретті. Жаяу Мұсаның аты аталғанда, адам ерекше рухтанып кетеді. Ол – ұшқыр ойдың, жаңа екпіннің белгісі, – деді әнші-сазгердің шөбересі.
Конференция барысында филология ғылымдарының кандидаты Амантай Құдабаевтың «Ақ сиса» кітабының тұсаукесері кесілді. Еңбекте автор әнші-сазгердің тұлғасын жаңа қырынан ашып, оның өнердегі және қоғамдық өмірдегі рөлін жас ұрпаққа танытып, рухани мұрасын сақтап насихаттауды мақсат еткен.
Байқау жеңімпаздары марапатталды
Негізгі шарадан соң Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына және Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығына арналған облыстық сатиралық әңгімелер байқауының жеңімпаздары анықталып, марапатталды. Сондай-ақ, «Қалмұқан қаламының ізімен» атты кітап жарық көрді.
Қалмұқан Исабаев атындағы прозалық шығармалар байқауына 30-ға жуық шығарма қабылданып, оның 18-і іріктелген. Нәтижесінде үздік жеті туынды жүлдеге ие болды. Үшінші орынға 250 мың теңге көлеміндегі сыйлықпен «Ауа райы болжамы, Ақбеттаудан сел жүруі мүмкін» әңгімесінің авторы Жанасыл Серікбол, «Тағдыр жебесі» туындысының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ербол Қайыров және «Тұмаркіндік» шығармасының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шолпан Байғалы ие болды. Екінші орын мен 350 мың теңгелік жүлде «Ертіс жағасында» әңгімесінің авторы Жантас Еркін мен «Ақкелін шоқысы» туындысының авторы Нұрлан Құлжанға бұйырды. Бірінші орын және 550 мың теңге көлеміндегі жүлде «Тек» шығармасының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бейбіт Бөженге табысталды.
Қазылар алқасының мүшесі, жазушы Қанат Әбілқайыр байқау барысында туындылардың жасырын түрде қаралғанын атап өтті. Бұл әдіс шығармалардың көркемдік деңгейі мен мазмұнына әділ баға беруге мүмкіндік берген.
Қадыр Тайшықов атындағы сатиралық әңгімелер байқауы сатира жанрында қалам тербейтін облыс қаламгерлері арасында өтті. Байқау нәтижесі бойынша үшінші орын мен 100 мың теңгелік сертификат Жанболат Абайхан мен Жақсыбек Шанышқылыға табысталды. Екінші орын мен 250 мың теңге көлеміндегі сыйақыға Бейбіт Бөжен ие болды. Ал бірінші орын мен 350 мың теңгелік жүлде Алпысбай Әбдіұлына бұйырды.
Жүлдегер Жанболат Абайхан байқауға «Патриотизм» және «Зауыт пен дәуіт» атты екі сатиралық әңгімесін ұсынғанын айтты. Автор бірінші шығармада әсіре патриотизмді әжуалаған, ал екінші әңгімеде Солтүстік Кореядағы жағдай мен Қазақстандағы кейбір оқиғаларды салыстыра бейнеленген.
– Сатира жазу үшін әрдайым көңілді болу шарт емес. Керісінше, қоғамдағы келеңсіздіктерді көргенде қалам алуға тура келеді. Бұл – ащы күлкі, ой салатын әзіл, – деді ол.
Шара барысында «Ақбеттау» журналының бас редакторы, ҚР Мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Байбосын Қадыр Тайшықовтың өмір жолын, әдебиет пен музыкадағы еңбегін, аудармашылық қызметін және Алаш қайраткерлерімен байланысын кеңінен баяндады.
Баянауылдағы әдеби байқаулар шығармашылық ортаны жандандырып, жергілікті қаламгерлердің жаңа туындыларын оқырманға жолдады. Қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар қазақ әдебиетінің дамуына серпін беріп, рухани мұраны дәріптеуге зор үлес қосады.
Көппен көрген — ұлы той
Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдығы, Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығы және Қалмұқан Исабаев пен Қуат Әбусейітовтің 100 жылдығына арналған екікүндік шаралар Баянауыл ауданының Мойылды шатқалында түйінделді. Шаралар барысында этноауыл құрылып, онда 120-дан аса ақшаңқан киіз үй құрылды. Сондай-ақ, ұлттық спорттық жарыстар, мерекелік алаңдар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Аталған шараларға мерейтой иелерінің туыстары мен ұрпақтары, облыс тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Шараға қатысқан облыс әкімі Асайын Байханов алдымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқыды. Құттықтау хатта Мәулен Сағатханұлы Баянауылдан шыққан Жаяу Мұса, Қадыр Тайшықов, Қалмұқан Исабаев, Қуат Әбусейітов сынды ұлы есімдерді ерекше атап өтті.
