Онлайн сауданың қарқыны артып, қала тұрғындарының өмір салты өзгерген сайын курьерлердің еңбегі ерекше маңызға ие болды. Таңның атысы, күннің батысы қолына қорап ұстап, асығыс қадаммен көшені кезіп жүретін жігіттер мен қыздарды кез келгеніміз жолықтырған шығармыз. Олар – ыстық тамақты дер кезінде жеткізуге асығады. Курьер үшін ауа райының қолайсыздығы, көлік кептелісі қашықтағы мекенжайға жету үшін еш кедергі емес.
Жеткізудің түрі көп
Бұрын дүкенге барып азық-түлік алу немесе базардан тауар қарау үйреншікті жағдай болса, қазір көпшілік уақытын үнемдеп, дайын затты үйіне алдыруды жөн көреді. Бұл үрдіс, әсіресе, пандемиядан кейін қарқын алды.
Мәселен, бүгінде азық-түлікті жеткізу ісі сұранысқа ие. Wolt, Glovo, Yandex Go, Chocofood секілді сервистерді қала тұрғындары жатқа біледі. Таңғы асқа немесе кешкілік ыстық тамаққа тапсырыс беру үшін мобильді қосымша жеткілікті. Сонымен қатар, ірі супермаркеттер де (Magnum, Small, Astore және басқа да) онлайн тапсырыс қабылдап, үйге жеткізуді ұсынып отыр. Сондай-ақ, дәмханалар мен мейрамханалардан да өзіңіз қалаған ыстық тағам мен тіскебасарға тапсырыс бере аласыз.
Дәріхана желілері де курьерлік жеткізу жүйесін жолға қойды. Бұл әсіресе қарттар мен науқас жандар үшін зор көмекке айналды. Енді дәрі-дәрмекке онлайн тапсырыс беру арқылы адамдар уақытын үнемдеп қана қоймай, қажет емін де тез алады. Одан бөлек, хаттар, келісімшарттар, шағын пакеттер немесе сыйлықтарды қала ішінде немесе өзге қалаларға да курьерлік қызмет арқылы тез жібере аласыз.
Тұрақты табыс көзі
Курьерлік қызметте жұмыс істейтіндердің дені – жастар. Олар үшін бұл сала – табыс табудың ғана емес, тәжірибе жинаудың, шыдамдылық пен жауапкершілікті үйренудің де жолы. Мәселен, Павлодар қаласындағы колледж студенті Нұржан Болат күнделікті сабағынан кейін мотоциклге отырып, тапсырыс жеткізумен айналысады.
— Бір күнде шамамен 20-30 тапсырысты қабылдаймын. Кейде шаршайсың, кейде жолдағы қауіп-қатерден қорқасың. Бізге жаңбырда да, аязда да жүруге тура келеді. Қолайсыз ауа райында тапсырыс кешіксе, тұтынушы жағдайды түсінбеуі мүмкін. Сондықтан уақытпен жарысуға тырысасың. Өзім студент болғандықтан, бұл жұмыс оқуыма да, күнделікті шығыныма да сеп болып отыр. Оқуыма да үлгеремін. Мысалы, сабағым таңнан кешке дейін болса, кешкі уақыттан бастап түнгі 23.00-ге дейін жұмыс істеймін, — дейді ол.
Кейбір жастар курьерлікті тұрақты табыс көзі ретінде емес, болашаққа бастайтын баспалдақ ретінде бағалайды. Мәселен, өткен жылы жергілікті университеттердің бірін тәмамдаған Мирас үшін бұл жұмыс – нағыз еңбек. Оның айтуынша, дәл осы қызмет оның кәсібилігін шыңдап, жауапкершілігін арттырған.
— Университетті өткен жылы тәмамдадым. Алайда өзімнің мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Жарты жылдай жұмыссыз жүрдім. Сөйтіп, досым осы курьерлік жұмысты ұсынды. Басында қабылдай алмадым. Себебі, өзімді басқа салада елестететінмін. Дегенмен, уақыт өте келе, бұл жұмыстың да өзіндік тәртібі мен мүмкіндігі бар екенін түсіндім. Жұмыс барысымен танысқан соң осы салаға түбегейлі бет бұруға бел будым. Осы салада еңбек етіп келе жатқаныма 2 жылдай уақыт болды. Айына шамамен 400-450 мың теңге аралығында табыс табамын, — дейді ол.
