Шағын аудандағы шаттық мекені

Қыр 18, 2025

Осы оқу жылы облыс орталығындағы Достық шағын ауданының балғындары үшін жағымды жаңалықпен басталды. Яғни, көптен күткен №58 балабақша пайдалануға берілді. Жаңадан салынған мектепке дейінгі мекеменің ашылу салтанатына Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков қатысып, бүлдіршіндер қуанышына ортақтасты. Бүгінде бұл балабақша жемісті жұмыс істеуде. Бастысы, бүлдіршіндер де, ата-аналар да дән риза.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің айтуынша, аталмыш мектепалды мекемеде балаларға сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасалған.

— Облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен Достық шағын ауданында ашылған жаңа балабақша бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап, ата-аналарға үлкен демеу болды деген үміттемін. Жалпы, бұл аудан қарқынды дамып келеді. Әлеуметтік нысандардың ашылуы тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруға жол ашады, — дейді шаһар басшысы.

Жаңа балабақша 79 орынға лайықталып салынған. Павлодар қалалық білім беру бөлімінің ақпараты бойынша қазіргі таңда мекемеге 79 бүлдіршін тұрақты түрде барып жүр.

Қуантарлығы, мектепалды мекеме мемлекеттік тілде ғана білім береді. Сондай-ақ, заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тәрбиеленушілер үшін логопед, психолог, медицина қызметкерінің кабинеттері ашылған. Мұнда балалардың денсаулығы, жалпы жағдайы тұрақты бақыланып, сөйлеу тілінде кемістік бар балғындармен жұмыс жүргізілуде. Ал музыка және спорт залдарында тәрбиеленушілерді шынықтыру, өнерге баулу үшін арнайы мамандар қызмет көрсетуде.

— Балабақшада балаларға жайлы жағдай жасалған. Олай дейтінім, топтардың бөлмелері кең. Яғни, мұндағы тәрбиеленушілердің емін-еркін ойнап-күліп, арасында сабақ оқып, жан-жақты болып дамуына мүмкіндік мол. Арнайы ойын алаңдары мен шығармашылық орталықтар да бар. Қауіпсіздік мәселесіне де баса мән берілген. Мекеме бейнебақылау жүйесімен толық қамтамасыз етілген. Ерекше айта кетерлігі, біз балаларға мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие, сапалы білім беруге күш саламыз. Жалпы, жоспар көп. Алдағы уақытта қосымша үйірмелер ашып, балалардың спортқа, өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатымыз бар, — дейді №58 балабақшаның директоры Еркегүл Шайманова.

Айта кетерлігі, балабақшаның ауласы да толықтай абаттандырылып, заманауи ойын алаңдары мен спорттық жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы да ескерілген. Олар үшін кіреберісте арнайы электронды көтергіш іске қосылған.

Мектепке дейінгі мекемені мамандармен қамту мәселесі де оң шешімін тапқанын атап өткен жөн.

– Мамандар жеткілікті. Қазір балабақшада 26 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 14 педагог бар. Тәрбиешілердің барлығы тәжірибелі. Әр топқа тәрбиеші мен көмекші бекітілген, — делінген Павлодар қалалық білім беру бөлімі ұсынған ақпаратта. Ал мекеме директорының айтуынша, балабақшада білікті педагогтар еңбек етуде.

– Олардың қатарында модераторлар мен сарапшылар бар. Әрқайсысы балалардың жан-жақты дамуына ықпал етуге дайын. Ең басты мақсатымыз – балабақшаны әрбір бала үшін мейірімге толы екінші үйге айналдыру. Біз әр балғынның бойындағы дара қасиетін ашуға, шығармашылық қабілетін шыңдауға және ұлттық құндылықтарды сіңіруге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Сонымен қатар, ата-аналармен ашық қарым-қатынас орнатып, серіктестік негізінде бірлесе жұмыс істеуді көздейміз, — дейді балабақша директоры.

Жаңадан бой көтеріп жатқан Достық шағын ауданында заманауи балабақшаның есігін айқара ашуы ата-аналарды да қуантуда.

– Мен Достық шағын ауданында тұрамын. Жаңа балабақша құрылысының салынып жатқанын көріп, ашылуын асыға күтіп жүр едік. Міне, сол күнге де жеттік. Бұл мектепалды мекемеге егіз қыздарым баруда. Бұрын балаларды басқа бақшаға апаратынмын. Ол үйге алыстау болғандықтан, кейде қиналып қалатынбыз. Әсіресе, қыстың күндері қолайсыз еді. Ал қазір бұл мектепалды мекеме өз ауданымызда орналасқан. Өте ыңғайлы әрі уақыт үнемдейміз. Бастысы, мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалғанына ризамыз. Қыздарым да таңертең бақшаға баруға асығып, көңілді кетеді. Олардың осы әрекетіне қарап, өзіміз де мәз боламыз. Шағын аудан тұрғындарының атынан жергілікті әкімдікке алғыс айтамын. Достықта жаңа мектеп пен жаңа балабақша ашылып, күн сайын көз алдымызда көркейіп келе жатқаны қуантады, – дейді шағын ауданның тұрғыны Әйгерім Досанова.

Қалалық білім беру бөлімінің ақпаратынша, бұл балабақша әзірге Достықтағы  тұрғындардың аз бөлігін ғана қамтуда. Бүгінде осы аумақта халық саны өсіп жатқандықтан, тағы да қосымша балабақша салу жоспарлануда екен. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін табады, дейді бөлім мамандары.

Нұржайна ШОДЫР, Павлодар қаласы.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.