«Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деп өсиет еткен қазақ — қашан да қарттарын қадірлеп өскен ұлт. Бүгінде әр шаңырақта ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі бір ғанибет. Жастары егде тартқан шақта қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, жетілдірген ұл-қыздары қас-қабағына қарап отырса, еңбектерінің ақталғаны емес пе?! Қарияларымыздың «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деуінің мәні де осында.
Әсіресе, «отбасы» деген шағын мемлекеттің іргесін қалап, 70 жылдан бері тағдырдың сан алуан сынағына төтеп беріп, қуаныш пен қайғыны, шаттық пен қиындықты бірге бөлісіп келе жатқан Бәйтен ақсақал мен Балшекер апаны көпке үлгі етуге болады. Себебі олардың өмір жолы – адалдық пен махаббаттың, төзім мен сыйластықтың жарқын үлгісі.
Әулеттің отағасы Бәйтен Төлеуов 1934 жылдың тамыз айында Лебяжі ауданының (қазіргі Аққулы ауданы) Майқарағай совхозы, Жаңаауыл колхозында қарапайым отбасында дүниеге келді. Соғыс жылдарында тылда табанды еңбек етті. 1947-1949 жылдар аралығында Жаңаауыл колхозында 4 өгізбен шөп шапса, келесі жылы Шарбақты училищесінде электр-механик мамандығы бойынша оқуын тәмамдады. 1951 жылы колхоз атынан «Тракторист» курсына жібе-ріледі. Оны жақсы бітіріп, 1952 жылы сол колхозда бірінші болып трактормен жер жыртты. Бәйтен ақсақал тылда еңбек ете жүріп бірнеше байқауға қатысып, Құрмет грамоталары мен жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ, Үкімет пен Партия еңбегін бағалап, бірқатар төс белгімен марапатталды. 1993 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Бірақ құрметті демалыста болса да жұмысын ары қарай Мойылды ауылына көшіп келгеннен кейін де жалғастырды.
Ал Бәйтен ақсақал Балшекер апаймен 1955 жылдың қаңтар айында шаңырақ көтереді. Жас-тықтың жалындаған шағында жүректерін тоғыстырған қос тағдыр содан бері айырылмастай болып, тағдырдың жазуын бірге қабылдап, оның сынағын бірге көтеріп келеді. 5 ұл мен 5 қыз дүниеге келеді. Алайда тағдырдың жазуымен бір ұлы шетінеп кетеді. Бүгінде 9 баладан бірнеше немере мен жиен және шөберелер көріп отыр.
Балшекер апа ошақтың басын берекеге бөлеп, үйдің шырағын маздатты. «Әйел – үйдің құты» деген сөздің шынайы бейнесін ол өз өмірімен көрсетті. Ал Бәйтен ақсақал адалдығы мен еңбекқорлығының арқасында ауыл-аймаққа сыйлы болды. Осы 70 жыл ішінде олардың отбасылық өмірінде тауқымет аз болған жоқ. Қиын кезеңдерде тұрмыстың ауыртпалығы, уақыттың сыны талай рет жолықты. Бірақ қандай қиындық болса да, олар бірге қарсы алып, алға қадам басты. Бүгінде сол төзім мен татулықтың жемісі көзге анық көрінеді. Қазір балалары азамат болып, өз орындарын тапты. Немере-шөберелері өсіп, әулеттің мерейін асырып отыр.
Қос қарияның ғибратты ғұмыры — жас буынға үлкен сабақ. Қазіргі қарбалас уақытта махаббат пен сыйластықтың қадірін арттыру үшін дәл осындай өнеге керек-ақ. Жетпіс жыл бойы бір шаңырақ астында жарасымды ғұмыр кешкен Бәйтен ақсақал мен Балшекер апай — ұрпаққа үлгі.
А.БОРАНБАЕВА.