Тағзым тақтасы қойылды

Там 21, 2025

Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның қабырғасында қазақ кино аудару өнерінің негізін қалаушылардың бірі Қуат Әбусейітовке арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға мәдениет майталманының қызы Меруерт Қуатқызы, кинорежиссердің туыстары мен әріптестері, облысымыздың зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова Қуат Әбусейітовтің облыс, ел мәдениетіне қосқан үлесі зор екенін атап өтті.

— Қуат Әбусейітов – өңірдің мәдени мұрасын сақтап, дамытуда ерекше рөл атқарған тұлға. Оның кино өнеріндегі аудармашылық еңбегі ұлттық мәдениетіміздің кеңеюіне зор әсер етті. Әсіресе, 500-ден астам фильмді қазақ тіліне аударуы – киноматографиядағы тілдік қолжетімділікті қамтамасыз етудегі елеулі қадам. Бұл – дарын мен жауапкершілікті үйлестіре білген мәдениет қайраткерінің айрықша белесті еңбегі. Осындай тұлғалар облыстың рухани дамуында үлгі болып қала береді, — деді Айгүл Қайыртасқызы.

Ал мәдениет майталманының қызы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Әбусейітова әкесінің өмірлік ұстанымдары мен отбасылық дәстүрлері жайлы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.

— Әкеміз бізге туған жерді сүюді, оны ардақтауды үйретті. Біз бала күнімізден жыл сайын Баянауылға барып, Мәшһүр Жүсіп атамыздың басына зиярат етуді дәстүрге айналдырдық. Ол кісі жан-жақты өнерпаз еді. Домбыра, скрипка, аккордеон, пианино секілді бірнеше аспапта шебер ойнады. Музыка мен өнерге деген сүйіспеншілігін бізге де дарытты. Әкемнің бойындағы табандылық, ізденіс пен адалдық – біз үшін мәңгілік үлгі, – деді қызы.

Қуат Әбусейітов шығармашылық жолында 20-ға жуық көркем фильм түсіріп, 500-ден астам картинаны қазақ тіліне дубляждады. Жары Майра Байжұманқызымен бірге мыңға жуық фильмнің дыбысталуына еңбек сіңірді. Ол тек дубляж режиссері емес, түрлі жанрда жұмыс істеген әмбебап өнер иесі болды. Жүректен шыққан еңбектері арқылы қазақ көрерменін әлемдік кино жауһарларымен ана тілінде қауыштырды. Режиссердің шығармашылық қоржынында қазақтың ұлы тұлғаларына арналған ондаған туынды бар. Оның ішінде академик Қаныш Сәтбаев, драматург Жүсіпбек Аймауытов, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы түсірілген фильмдер ұлт тарихында ерекше орын алады.

Мектеп қабырғасынан орын алған бұл мемориалдық тақта енді жас буынға туған жердің аяулы перзенттерін құрметтеудің және олардың жолын жалғастырудың маңызын еске салып тұрары анық. Айта кетейік, Қуат Әбусейітов осы білім ордасының түлегі болған.

Айдана БОРАНБАЕВА,

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.