Салада не өзгереді?

Қыр 18, 2025

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында әлеуметтік салада оңтайлы шешімдер қабылдап, әлеуметтік масылдыққа жол бермеу керектігін қадап айтқан болатын. Қазіргі таңда Қазақстанда Президент тапсырмасын орындауға бағытталған жұмыстар қызу қолға алынуда. Нәтижесінде, алдағы уақытта әлеуметтік салаға бірқатар өзгерістер енгізіледі деп күтілуде.

Жәрдемақы қайта қаралады

Ел Президенті әлеуметтік төлемдерді бірізділендіру жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай елдегі көпбалалы отбасыларына жаппай төленетін жәрдемақылар қайтадан қаралады деп жоспарлануда. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, аталған мәселе Үкімет отырысында талқыланып, мақұлданбақ.

— Айталық, Астанада алты баласы бар көпбалалы отбасы 2,7 млн теңге алады, ал басқа өңірлерде 273 мың теңге. Бұл — тоқсан сайын төленетін сома. Қазір осы шара әлеуметтік әділеттілік қағидатын қамтамасыз ету үшін қайта қаралады. Тапсырманы енді ғана алдық. Қазір министрлік экономикалық блоксыз, жалғыз өзі шешім қабылдай алмайды. Ол Астана деңгейіне теңестіріле ме, әлде ең төменгі көрсеткішпен төлеп отырған өңірге сәйкестендіріле ме немесе орташа көрсеткіш алына ма, бұл жағы әлі анықталған жоқ, — деп атап өтті министр. Сондай-ақ, ол елдегі кейбір көпбалалы отбасылар қосымша мемлекеттік қолдаудан қағылатынын да мәлім етті.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында қазақстандық көпбалалы шаңырақтар мен наградталған аналарға қазынадан 253 млрд теңгеден астам жәрдемақы төленген.

Бірыңғай стандарт әзірленеді

Мемлекет басшысы әлеуметтік көмекке шынайы мұқтаж азаматтарды анықтап, қолдау шараларымен қамтамасыз ету үшін бірыңғай әлеуметтік стандарт әзірлеу керектігін тілге тиек еткен еді. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша бүгінде өңірлердегі көмекке мұқтаж азаматтарға көрсетілетін 117 түрлі әлеуметтік қолдау шарасының бар екені анықталған. Алайда олардың мазмұны әртүрлі және көмектер жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне байланысты беріледі, дейді мамандар. Сонымен қатар, бірыңғай стандарт әзірленгеннен кейін кейбір азаматтар әлеуметтік жеңілдіктерден қағылуы мүмкін. Яғни, қолдау нағыз көмекке мұқтаж жандарға көрсетіледі деп күтілуде. Дегенмен де, нақты қандай өзгеріс болатыны әзірге беймәлім.

— Шешім мемлекеттік органдар арасын-дағы кеңесуден кейін және қаржылық-экономикалық мүмкіндікті ескере отырып қабылданады, — дейді Светлана Жақыпова.

Балдық модель енгізіледі

Бұдан былай әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау үшін отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтайтын балдық модель енгізілмек. Қазіргі таңда еліміздің екі облысында бұл жүйе пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда. Аталған жаңа тәсіл республикалық бюджеттен әлеуметтік төлемдердің барлық түрлерін сақтай отырып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан мақсатты қосымша қолдау шараларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетілмек.

— Отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтаудың балдық моделі — жергілікті бюджеттер есебінен іске асырылатын қосымша. Ол әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау кезінде пайдаланылады, мысалы, мектептерде тамақтандыру, колледждер мен ЖОО студенттерін жатақханамен қамту, санаторлық-курорттық емдеу, тұрғын үй көмегін көрсету, — делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ақпаратта.

Ведомствоның мәліметінше, отбасының әл-ауқат деңгейі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерийлер бойынша анықталмақ. Қосымша қолдау шараларына өтініш білдірген барлық отбасы 6 санатқа бөлінеді. Мәселен, азық-түлік сатып алатын қаражаттың болмауы сынды аса қажеттілік жағдайынан бастап әл-ауқаты жоғары деңгейге дейін жіктеледі. Барлық шешім отбасының цифрлық картасы арқылы жиналған шынайы деректер негізінде автоматты түрде қабылданады.

Аударым анықтайды

Бүгінгі таңда елдегі 1 миллионнан астам азаматтың ең төменгі және одан да аз мөлшердегі жалақы алатыны анықталды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге деп бекітілген. Қазақстандық 790 мың жұмысшының дәл осындай еңбекақы алатыны белгілі болды. Ал 329 мың азаматтың ресми жалақысы бұдан да төмен көрінеді. Бұл қаншалықты заңды?

Министр Светлана Жақыпова жалақы нақты есептеу, міндетті аударым негізінде жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.

— Есептеу Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, Әлеуметтік сақтандыру қорына, Медициналық сақтандыру қорына аударылған міндетті зейнетақы жарна мен әлеуметтік аударымнан шығады, — деді ведомство басшысы. Демек, жұмысшылар аударымдары арқылы көп ақпарат анықтай алады. Сонымен қатар, министр тұрғындарды еңбектеніп, жоғары жалақы төленетін жұмысқа ауысуға шақырды. Ал денсаулығы жарамайтындарға мемлекет жәрдем беретінін де жеткізді.

— Егер адам жұмыс істей алмайтын жағдайда болса, ауырып қалса немесе бала күтімі бойынша демалыста болса, мемлекет әлеуметтік қолдау көрсетеді. Азаматтар жоғарыда аталған жағдайда болса, уәкілетті органдарға жүгінуі керек. Ол жерде қажетті құжатты қалай рәсімдеу керектігін түсіндіріп береді, — деген министр мұндай азаматтарға арнайы әлеуметтік жәрдемақы немесе әлеуметтік көмек те тағайындалуы мүмкін екенін алға тартты.

Нұржайна ШОДЫР.