Ауыл медицинасы — басты назарда

Қыр 25, 2025

Елімізде дәрігердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыс өз жалғасын табады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.

 

Елімізде денсаулық сақтау жүйесін дамытуда жүйелі шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан  халқына Жолдауында медицина саласына ерекше көңіл бөліп, бірқатар міндет жүктеді. Аймағымызда тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде қандай іс атқарылуда? Ауылдағы ағайынға ем-шаралар қолжетімді ме? Осы орайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышевамен әңгіме өрбіткен болатынбыз.

— Айгүл Мақанқызы, Президент  Жолдауда  «Ауылда денсаулық сақтауды жаң-ғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейінтағы 115 нысан пайдалануға берілетінін атап өтті. Облысымызда аталған жоба қалай жүзеге асырылуда?

— Аймағымызда 2024 жылдан бастап «Ауылдағы денсаулық сақ-тауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде ауқымды іс атқарылып келеді. Бұл ретте аймақтағы шалғай елді мекендерде 30 медициналық нысан салу жоспарланды. Бүгінде 24 ауылда заманауи емдеу мекемесі жұмыс істеуде. Биыл тағы 6 медициналық нысан тұрғындардың игілі-гіне беріледі. Бұл бағыттағы жұмыс жыл соңына дейін аяқталады. Яғни, медициналық пункт, фельдшерлік-акушерлік пункт және дәрігерлік амбулаториялар салынады. Заманауи медициналық нысандар Тереңкөл ауданы Ивановка ауылында, Ертіс ауданы Ленин ауылында, Екібастұз қаласына қарасты Бәйет ауылында, Железин ауданы Мыңкөл ауылында, Ақсу қаласына қарасты Үштерек және Құркөл ауылдарында бой көтереді. Игі бастама ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көр-сету мақсатында қолға алынған болатын. Елді мекен жұртшылығы дәрігерге қаралу үшін аудан орталығы мен қалаға жолға шығып әуре болмайды. Емдеу мекемелері қажетті медициналық құрылғылармен толық жабдықталған.

— Ауыл халқының денсаулық жағдайына ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Жақында шалғай ауылдарды «Саламатты Қазақстан» пойызы аралаған болатын. Жылжымалы кешеннің көме-гіне көп адам жүгінді ме?

— «Саламатты Қазақтан» жылжымалы медицина кешенінің мамандары 25 тамыз — 4 қыркүйек аралығында өңірдегі шалғай ауылдардағы халықтың денсаулығын тексерді. Медициналық пойыз аймақтағы 7 станцияға тоқтады. Атап айтсам, Екібастұз қаласына қарасты Шідерті ауылында, Баянауыл ауданындағы Майқайың кентінде, Ақсу қаласына қарасты Спутник ауылында, Шарбақты ауданында, Май ауданындағы Көктөбе және Жұмыскер ауылдарында қызмет көрсетті. Республика деңгейінде білікті дәрігерлер тұрғындарды қабылдап, зертханалық сараптамалар жүргізді. Бригада құрамындағы дәрігерлер
15 бағыт бойынша жұмыс істеді. Бұл ретте жұртшылық терапевт, хирург, педиатр, невропатолог, офтальмолог, тіс дәрігері, кардиолог, гинеколог, психолог, отоларинголог, ультрадыбыстық маман, рентгенологтың көмегін ала алды. Сонымен қатар, ауылдағы жұртшылық ультрадыбыстық зерттеу, рентген, маммография, электрокардиография құрылғыларынан да өтті. Нәтижесінде медициналық пойыздың көме-гімен шалғай ауылдағы 2500-ден астам халық дәрігерге қаралды. Оның ішінде 1 мыңнан астам бала тексерілді. Науқастарға 10 шағын ота жүргізілгенін атап өткен жөн. Тіс жұлу бойынша 139 қызмет көрсетілді. Жылжымалы кешен мамандары медициналық қызметті тегін ұсынды.

— «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлт-тық жобасы аясында жыл соңына дейін 6 медициналық нысан бой көтереді дедіңіз. Бұл бағдарламадан бөлек, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан медициналық мекемелер бар ма?

— Әрине. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасынан бөлек, жергілікті бюджет есебінен аймақта тағы 9 медициналық нысан жаңа кейіпке енеді деп күтілуде. Бұл ретте жалпы сомасы 1,7 млрд теңге емдеу мекемелерін күрделі жөндеуден өткізуге бағытталған. Қазір 3 медициналық нысанда жөндеу жұмыстары аяқталды. Мәселен, Павлодар облыстық фтизиопульмонология орталығының едені толық ауыстырылды, Ақтоғай ауданындағы Жолболды ауылындағы медицина пункті күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Май аудандық ауруханасында жылу жүйесі толық ауыстырылды. Алдағы уақытта Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханадағы офтальмология бөлімшесі, Баянауыл ауданы Майқайың ауылындағы емхана, Железин аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұдан бөлек, Аққулы ауданындағы ауруханада сумен жабдықтау, кәріз және жылу жүйелері жаңартылуда. Облыстық психикалық денсаулық орталығында терезе блогы ауыстырылуда. Павлодар ауданы Пресное ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.

