Мемлекеттік тілдің өрісі кеңейген сайын елдің еңсесі биіктеп, бірлігі нығая түседі. Сондықтан облысымызда тіл саясатына айрықша мән беріліп, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына және 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалық құжаттарға сүйене отырып жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыс тұрғындардың күнделікті өміріне дендеп еніп, мәдениет пен білім, мемлекеттік қызмет пен ақпарат саласында жүйелі жалғасын тауып келеді.
Айдана БОРАНБАЕВА
Мәселен, осы жылдың 16 қаңтарында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Ана тілі» орталығында барлық санаттағы азаматқа арналған тегін қазақ тілі курстарының бірінші маусымы бастау алды. Бүгінгі күні төртінші маусымы өтіп жатыр. Аталған тегін курстармен 360 тыңдаушы қамтылды. Оған қоса, осы жылдың 23 қаңтарында бастау алған «Қазақ тілі» онлайн курсы арқылы 150 адам оқытылды. Сондай-ақ, 27 наурызда мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған тіл, мәдениет және туризм кластері бойынша «Тіл керуені – 2025» жобасы басталды. Аталған жобаға Павлодар қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің өкілдері мен №5512 әскери бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ономастика бөлімінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, жалпы тұжырымдама шеңберінде осы жылдың 8 айында қазақ тіліне 1037 адам (553 – қазақ, 484 – өзге ұлт өкілі) тегін оқытылған. Оған қоса, өңірімізде мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданыс аясын кеңейту жолында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы және облыстық кәсіпкерлер палатасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Келісім аясында жергілікті кәсіпкерлерге ақпараттық-кеңестік қолдау көрсетіліп, семинарлар, тренингтер мен байқаулар өтетін болады.
— 23 сәуірде қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды анықтау мақсатында облыстық «Тіл шебері» конкурсы өтті. Үміткерлердің білімдері мен өнерлерін жергілікті жоғары оқу орындарының ғалымдары бағалап, қатысушылардың тілдерді меңгеру деңгейіне, үш тілдегі орфоэпиялық нормалардың дұрыс дыбысталуына, жауаптардың нақтылығы мен дұрыстығына, үш тілде таза сөйлеуіне, сауатты жазу шеберлігіне мән беріп, шешімдерін шығарды. 23 мамырда С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада аталмыш басқарманың ұйымдастыруымен Түркі тілдес халықтарының жазбалары күніне орай «Түркі жазбаларындағы әдеби – тілдік мұра және қазіргі кеңістік» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция барысында түркі тілдес халықтарының мәдени мұрасы, жазба мәдениетінің тарихы, тіл және әдебиет тақырыптары кең талқыланды. Бұған қоса, 11 маусымда Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «Көрнекі ақпарат сауаттылығы – баршаға ортақ іс» тақырыбындағы семинар өтті. Семинар барысында көрнекі ақпарат пен жарнама өнімдерінің жай-күйі, көрнекі ақпарат бойынша бірқатар заңнамалық актіге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы мәселелер қамтылды. Қатысушылар аталған мәселелер бойынша сауалдар қойып, проблемаларды шешу жолдары туралы өз ойларын, тәжірибелерін ортаға салды. Сондай-ақ, маңдайшалардың, тауар белгілерінің, қоғамдық көліктердегі жарнама өнімдерінің дұрыс ресімделуі бойынша кеңестер алды. Семинар барысында облыстағы көрнекі ақпараттың жай-күйі, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының орындалуы туралы баяндамалар тыңдалды, — делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде 4 шілдеде аталған баасқарманың ұйымдастыруымен этнос жастары арасында облыстық «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты конкурсы өтті. Аталған конкурс мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос жастарын анықтау және оларды қолдау, ынталандыру, сондай-ақ жастар арасында тіл мәдениетінің деңгейін, қолданылуын арттыру мен жастардың мәдени, рухани дамуына үлес қосу мақсатында өтті.
Одан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми әлеуметтік желілерде тіл саясаты бойынша ақпараттандыру жұмыстары да жүргізілуде. Облыстық «Халық радиосында» мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған «Сөз жорға» атты 12 танымдық ойын-сауық радио-бағдарлама жарық көрді. Сонымен қатар You Tube, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде «Тіл альянсы» арнасы ашылып, тіл саясатына байланысты және Тіл заңнамасының талаптарын түсіндіру бағытындағы бейнероликтер жариялануда. Қазіргі таңда «Тіл альянсы» You Tube арнаcында 214 бейнеролик жарияланған. Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.