Аймақ басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Павлодар қаласын аралады. Онда жаңа автобустың көбеюі, автодромның жөндеу жұмыстарынан кейінгі кейпі мен Қамзин көшесіндегі дренаж жүйесінің бүгінгі таңдағы деңгейі тексерілді. Бүгінде қалалық жолаушылар көлігін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, №003 бағытта жүретін автобустың аздығына байланысты қала тұрғындары жиі шағымданатын. Бұдан былай автобус паркі толығымен жаңарып, 24 көлік жүріп тұрады.
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Амановтың айтуынша, жаңа автобусқа 57 жолаушы кіре алады. Салон мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған аппарель, кондиционермен жабдықталған. Сондай-ақ, жолаушылардың ыңғайына қарай автобустың іші және сыртында жеті бейнебақылау камерасы бар. Ал қараша айында қосымша 15 автобус жеткізілуі тиіс. Сонымен қатар, жыл соңына дейін трамвай саны да көбейеді деп жоспарлануда.
Автодромды жетілдіру жобасы ағымдағы жылдың мамыр айында бастау алған. Жаңартылған көлік жүргізу мекенінде жол қозғалысы ережелеріне сәйкес келетін әртүрлі оқу аймақтары, қиылыстар, жол белгілері мен бағдаршамдар орналасқан.
– Бастысы – жолда қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл автодромда дайындықтан өткен адам болашақта көлікті ереже бойынша жүргізіп, тәжірибелі жүргізуші ретінде жолға шығу мүмкіндігі бар. Көлік бүгінде қажеттілік ретінде қолданылады. Жыл сайын қалада көліктер саны артуда. Осы орайда жаңа жүргізушілерге сапалы білім беру – біздің басты міндетіміз, – дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
– Кез келген көлік жүргізуге үйреніп жүрген адам осында тегін оқытудан өтуге мүмкіндігі бар. Алайда жанында нұсқаушысы болу керек. Автодром алаңында бір уақытта 20 адам көлік жүргізе алады, – дейді Автодром директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Андрей Емельянов.
Одан бөлек, Қамзин көшесіндегі нөсер жүйесінің құрылғысын орналастыру жобасы көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің мәселесін шешуге ықпал етеді. Аталмыш жүйенің арқасында бұл учаскені су баспай, асфальт бұзылуының алдын алады.
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың айтуынша, биыл Қамзин, Чайковский-Осипенко және академик Шөкин-Павлов көшелерінде дренаж жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде екі жерде жұмыс аяқталып, Қамзин көшесінде бір жарым шақырымнан 150 метрге жуық құбыр төселді. Ұзынды екі шақырым дренаж жүйесі жүзеге асқаннан кейін мердігерлер жол төсемін қалпына келтіру, жиектерді ауыстыру және тротуарларды орнату жұмыстарына кіріседі.
Салтанат ҒАББАС.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.