Павлодар қалалық №1 ауруханасында жаңғырту жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталады. Медициналық нысандардағы құрылыс жұмыстары облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауына алынған. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізуде. Атап өтерлігі, аталған аудан-қалаларда емделушілерді қабылдау жалғасуда, жұмыс тоқтатылмады.

— Облыс орталығындағы емдеу мекемелері заманауи технологиямен жабдықталуда. Аймақтағы ақ желең-ділер қажетті отаның бәрін жүргізе ала ма?

— Облыс орталығындағы емдеу мекемелері тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуде. Қандай да бір ем-шара алу үшін еліміздің өзге өңірлеріндегі медициналық мекемелерге барудың қажеті жоқ. Емханалар мен ауруханалар заманауи технологиялармен толық жабдықталған. Дәрігерлер біліктілікті арттыру мақсатында арнайы оқуларға қатысады. Республикалық клиникалардағы тәжірибелі мамандардың қатысуымен көшпелі шеберлік сағаттары да ұйымдастырылады. Тіпті, шет елдегі дәрігерлер аймағымыздағы емдеу мекемелеріне келіп, тәжірибелерімен бөліседі.

Облыстық кардиология орталығында биыл жүрекке 350-ден астам күрделі ота жасалған. Ғ.Сұлтанов атындағы аурухана — көп салалы емдеу мекемесі. Мұнда урология бөлімшесінде лазерлі техниканың қолданылуымен 50-ден астам ота жүргізілген. Гинекология бөлімшесінде 40-тан астам күрделі ота жасалған. Хирургия бөлімшесінде қалқанша безіне қатысты 7 адам ота алды. Операцияларға шет елден келген мамандар да қатысады. Бұған дейін жоғары технологияны қолданумен жасалатын күрделі ота республикалық емдеу мекемелерінде ғана жүргізілетін. Қазір жергілікті тұрғындар қажетті отаны облыс көлемінде жасата алады. Бұл — медицина саласындағы үлкен жетістік.

— Медицина — тұрғындар тарапынан шағым көп түсетін саланың бірі. Емделушілердің мәселесі қаншалықты тез шешіледі?

— Емдеу мекемелеріне тұрғындар тарапынан шағым түсетінін жасырмаймыз. Тіпті, облыстық денсаулық сақтау басқармасына мәселесін арқалап келетін адамдар бар. Әр медицина мекемесінде емделушілерді қолдау орталығы жұмыс істейді. Олар толғандырған сұрақтарын немесе ем алу барысында туындаған мәселелерін аталған орталық мамандарына ашық айта алады. Науқастарға бас дәрігердің орынбасары мен өзге мамандар көмек көрсетеді. Егер емделушілерді қолдау орталықтарында мәселе шешілмеген жағдайда тұрғындар Астана көшесі, 59-үй мекенжайындағы облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүгіне алады. Басқарманың бірінші қабатында фронт-офис жұмыс істейді. Онда мамандар жеке қабылдаулар өткізіп, тұрғындардың мәселесін шешеді. Сонымен қатар, жұртшылық 8 (718) 2 76-40-88, Call-орталығына немесе 87020757968 Whats Up нөміріне хабарласа алады. Фото-видео жіберіп те, мәселесін шеше алады.

— Президент елімізде дәрігердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын айтқан еді. Бұл бағытта қандай жұмыс жүргізілуде?

— Қоғамда адам жанының арашашысы саналатын медицина қызметкерлеріне жұдырық ала жүгіретіндердің қатары көбейіп тұр. Жақында Қостанай қаласында орын алған оқыс оқиға елді дүр сілкіндірді. Жұмыста жүріп, емделушіден оңбай таяқ жеген хирург жансақтау бөліміне түсіп, өмір мен өлім арасында арпалысқаны есімізде. Қоғамды алаңдатқан мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев араласты. Президент заңды қатаңдатуды тапсырды. Мемлекет басшысы дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керектігін атап өтті.

Қазір облыстық жедел жәрдем станциясының мамандары шақыртуға видеожетонмен барады. Науқастың үйіне кірген сәттен бастап қызмет көрсету барысы толығымен заманауи құрылғыға жазылады. Бұл жаңашылдық медицина мамандарын науқас пен оның туыстары тарапынан орын алатын шабуыл, ұрыс-керістен қорғайды. Облыстық жедел жәрдем станциясында
80 бригада жұмыс істейді. Оның ішінде 70 бригада видеожетонмен қамтылған. Бұдан бөлек, жақында жедел жәрдем көліктеріне видеотіркегіш орнатылатын болады.

Бұған дейін тұрғындар тарапынан жалған қабылдауға жазу фактілеріне қатысты шағым көп түсетін. Қазір медицина мекемелері емделушілерді Face ID жүйесі арқылы қабылдайды. Яғни, дәрі алуға келген немесе қабылдауға келген адамдар міндетті түрде фотоға түсіріледі. Бұдан бөлек, жалған қабылдау фактілерін болдырмау мақсатында цифрлық құжатқа 6 саннан тұратын құпия сөз де жіберіледі. Мұндай жаңашылдық дәрігер емделушіні қабылдағанын растайды. Игі жұмыстардың бәрі тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында қолға алынды.

— Ақпаратыңызға рақмет!

Әңгімелескен – Айдана ҚУАНЫШЕВА.