Отбасы – шағын мемлекет демекші, бүгінде отбасы құндылықтарына баса мән берілуде. Бүгінде берік отбасын құруда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан әрбір шаңырақтың нығаюына ерекше назар аударып, жас ұрпаққа үлгі еткен жөн. Осы орайда өңіріміздегі үлгілі отбасылардың бірі, өткен жылы «Жас отбасы» сайысында жүлделі орынға ие болған Оразбек Бақытхан берекелі шаңырақ құрудың маңызы жайлы айтып берді.
Кез келген отбасы баланы дүниеге әкелумен қатар тәрбиелеушілік міндетін дұрыс атқару, әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын жеткізу, ата-баба өсиетін жас буынға үйрету сынды маңызды міндеттерін орындау керек.
Ауылда өсіп, ата-әженің тәрбиесін көрген Оразбек Бақытхан бүгінде өмірлік жарымен төрт баланы тәрбиелеуде. Үлкендердің қолында еркелеп өскен ол туған- туыстардың ыстық ықыласын көріп, қонақ күту, құрмет көрсету, үлкенді сыйлау қазақи құндылықтарды бойына сіңірген.
– «Отан отбасынан басталады» демекші, қазір өзім де бір отбасын қалыптастырып келе жатырмын. Осы отбасымның әр мүшесі қоғамға пайдасын тигізсе, демек, өмірдегі ең басты міндеттерімнің бірінің орындалғаны. Бүгінгі өзекті мәселердің қатарында отбасын сақтап қалу жиі кездеседі. Менің ойымша, ежелден келе жатқан қазақы болмысымызды, қалпы-
мызды бұрмаламай, ешкімге еліктемей, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған жөн. Әр отбасы
мықты болса, мемлекет те мықты болады. Сондықтан отбасы инсти-тутын қолдау, нығайту ұлттық мүдде тұрғысынан маңызды. Тағы бір айта кетерлігі, үйдің берекесі отбасының әр мүшесіне байланысты. Ондағы бір адамның көңіл-күйі дұрыс болмаса, барлығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан әйел мен еркек деп бөліп қарастыруға болмайды. Атам заманнан отба-сының ұйытқысы – ана. Қазаның қайнап, дастарханың жайнап тұрса, барлығы сол дастархан басына үйіріледі. Дастархан — отбасылық берекенің бастауы. Ер азамат – отбасын қамтамасыз етуші, асыраушы, – деп Оразбек Бақытхан ойымен бөлісті.
Үлгілі әке, Павлодар қаласындағы М. Әлімбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Оразбек Бақытхан қазіргі уақытта ер мен әйел адам бір сатыда табыс табуға ұмтылатынын айтты.
– Бүгінде табыс табуға баланың ата-анасы қатар атсалысады. Сол себепті үйдегі бала тәрбиесі назардан тыс қалып қояды. Кейін баламыздың тілі дұрыс шықпай жатса, мінез-құлқында өзгеріс болып жатса, балабақшаны, мектепті кінәлап жатамыз. Бала тәрбиесіне ең бірінші кезекте ата-ана ретінде жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек. Баланы 7 жасқа дейін дұрыс бағыттасақ әрі қарай бала өзі алып кетеді. Мен үшін үлгілі отбасылар көп. Өз басым 15 жыл той басқарып келемін. Небір үлгілі отбасылардың тойларына куә болдым. Күміс той, алтын тойға жеткен үлкен отбасылардың берекесін көрдім, тәнті болдым. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі – дейді дана халқымыз. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі ерекше маңызға ие. Көп жағдайда біз осыны ескермей жатамыз. Біз балаға сөзбен айтып тәрбие бергеннен көрі әрбір іс-әреке-тімізбен үлгі көрсететінімізді назардан шығармауымыз керек. Одан бөлек, әр адамға маңызды қолдаулардың бірі – отбасының қолдауы. Сенің жігерің мұқалып тұрса, жігеріңді жанып, сені қанаттандыратын – отбасың, бір туғаның. Өкініштісі, қазір жастардың көбі қолдауды сырттан іздейді. Психолог, әлеуметтік желіде танымалдыққа ие коучтар жүргізетін блогерлердің пікірін көбірек маңызды санайды. Меніңше, бұл – дұрыс емес. Сенің жан дүниеңді бір туғаныңнан артық түсінетін ешкім жоқ сияқты, – дейді ол.
Айта кетейік, көпбалалы отбасы, Бақытхан әулеті өткен жылы «Отбасы күніне» орай ұйымдастырылған Жастар бастамаларын дамыту орталығында жас отбасылар сайысында жеңімпаз атанған. Бүгінде халқына қалаулы, елеулі үш ұл мен қызғалдақтай қызын тәрбиелеуде. Биыл ұлдардың үлкені мектеп табалдырығын аттап, ата-анасын қуанышқа бөлеуде.
Салтанат ҒАББАС.