Қамардың қоңыр домбырасы

Қыр 18, 2025

Қазақтың жаны мен болмысы, тарихы мен тағдыры домбыраның қос ішегінде тербеліп тұратыны белгілі. Осы қастерлі аспапты өмір бойы зерттеп, жасау өнерін жаңа деңгейге көтерген тұлғалардың бірі – белгілі қолөнер шебері, қазақтың тұңғыш органологы Қамар Қасымов. Ол өз ғұмырын тек ағаш оюға, домбыра құрастыруға ғана арнаған жоқ, ұлттық рухты келер ұрпаққа жеткізуге қызмет етті.

Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде осы шебердің қолынан шыққан ерекше жәдігер – домбыра сақтаулы тұр. Бұл аспаптың тағдыры да — өз алдына бір тарих. Музейдің өнер бөлімінің басшысы Сәуле Арынғазинаның айтуынша, Қамар Қасымов көзі тірісінде бұл домбыраны белгілі ақын әрі журналист Нұтфолла Шәкеновке арнап ойып, сыйға тартқан екен. Шебер мен ақын арасындағы бұл сый құрметтің ғана емес, өнер адамдарының арасындағы рухани сабақтастықтың көрінісі болған. Уақыт өте келе Нұтфолла Шәкенов өмірден өткен соң, оның жары асыл мұраны музей қорына табыстаған.

Қамар Қасымов – аспап жасаудың қыр-сырын терең меңгеріп қана қоймай, оның болашағына да жол ашқан жаңашыл тұлға. Ол жасаған ұлттық аспаптар талай өнер ұжымдарының, белгілі азаматтардың қолына тиіп, қазақтың күйі мен жырына қанат бітірді. Оның еңбегі арқылы домбыраның қадірі артып, ұлттық өнердің тамыры тереңдей түсті.

Ұлт қазынасына айналған осы мұраны көзіңізбен көріп, қолыңызбен ұстап, қоңыр үнін сезінгіңіз келсе, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне асығыңыз.

Айдана БОРАНБАЕВА.