2026 жылдан бастап камералдық бақылау жүйесінің жұмысына өзгеріс енгізіледі. Егер салық төлеушілер мемлекеттік кірістер департаменті жолдаған хабарламаға 30 жұмыс күні ішінде жауап қайтармаса, есепшоты бұғатталады. Қазіргідей салықтық тексеру жүргізілмейді.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті камералды мониторинг басқармасының басшысы Ғалия Сембаеваның айтуынша, ағымдағы жылдың 9 айы ішінде салық төлеушілерге 13 мыңнан астам хабарлама жолданған. Бұл ретте 10 мың 500-ден астам салық төлеуші жалпы сомасы 500 млрд теңгеге салық заңнамасын бұзғаны анықталған.
— Департамент жеке және заңды тұлғаларға, коммерциялық ұйым өкілдеріне салық төлеу жөнінде хабарлама жібереді. Салық төлеушілер 30 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. Яғни, хабарламада жазылған талаппен келісіп, салық есебін ұсынуы тиіс. Келіспеген жағдайда дәлелді түсініктеме жолдай алады. Тіпті, мемлекеттік кірістер департаментіне шағым түсіріп, сотқа жүгінуге құқылы. Егер салық төлеуші тараптан ешбір жауап келмесе, департамент салық төлеушінің тіркелген жері бойынша тексеріс жүргізіп, касса арқылы жүргізілетін шығыс операцияларын тоқтатады.
Қазіргі уақытта Павлодар облысында 2 мыңға жуық салық төлеушінің есепшоты бұғатталған. Олар хабарламаға жауап бермей келеді. Сәйкесінше, бұғаттау шарасы арқылы қызметтері тоқтатылды, — дейді Ғалия Темірбекқызы.
Яғни, мал-мүлкін көрсетіп, салықшыларға есебін бермегендер еркін сауда жасай алмайды. Мемлекеттік кірістер департаменті декларация тапсырмаған адамдардың есепшоты бұғатталады.
Департамент басшысы алдағы жылы салық заңнамасын орындамағандарға жаза қатаңдалатынын еске салды. Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың интернет ресурстарына қолжетімділік шектеледі. Хабарламаға 30 жұмыс күні ішінде жауап келмесе, салықтық тексеру жүргізілмейді. Бірден салық төлеушінің есепшоты бұғатталады. Электрондық шот-фактураларды да беру тоқтатылады. Бұдан бөлек, салық кодексінің 156-бабы бойынша тексерулер жүргізе алады. Сондықтан департамент өкілдері салық төлеушілерден камералдық бақылау хабарламаларына уақытылы жауап беруді сұрайды. Есепшоты бұғатталған салық төлеушілер кері байланысқа шығып, заңнама талаптарын орындаған күннің ертеңінде қызметін қайта жалғастыра алады. Яғни, есепшоты бұғаттаудан шығарылады.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.