— Қастерлі Баянауылдан ұлы тұлғалар шықты. Бұл ретте, ақын, сазгер Жаяу Мұса Байжанұлының, жазушы Қадыр Тайшықовтың, қаламгер журналист Қалмұқан Исабаевтың және белгілі кинорежиссер Қуат Әбусейітовтің есімдерін ерекше атап өтуге болады. Баршаңызды осы айтулы мерейтойлармен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы тұлғалардың есімдері ұлықтала берсін! – деп жазылған құттықтау хатта.
Аймақ басшысы да ұлы тұлғалардың мерейтойын атап өтудің маңыздылығын тілге тиек етті. Айтуынша, тарихи тұлғалардың өмір жолы мен өнегесі жас ұрпаққа үлгі болып, отансүйгіштікке, бірлік пен ынтымаққа тәрбиелейді.
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау — біздің асыл мұрамыз» деген өрелі сөзі бар. Баршаңызды ұлт рухының тұлғасы, әнші әрі сазгер Жаяу Мұсаның 190, жазушы, сатирик Қадыр Тайшықовтың 125, белгілі кинорежиссер Қуат Әбусейітов пен Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Қанша уақыт өтсе де бабаларымыздың үні өшкен жоқ. Олардың үні баршамыздың жүрегімізде сақталады. Мерейтой құтты болсын! – деді Асайын Қуандықұлы.
Мерекелік бағдарлама ұлттық мәдениеттің барлық құндылығын біріктірді. Облыстың музейлері мен кітапханалары ұйымдастырған көшпелі көрмелер жұрт назарын аударды. Әсіресе, Қалмұқан Исабайдың сонау Германия жерінде соғыстан кейін комендант болып жүргенде жергілікті халықтың ықыласымен сыйға тартылған бірегей жазу машинасы, қазіргі Сәтбаев атындағы канал құрылысын бастан-аяқ жаяу аралау кезінде ұстаған қол таяғын көпшілік ықыласпен көрді. Бұл жәдігерлер бүгінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақталып тұр. Жаяу Мұсадан қалған шапан, Қуат Әбусейітов пен Қадыр Тайшықовтан қалған шығармашылық мұра үлгілері де келушілерге өткен ғасырдан сыр шертті.
Айтыс өтті дүркіреп…
Негізгі шарадан соң «Қазақ айтысының үш дәуірі» республикалық айтысы ұйымдастырылды. Оған елімізге белгілі айтыскер ақындар — Балғынбек Имашев, Жансая Мусина, Жұмкен Сейітов, Серік Құсанбаев сынды азулы ақындар қатысты. Елдің түкпір-түкпірінен келген сегіз ақын төрт жұп болып сахна төрінде сөз додасын қыздырды. Алғашқы айтыста баянауылдық Жұмкен Сейітов шығысқазақстандық Серік Құсанбаевпен жыр сайыстырса, одан кейін Жамбыл өңірінен келген Алтынкүл Қасымбекова Алматы облысының белгілі айтыскері Балғынбек Имашевпен өнер көрсетті. Үшінші жұпта торғайлық ақын Айбек Қалиев пен түркістандық Бекарыс Шойбеков сахнаға шықса, соңғы айтыста Батыс Қазақ-станнан келген Жансая Мусина мен жергілікті ақын Аспанбек Шұғатаев Баянауыл ауданының намысын қорғады. Барша сөз шеберіне ұйымдастырушылар атынан 1 млн теңгелік сертификат табысталды.
Белгілі айтыскер Балғынбек Имашев Баянауылға алғаш рет келгенін айтып, алған әсерімен бөлісті.
– Айтыс сахнасында жүргеніме отыз жылдан асты. Алайда Баянауыл өңіріне алғаш рет табан тіредім. Бұл өлкенің табиғаты да, тұрғындарының ықыласы да ерекше екен. Қазақтың салт-дәстүрін осылай таза сақтап отырған жерге келу арманым еді. Енді алдағы уақытта отбасыммен бірге арнайы келуді жоспарлап отырмын, – деді ол.
