Жолаушыларға – қолайлы жағдай

Қыр 25, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Ақсу қаласында теміржол вокзалында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, төрт елді мекеннің автостанциясы қайта қалпына келтірілуде. Сонымен қатар, жергілікті бүлдіршіндерге тағы бір тамаша сый әзірленуде, яғни, қала орталығында жаңадан саябақ құрылып, үлкен ойын алаңдары салынады деп күтілуде. Сонымен қатар, шаһарда жалпы көлемі 38 мың шаршы метрді құрайтын жол жөндеуден өтіп жатыр.

Жақында облыс әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласына жұмыс сапарымен барып, аталған нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Алдымен Черемушка ықшам ауданына тоқтап, жөндеу жұмысы енді ғана аяқталған Ақсу ферроқорытпа зауытына апаратын жолдың сапасын тексерді.

Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Нұрбек Қонротбаевтың айтуынша, Ақсу өңіріндегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 663,5 шақырым болса, қала- ішілік жолдың ұзындығы – 63 шақырым. Биыл жөндеуге жоспарланған жолдың жалпы көлемі 38 мың шаршы метрді құрайды. Бұл жобаның жалпы құны – 375 миллион теңге. Оның 10 мың шаршы метрі шұңқырларды жамау, 17 мың шаршы метрі топырақ жолдарды асфальттау, 10,5 мың шаршы метрі коммуналдық кәсіпорындар қазған орындарды қалпына келтіру, 5 мың шаршы метрі тротуарларды жөндеу. Бүгінде Абай, Пушкин, Набережная көшелерінде жөндеу жұмысы аяқталып қалған. Сонымен қатар, Черемушки ықшам ауданындағы Май, Весенняя, Полевая, Березовая көшелері де жөндеуден өтіп жатыр. Ал келесі жылы аталған шағын ауданның тағы 6 көшесін асфальттау жоспарлануда.

— Қазіргі уақытта жалпы көлемнің 70 пайызы орындалды. 14 көшеде шұңқырларды жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар коммуналдық кәсіпорындар қазған жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мұндай 52 орын анықталған. Қыс басталғанға дейін бәрін бүтіндейміз. Черемушки ықшам ауданындағы жолдардың жалпы ұзындығы – 7,75 шақырым. Биыл 1,7 шақырымында топырақ жолға асфальт төселді, — деді Н.Қонротбаев.

Асайын Байханов бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуына ерекше назар аударды. Асфальт төсеу және жөндеу жұмыстарының барлығы қазан айының ортасына дейін аяқталуы керек. Сондай-ақ, шағын аудандардағы асфальт төселмеген көшелер мәселесін толығымен жабу үшін 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын әзірлеуді, бұл ретте Павлодар мен Екібастұздағы сияқты сапа стандартын қамтамасыз етуді тапсырды. Аймақ басшысы Черемушки шағын ауданының тұрғындарымен кездесіп, олардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдады. Тұрғындар жолдарға асфальт төсеу жұмыстарын жалғастыруды және жасанды жол кедергілерін салуды, көшелерге жарық шамдар мен камералар қоюды, балалар ойын алаңын орнатуды, сондай-ақ, магистральдық желінің құдығынан едәуір алыс орналасқан бірнеше үйге су құбырын тартуды сұрады.

Сонымен қатар, өңір басшысы Ақсу ауылдық аймағындағы егін жинау науқанының барысымен танысып, «Агрологистик» ЖШС-нің егіс алқаптарында және көкөніс қоймасында болды. Аталған шаруашылық 2020 жылы құрылған, картоп, көкөніс және дәнді дақылдар өсіреді. Шаруашылықтың егістік бағытындағы жер көлемі 512 гектрады құрайды. Бүгінде 8 мың тонналық егіс қоймасы бар, алдағы уақытта тағы 10 мың тонна өнім сақтауға арналған қойма саламыз деп отыр.

– Шаруашылықта 17 тұрақты жұмысшы бар. Науқан кезінде қосымша 150-200-ге жуық адам уақытша жұмысқа тартылады. Жұмысшылардың барлығы — Ақсу қаласы мен ауылдық аймағының тұрғындары. Олар арнайы автобустармен жеткізіледі. Жұмысшылардың ішінде ең жоғары еңбекақыны комбайн жүргізушілері алады. Олардың айлық табысы 600 мыңға дейін барады. Ал орташа айлық 450-500 мың теңге шамасында болады. Жұмысшылардың көбі — жастар, – деді «Агрологистик» ЖШС өкілі.

