«Арқада салған ән қандай!»

Там 21, 2025

Облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында қазақтың ән өнерінің алыбы, әнші-сазгер, әйгілі жерлесіміз Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдық мерейтойына орай «Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса» атты республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Дәстүрлі ән додасына еліміздің Алматы мен Астана қалаларынан және Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Абай облысынан 12 қатысушы бақ сынады.

Байқаудың салтанатты ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Кейін айтыс өнеріне елеулі үлес қосқан айтыскер ақын, жыршы, журналист Серік Құсанбаевқа «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісін табыстады.

— Бұл байқау — ұлт руханиятында асыл мұраға тағзым, мәңгілік әуенге деген адалдықтың белгісі. Күміс көмей, жез таңдай өнерпаздар бақ сынайтын ән додасы — сазгердің өнерінің өшпейтінінің белгісі. Сондай-ақ, жас өнерпаздарға өз талантын көрсетуге, шеберлігін шыңдауға тамаша мүмкіндік. Мұндай іс-шаралар халықтың рухани жаңғыруына, қазақ мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне мол серпін береді деп есептеймін, — деді С.Батырғожинов.

Байқауға Ақмола облысының атынан қатысқан Өзгеріс Шерікбай дәстүрлі және ән өнеріндегі жолын бастауыш сыныпта оқып жүргенде бастаған. Қазіргі уақытта Астана қаласындағы Е.Рахмадиев атындағы филармонияда әнші болып еңбек етеді.

— Жаяу Мұсаның әндері менің табиғатыма, оң жамбасыма жақын келеді. Теріс бұрауда айтқан өзіме ұнайды. Сондықтан осы ән жарысына қатысуға бел будым. Жалпы, бұл байқау арқылы біз ұлттық музыкалық мұрамызды дәріптеп, ұлы тұлғаның шығармашылығын кеңінен таныта аламыз. Сондай-ақ, жас өнерпаздармен кездесу, тәжірибе алмасу мен үшін зор мүмкіндік болды. Мұндай шаралар шығармашылығымызды жетілдіруге, өз өнерімізді көрсетуге және әнсүйер қауымға дәстүрімізді сақтаудың қаншалықты маңызды екенін танытуға көмектеседі, — дейді ол.

Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде мен 1 млн теңгелік сертификат Астана қаласынан келген Айдос Саниязбекұлына бұйырды. Облыс намысын қорғаған Дәуренбек Слямғали бірінші орын мен 700 мың теңгелік сыйақыға, ақмолалық Өзгеріс Шерікбай екінші орын мен 500 мың теңгелік сыйақыға ие болды. Үшінші орын мен 350 мың теңгелік сертификатты павлодарлық Жалын Құнанбай иеленді. Ал арнайы екі жүлде астаналық Фархад Жәкіш пен Ақмола облысынан келген Өмірзақ Шешханұлына табысталды.

Одан бөлек, орталықтың фойесінде Жаяу Мұса Байжан-ұлының 190 жылдығы, журналист, сатирик Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығы, жазушы Қалмұқан Исабаевтың және кинорежиссер, композитор Қуат Әбусейітовтің 100 жылдығына орай облыстық қылқалам шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.