Уақытты үнемдейді
Павлодар қаласының тұрғыны, екі баланың анасы Айжан Жамбылова бала күтімімен үйде отырғандықтан, азық-түлік пен тамақ жеткізу қызметіне жиі жүгінеді. Оның сөзінше, дүкенге барғаннан, тауарларды тапсырыспен үйге алдыру әлдеқайда тиімді.
— Иә, бұрын дүкенге баруға біраз уақыт кететін, ал қазір бәрі әлдеқайда жеңіл болды. Ұялы телефоннан бірнеше батырманы басып, керекті азық-түлікті, күнделікті өмірде қолданатын заттарды таңдап қоямын. Ал аз уақыттан кейін курьер тапсырысымды пәтеріме дейін жеткізіп береді. Бұл маған әсіресе уақыт тығыз болғанда немесе ауа райы қолайсыз кезде ыңғайлы. Жеткізу қызметінің бағасы сәл қымбаттау болып шығуы мүмкін. Бірақ соған қарамастан уақыт үнемдегеніме тұрарлық деп ойлаймын. Сонымен қатар, дүкен ішінде жүріп қажетсіз заттарды артық сатып алмайсың. Әрине, жеміс-жидек секілді кей тауарларды өз көзіммен таңдап алғанды ұнатамын, бірақ көбіне жеткізілген өнімдердің сапасы көңілімнен шығып жатады, — дейді Айжан.
Денсаулық пен қауіпсіздік
Курьердің жұмысы бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, жолда көп жүретіндіктен, қауіп-қатері де аз емес. Көбіне олар велокөлікпен, электросамокатпен немесе мопедпен тапсырыс жеткізеді. Үнемі асығыс болғандықтан, жол ережесін бұзуға итермелейтін жағдайлар да кездеседі. Сондықтан курьерлерге арнайы қауіпсіздік талаптары қойылады. Мәселен, қорғаныш каска мен жарық шағылыстыратын кеудеше киюі керек. Велокөлік пен самокатқа жарықшам орнатып, қараңғыда көзге түсетіндей болуы тиіс. Сондай-ақ, жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауы шарт.
Мәселен, көп жылдан бері курьер болып жұмыс істеп жүрген Расулдың айтуынша, мәселе көбінесе қозғалыс құралына байланысты туындайды. Өйткені, курьерлердің басым бөлігі велосипед, самокат секілді жеңіл көлікті пайдаланады. Мопедпен жүретіндер де бар. Ал кейде жаяу жеткізетіндер де кездеседі.
— Көлік және автобустың жүргізушілері бізді өздерімен тең құқылы жүргізуші ретінде қабылдамайды. Алдымыздан кесіп өтіп, жолдың жиегіне қарай қысып, алға жүруге мүмкіндік бермейді. Егер біз алдында келе жатсақ, сигнал беріп жол беруімізді талап етеді. Велосипедпен жүретіндерге тіпті қиын. Тапсырыс оңтүстік бағыттан келгенде, жоғары көтерілуге тура келеді. Біз тағамды алып кететін кей орын, тіпті жаңбырлы немесе қарлы күнде де ішке кіргізбейді, ақыры далада күтуге тура келеді.
Дегенмен мұндай жұмыстың жағымды жағы да жоқ емес. Қала көшелерін, дәмді тағамдарды қай жерлерден, қандай бағаға алуға болатынын жақсы біле бастайсың. Кейде жомарт адамдар тап болып, қомақты шайпұл береді. Тапсырысты екінші рет апарғаныңда танып жататындар да болады. Ауладағы балалар танып, амандасып жатады. Өзге курьерлердің арасынан немесе кафе қызметкерлерінің ішінен көптеген жаңа таныстар мен дос таба аласың, — дейді Расул.
Түйін:
Курьерлердің жұмысы бүгінде күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Таңнан кешке дейін қаланың әр бұрышын шарлап, уақытпен санаспай еңбек ететін олар – қазіргі замандағы сұранысы жоғары кәсіп иесі. Біз үшін қалыпты болып кеткен жеткізу қызметінің артында зор күш-қайрат пен төзім жатқанын естен шығармаған жөн.
Айдана БОРАНБАЕВА.