Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қасбетін қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Алайда соңғы айда жөндеу тоқтап қалған. Оған қажетті құрылғылардың жеткізілмеуі себеп болып отыр.
Естеріңізде болса, тарихи орынның кірпіштері үгітіліп, түсе бастаған болатын. Ал аталған ғимарат республикалық маңызы бар тарих және мәдени ескерткіштердің қатарында болғандықтан, ҚР Мәдениет министрлігінің рұқсатынсыз бүгінге дейін бұл жерде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
Аталмыш мәселе биыл шешімін тауып, музей басшылығы «ERG Көмек» корпоративтік қорымен және «Қазреставрация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен үшжақты шарт жасасты. Нәтижесінде, осы жылдың жаз айында мекеменің сыртында қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Дегенмен жеткізілмеген құрылғылардың себе-бінен жұмыс тоқтап тұр.
— Біздің алдымызда тарихи мекеменің мәдени әрі тарихи қалпын сақтай отырып, бастапқы келбетін қалпына келтіру міндеті тұр. Осы орайда тарихи мекеменің қасбеті мен шатырын жөндеп, қабырғалар мен іргетастың жерасты учаскелерін гидрооқшаулау көзделген. Бірақ қажетті құрылғылар дұрыс жұмыс істемегендіктен, бұзылу жиі орын алады. Ал құрылғылар әлі ауыстырылған жоқ. Дегенмен жұмыстар осы айдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлап отырмыз, — дейді «Қазреставрация» РМК бас директорының орынбасары Нұрболат Мұратбеков.
Айта кетейік, ғимараттың қасбеті соңғы рет 2016 жылы жөнделген. Бұл ғимаратты 1899 жылы бірінші гильдияның саудагері, Павлодардың Құрметті азаматы Артемий Деров өзінің сауда қатарлары үшін салған.
А.БОРАНБАЕВА.