Болашақ дәнекерлеуші ару

Қыр 25, 2025

Павлодар қаласындағы түсті металлургия колледжінің студенті Ангелина Катюкова дәнекерлеуші мамандығы бойынша кәсіптік білім алуда. Көбіне ер азаматтар таңдайтын күрделі салаға жүрек қалауымен келген.

Жұмысшы мамандығы арқылы болашағын болжаған ару шешіміне еш өкінбейтінін айтады.

– Бала кезімде нағашымның жұмысына қатты қызығатынмын. Ол дәнекерлеуші болып еңбек етті. Оның жұмысына бала болсам да, бірге баратынмын. Сол уақытта темірдің еру үдерісі өзіме бір ғажайып әлемнің сыры сияқты көрінетін. Мектепті тәмамдаған соң, бірден осы саланы таңдадым. Ата-аналарым менің таңдауыма таңдана қарап,  болашағыма күмән білдірді. Бірақ бетімді қақпады. Екі жыл оқу барысында көп нәрсені үйрендім. Дәнекерлеу барысында әсіресе әр жабдықтың адамның ыңғайына қарай бейімделетіні ұнайды. Теориядан кейін алғаш тәжірибеге кіріскен кезде қолымнан келмей ме деп қатты қобалжыған едім. Бірақ қазір жылу беретін құбырларды да еріте аламын, — дейді Ангелина
Катюкова.

Дәнекерлеуші қыз оқудан бөлек,  спортпен де айна-лысады.  Бос уақытында сурет салып, шығармашылықты ұнатады. Болашақта жоғары оқу орнына түсіп, білімін одан әрі жалғастырмақ.

— Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында сала қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлінуде. Күрделі саланы меңгеруді бала күнімнен армандадым. Прези-денттің қолдауынан кейін таңдауымнан жаңылмағаныма сенімді болдым. Болашақта осы салада көп жетістікті бағындырғым келеді. Ата-анама қолымнан келетінін дәлелдеп, сенімдерін ақтасам деймін, — дейді
студент.

Дәнекерлеушілерді дайындайтын өмірлік жолда бағыт-бағдар беретін өндіріс оқыту шебері Серік Ибраевтың айтуынша, мамандық жынысқа бөлінбейді. Ер азаматтың қолынан келетін істі қыздар да жасай алады.
Оқытушы өндіріс саласына баулыған талай шәкірт-
терімен әлі күнге дейін тығыз байланыста екенін мақтан тұтады. Ол Ангелинаның болашағына сеніммен
қарайды.

Салтанат ҒАББАС.