Шаһар басшысы Болатбек Шәріповтің айтуынша, биыл Ақсу ауылдық аймағында 24,9 мың гектар алқаптан өнім жиналуда. Оның ішінде дәнді дақылдар – 8,6 мың гектар, көкөністер – 1,5 мың гектар, картоп – 7,5 мың гектар, майлы дақылдар – 5,5 мың гектар, жемшөп 1,8 мың гектар болады. Егіс өнімдерінің бүгінгі күнге дейін 40 пайызы жиналды. Ақсулық шаруаларға жалпы көлемі 2 млрд 350 млн теңге көлемінде несие берілген.

– Сақтау орындары бойынша 32 картоп қоймасы бар, олардың жалпы сыйымдылығы – 106 100 тонна. Сонымен бірге, жеті көкөніс қоймасының сыйымдылығы 24 500 тоннаны құрайды. Ал дәнді дақылдарға арналған тоғыз
қойма бар, олардың жалпы көлемі — 54 800 тонна, соның ішінде Қалқаман элеваторы 46 000 тоннаны құрайды, – деді Болатбек Шәріпов.

Биыл Ақсу-2 теміржол бекетіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Одан бөлек, Қалқаман, Шідерті, Бозшакөл және Қарасор станцияларында ауқымды реконструкциялау жалғасуда.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтың айтуынша, жөндеу жұмыстары аясында ғимараттардың қасбеті толық жаңартылады, шатыр, терезе мен есіктер ауыстырылады, инженерлік жүйелер қайта тартылады. Күту залдары кеңейтіліп, ішкі интерьер заманауи үлгіде әрленеді. Теміржол бекеттерін реконструкциялау жұмыстарын «Павлодар Рем Комплекс» ЖШС жүргізіп жатыр.

– Төрт жобаның, яғни, Қалқаман, Шідерті, Бозшакөл, Қарасор станцияларының жалпы құны 318 миллион теңгені құраса, Ақсу вокзалын жаңарту бюджеті 267 миллион теңге болды. Төрт станция бойынша келісімшарт маусым айында жасалған. Ал Ақсу вокзалы шілде айының соңында ғана «ҚТЖ»-ның сенімгерлік басқаруына берілгендіктен, жұмыстары кешірек басталды. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстарының 30-40 пайызы орындалды. Жоспар бойынша Шідерті, Қалқаман, Бозшакөл және Қарасор вокзалдары биыл қараша айында толық аяқталады. Ал Ақсу вокзалының күрделі жөндеу жұмыстары қыс мезгілінде де жалғасады. Осы кезеңде тұрғындарға кедергі келтірмеу үшін ғимараттың бір бөлігі жұмыс істей береді, – деді Қанат Қашкиров.

Облыс басшысы Асайын Байханов Ақсу қаласына барған жұмыс сапары кезінде қаладағы қоғамдық көліктерді жаңарту бағытындағы жұмыстарымен де танысты. Қазіргі уақытта қалаішілік қоғамдық тасымалдау бағытында 19 автобус бар, оның тоғызы 2023 жылы жаңартылды. Жақында «SAZ LE60» маркалы төрт автобус алыныпты. Алдағы уақытта тағы алты автобус келеді, дейді жауапты мамандар. Барлығы 56 орынға арналған жайлы әрі кең көліктер. Осылайша қала тұрғындарының қоғамдық қатынасы біртіндеп жақсаруда.

– Мен қалалық маршруттарды 100 пайызға жаңарту керек деген талап қойдым. Ескі автобустарды жөндеп, сыртын бояп, ретке келтіру керек. Себебі, қоғамдық көлік дегеніміз — қаланың келбеті. Екіншіден, әрбір қала тұрғынының тұрмыс-тіршілігін жақсартудың бір бағыты осы қоғамдық көліктің сапасын жақсарту болып табылады, – деді облыс әкімі.

Қала орталығында жаңадан саябақ құрылып, үлкен ойын алаңдары салынады деп күтілуде. Екі жылдық жоба Павлодар облысының әкімдігі мен «ERG» компаниясы арасындағы меморандум аясында жүзеге асуда. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге, уақыты – екі жыл. Бүгінде жоспарлы жұмыстың 40 пайызы орындалған. Өңір басшысы барлық жұмыстарды сапалы және мерзімінде орындап, жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Аймақ басшысы осы сапарының соңында Ақсу қаласының әкімдігінде жиын өткізді. Онда жылыту маусымына дайындық шаралары мен қоғамдық көліктің жүретін бағыттары талқыланды.

Тілеуберді САХАБА, Ақсу қаласы.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.