Биыл қазақ ән өнерінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген дара тұлға, талантты әнші-композитор, халқымыздың ардақты перзенті Майра Шамсутдинованың туғанына 135 жыл толып отыр. Жуырда айтулы мерейтойға Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы әдебиет музейі біздің өңірге жылжымалы көрмемен келді.
Майра Уәлиқызы 1909-1910 жылдар аралығында қазіргі Талдықорған қаласына қарасты Қарағаш ауылындағы «Мамания» мектебінде ұстаздық еткен. Сол уақытта болашақ ақын, Алаштың жарық жұлдызы Ілияс Жансүгіровпен жүздесіп, оған ақ батасын бергені туралы дерек бар. Осы тарихи сәтті ұлықтау әрі екі өңір арасындағы рухани байланысты нығайту мақсатында І.Жансүгіров атындағы әдебиет музейі жергілікті зиялы қауым мен тұрғындар назарына ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сирек кездесетін жәдігерлерді, оның жеке заттары мен қолжазбаларын ұсынады.
Талдықорған қалалық Ілияс Жансүгіров атындағы әдебиет музейінің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаеваның айтуынша, кезінде Майра Шамсутдинова ұстаздық еткен «Мамания» мектебінде Ілияс Жансүгіров те тәлім алады. Ол кезде Майра Уәлиқызы музыка сабағынан дәріс берген. Кейін Майра туған еліне оралар алдында Ақсу жұртшылығына риза болып, қоштасу әнін жазып кетеді. Ал әнге жауап ретінде жас ақын Ілияс Жансүгіров «Майра апама» атты өлең жолдарын жолдайды. Осыдан-ақ Майра Уәлиқызы мен Ілияс Жансүгіров арасында рухани байланыс бар екендігін аңғаруға болады.
— Өткен жылы Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығы Жетісу облысында кең көлемде аталып өтілді. Осыған орай осы Павлодар қаласындағы «Майра» музейі біздің өңірге жылжымалы көрмемен келіп, Майраның өмірі мен шығармашылығынан толымды мағлұмат берген болатын. Енді биыл Майра Шамсутдинованың 135 жылдығына орай біз де келдік.
Жалпы, жылжымалы көрмеде Ілияс ақынның 20-ға тарта жәдігері қойылды. Оның ішінде қаламгердің жейдесі, плащы, қолжазбалары, баспа ісінде пайдаланған жазу мәшинесі, тұтқындалған кезінде тәркіленіп алынған төлқұжаты, ату жазасы алдында түсірілген соңғы суретінің түпнұсқасы бар. Сондай-ақ, біздің өңірдегі ілиястанушылардың еңбектері де ұсынылады, — дейді музейдің меңгерушісі.
Айта кетейік, ақын Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығар-машылығына арналған көрме
2 күнге созылады.
Айдана БОРАНБАЕВА.