Кейін елімізге белгілі эстрада жұлдызы «МузАрт» тобы мен өңірдің әр ауданының өнерпаздары өнер көрсетті. Одан бөлек, қазақ күресі, бәйге және көкпар ойындарынан сайыстар өтті. Жеңімпаз атанған қатысушыларға автокөлік кілті табысталса, жүлдегерлер ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Кіл мықтыда кім мықты?
Қазақ күресінен өткен жарысқа еліміздің алты өңірінен (Астана, Ақмола, Қостанай, Тараз, Қарағанды және Павлодар) балуандар қатысты. Бас төреші Өміртай Шәріпжановтың айтуынша, бәсеке екі салмақ бойынша өтті. Мәселен, 90 келіге дейінгі салмақта 16 балуан белдесті. Бірінші орынға — мотоцикл, екінші орынға – 300 мың теңге, үшінші орынға 200 мың теңге тігілді. Бірінші орынды астаналық Мереке Қуаныш иеленді. 90 келіден жоғары салмақта 12 түйе балуан бақ сынады. Бас жүлде — 1 миллион теңге, екінші орынға -500 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге берілді. Баянауылдық Мұхтар Дәлелхан бірінші орынды қанжығасына байлады. Көкпар додасы да ерекше тартысты өтті. Қатысқан командалар арасында мықтылар анықталды. Нәтижесінде бірінші орын иеленген «Құлатай» командасына үш миллион теңге бұйырды.
Тойдың шырайын келтірген бәйге аламан, топ бәйге және жабық бәйге түрлерінде өтті. Бас төреші Ғалымжан Сейдімхановтың айтуынша, аламанға 23 ат (25 шақырым), топ бәйгеге 29 ат (15 шақырым), ал жабық бәйгеге 28 ат қатысқан. Жабық бәйгеде Сейітжан Кәрімов, топ бәйгеде алматылық Сапарғали Сәтбаев, ал аламан бәйгеде Абай облысынан келген Кенжебаевтар әулеті топ жарды.
Жүлде қоры да ауқымды болды. Мысалы, аламан бәйгеде бірінші орын иегеріне автокөлік табысталды. Екінші орын — екі млн теңге, үшінші орын — бір млн теңге, төртінші орын — 700 мың теңге, бесінші орын жүлдесі 300 мың теңгені құрады. Осындай көлемдегі қаржылай жүлделер топ бәйге мен жабық бәйгенің жеңімпаздарына да үлестірілді.
Жарыстарға жиналған жұртшылық үшін ұлттық спорт ойындары мерекенің сәнін кіргізді. Жаяу Мұсадай ұлы тұлғаның 190 жылдық мерейтойына арналған дүбірлі додалар спортсүйер қауымға ерекше әсер қалдырды.
Гүлбаршын ДҮРМАНОВА, Жаяу Мұсаның жиеншары:
— Менің әжем Анна – Жаяу Мұсаның туған қызы. Көзі тірісінде үлкен атамыз туралы естеліктерін айтып отыратын. Үлкен атамның шығармашылығы тек өткенге емес, бүгінгі күнге де маңызды. Мұндай мерейтойлар бізге ұлы тұлғаларымыздың еңбегін еске түсіруге, олардың идеяларын жалғастыруға мүмкіндік береді. Мен үшін бұл күн – отбасы мен ұрпақ үшін мақтаныш, сонымен қатар, тарихымызға тағзым жасау уақыты. Осылай атамыздың есімін ұлықтап, осындай ауқымды шараны ұйымдастырушыларға әулетіміздің атынан ризашылығымды білдіремін.
Баян ҚАЛМҰҚАНҚЫЗЫ, Қалмұқан Исабаевтың қызы:
— Әкем өмір бойы халқына қызмет етті. Оның адалдығы, әділдігі, еңбекқорлығы және әрбір істі жауапкершілікпен орындауы менің өмірімде әрдайым бағдаршы болды. Әкемнің өмірі мен еңбегі әрқашан менің жүрегімде сақталады. Мерейтой аясында өткен конференция мен музейдегі экспозициялар ерекше әсер қалдырды. Сол заттарды көргенде әкемнің өмірін, шығармашылығын, оның идеяларын тереңірек сезіндім. Осылай әкемді еске алып, мерейтойын атап өткен ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Мұндай іс-шаралар тек өткенді еске алып қоймай, болашаққа үлгі болып, жастарға патриоттық сезім, еңбекқорлық және адамгершілік құндылықтарын сіңіруге мүмкіндік береді.
Айдана БОРАНБАЕВА. Мойылды шатқалы, Баянауыл ауданы.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.