«Өзім — би, өзім -қожа»

Қыр 25, 2025

Бүгінгі заманда әлемнің түкпір-түкпірінде феминизм деген ұғым қызу талқыланып жүр. Әрине, әйелдің білім алуы, еңбек етуі, саяси-қоғамдық істерге араласуы — өркениетті елдің белгісі. Бірақ соңғы жылдары бұл құбылыстың шектен шығып бара жатқаны жасырын емес.

Әлеуметтік желіде гендерлік теңдік тақырыбы өріп жүр. Әуелде әділет іздеген қозғалыс біртіндеп отбасы құндылықтарына қарсы бағыт алып бара жатқандай. Қасиетті ошақтың берекесін сақтаудың орнына, әйел мен ерді бір-біріне қарсы қойып, отбасылық институтты әлсіретіп жатқандаймыз.

Қазір әйелдер үшін бала бағу да ауыртпалық саналатын болды. Үй тірлігіне тек әйел ғана араласпауы тиіс деген ұстаным жиілеп келеді. Тіпті бала туу — ананың міндеті емес деген түсінікті қалыптастырып жүргендер бар. Бұл — феминизмнің шектен асқандығының айқын белгісі. Осындай көзқарас отбасының маңызын төмендетіп, ұрпақ жалғастығын екінші кезекке ысырып отыр.

Қазақ қоғамы қай заманда да әйелін ардақтап, ерін құрметтеген. Ана — ұлттың ұйытқысы, әке — шаңырақтың тірегі. Екеуі бірін-бірі толықтырып, өмірдің мәнін сақтап келген. Ал қазір кейбір әйелдер «ерге тәуелді болмаймын», «баланы жалғыз өсіремін», «тұрмысқа шығу шарт емес» деген ұстанымды өмір салтына айналдыруда. Мұның түп-төркіні шетелдік идеология мен әлеуметтік желідегі жалған «еркіндік» түсінігінде жатыр.

Ақиқатында, ер мен әйел — бір-біріне қарсы тұрған жау емес. Керісінше, олар — бір-бірінің серігі, өмірдегі қос қанаты. Бір қанат қырқылса, құстың ұша алмайтыны секілді, қоғам да үйлесімін жоғалтады.

Феминизмнің қазіргі бағытынан отбасының берекесі бұзылып, ажырасу көбейіп, жалғызбасты аналардың саны артып барады. Мұндайда ұтылатын ең әуелі – балалар. Олар толыққанды тәрбиеден шет қалады, ал бұл болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей әсер етеді.

Сондықтан бізге қажеті – шектен шыққан феминизм емес, әділет пен сыйластыққа негізделген теңдік. Әйелдің орны – төрде, ананың орны – құрметте, әкенің орны – шаңырақтың иесі болуда. Қазақ қоғамы осы үйлесімін сақтай алса, ешбір идеологияға еліктемей-ақ өркениетті ел бола алады.

Әлемге «темір әйел», яки, «железная леди» деп танылған Маргарет Тетчердің өзі алып бір мемлекетті басқарып отырса да, бір сөзінде: «Мен үйде қарапайым әйелмін. Тіпті күйеуім үй қызметшісі дайындаған асты емес, менің қолымнан шыққан асты жейді. Сондықтан үйде әйел екенімді ешқашан ұмытқан емеспін» депті. Расында, ас бөлмені кеңсеге, баланы мансапқа, ер адамды езге, нәзіктігімізді қаталдыққа айналдырмасақ игі…

Дәулет АСҚАРОВ, Павлодар қаласы.