Қоғамның берекесі мен ырысы – тату отбасы. Осындай ұлы құндылықты дәріптеп, өнегелі әулеттердің мерейін асқақтатуды мақсат еткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы биыл да облыста жоғары деңгейде өтті.
Жыл сайын дәстүрге айналған игі шараға қатысқан отбасылар өздерінің еңбектегі жетістігімен, өнерге, білімге құштарлығымен және ұрпақтар сабақтастығын сақтаған татулығымен көпке үлгі болды. Әсіресе, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан әулеттерге аса мән берілді. Аталмыш байқаудың облыстық кезеңіне көпке үлгі-өнеге болып жүрген, береке-бірлігі жарасқан, отбасы құндылықтарын дәріптеп келе жатқан 26 отбасыдан өтінім түскен. Олар тек өз балаларына өнегелі тәрбие беріп қана қоймай, түрлі салада табысты еңбек етіп, өнер мен білімді қатар ұштастырып жүрген отбасылар. Іріктеу нәтижесінде облыстың 3 қаласы мен 10 ауданынан 13 отбасы байқаудың лауреаты атанды.
Байқаудың марапаттау рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова лауреат атанған жанұяларды құттықтап, отбасы құндылықтарын дәріптеудің қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауындағы «Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды» деген сөзін тілге тиек етіп, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының өскелең ұрпақты тәрбиелеуде және отбасылық құндылықтарды нығайтуда маңызы ерекше екендігіне тоқталды.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда атап өткендей, отбасы институтын нығайту – әлеуметтік тұрақтылық пен дамудың басты кепілі. Бүгінгі отбасылар – осы идеяны іс жүзінде көрсете білген үлгілі шаңырақтардың бірі. Мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуіне баға жетпес үлес қосып, мықты отбасы құрып, үлгілі ұрпақ тәрбиелегендеріңіз үшін сіздерге алғыс білдіремін! – деді А.Мәлікова.
Байқау нәтижесі бойынша 1-орынды екібастұздық Тұрсын-баевтар отбасы, 2-орынды павлодарлық Кәрібаевтар жанұясы, ал 3-орынды Ертіс ауданынан келген Беспаевтар әулеті еншіледі. Барлық отбасы Алғыс хаттармен және арнайы сыйлық сертификаттарымен марапатталды. Сейфолла және Айгүл Тұрсын-баевтардың отау құрғандарына 40 жыл толған. Осы уақыт ішінде олар бір-біріне тірек болып, берік отбасын құрып, ұрпақ тәрбиелеп, елге сыйлы, үлгілі әулетке айналды.
– Екі ұл және екі қыз тәрбиеледік. Олардың барлығы біздің жолды қуып, «Богатырь Көмір» мекемесінде жұмыс істеуде. Үлкен ұлым Фарид менің жолымды қуып, тартқыш агрегаттың көмекші машинисі болып жұмыс істейді. Екінші ұлым Руслан – кәсіпкер, еңбек жолын локомотивтерді жөндеу және тексеру темір ұстасы болып бастап, қазір тартқыш агрегаттың көмекшісі ретінде қызмет етуде, – деді Сейфолла Тұрсынбаев.
Сейфолла Тұрсынбаев – теміржол саласында еңбек еткен ардагер, «Богатырь Көмір» ЖШС компаниясында 47 жыл бойы үздіксіз қызмет атқарып келеді. Ол еңбек жолын «Октябрьская» темір жол депосында бастады. Уақыт өте келе депо бастығы, бас технолог сынды жауапты лауазымдарды атқарып, кәсіби біліктілігімен ұжымының алғысына бөленді.
– Жұбайым ұйымдағы зейнеткерлерге арналған қоғамдық қоры басшысының орынбасары болып жұмыс істейді. Үлкен қызым ұйымда кадр қызметшісі, кішкентайым енді ғана университет аяқтады, – деп толықтырды отағасы.
Сейфолланың жары Айгүл Тұрсынбаеваның сөзінше, үлгілі отбасы болу үшін өзара сыйластық қарым-қатынасты орнату керек.
– Жанұямызда кішіге — ізет, үлкенге — құрмет қағидасы бар. Сонымен қатар, «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұранды басшылық етеміз. Егер де отбасының бір мүшесі бір жаққа, екіншісі өзге жаққа тартса, онда жанұя шайқалады, – деді Айгүл Тұрсынбаева.
Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде облысымыздың намысын Тұрсынбаевтар әулеті қорғайтын болады.
Айдана БОРАНБАЕВА,
Суретті түсірген — автор.