Екпені алдымен кімдер алады?

Қаз 2, 2025

Аймақ тұрғындарын тұмауға қарсы вакциналау науқаны басталды. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр? Тегін екпе кімдерге салынады?  Иммундау шараларынан қандай нәтиже күтеміз? Осы және өзге де сұрақтарымызға облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Төлеубекұлы Әлиев жауап береді.

— Батырбек Төлеубекұлы, күз келіп, күн салқындаған уақытта вирустық инфекциялар кезеңі басталатынын білеміз. Осынау эпидемиялық маусымға әзірлік қалай?

— Дайындық жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр деп айтуға болады. Негізі, ЖРВИ және тұмау маусымы екі кезеңге бөлінеді. Яғни, 1 қазаннан 1 желтоқсанға дейін эпидемияға дейінгі, ал
1 желтоқсаннан 30 сәуірге дейін эпидемиялық маусым болып саналады.

Бүгінгі таңда облысымызда тұмауға қарсы вакцинаның 80 мың дозасы сатып алынды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабы бойынша тұмауға қарсы вакци-налар жалпы халықтың 10-12 пайызын қамтуы тиіс. Демек, өңір тұрғындары үшін екпе дозасы жеткілікті. Сондай-ақ, облысымызда иммундау шаралары ағымдағы жылдың 23 қыркүйегінен бастап қызу қолға алынуда.

— Вакцина алдымен кімдерге салынады және оның әсері қанша уақытқа дейін сақталады?

— Жыл сайын ең бірінші тұмауға қарсы қауіп тобындағы адамдар егіледі. Олардың қатарына диспансерлік есепте тұрған балалар, мектеп интернаттары мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің тұрғындары, екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер, медициналық мекемелердің қызметкерлері және қант диабеті, онкология, жүрек-қан тамырлары жүйесі мен тыныс алу органдары қызметінің бұзылуы сынды созылмалы аурулары бар есепте тұрған емделушілер жатады. Осы санаттағы жандардың барлығына  екпе тегін салынады.

Атап өтерлігі, вакцина алған адамдарда иммунитет 6 — 12 ай аралығында сақталатын болады. Ал екпеден кейін тұмаудан толық қорғаныс жасау үшін кемінде 14-20 күн уақыт қажет.

— Тұмауға қарсы екпені қандай жағдайда алуға болмайды?  Жалпы, адамға кері әсері бар ма?

— Вакциналардың барлық түріне, сондай-ақ, тұмаудың алдын алу үшін салынатын екпеге де қарсы көрсеткіштер бар. Мәселен, бұған дейін жасалған екпелерге аллергиялық реакциялар болған жағдайда және жоғары температурамен бірге жүретін аурулар кезінде егілуге болмайды. Сондықтан мұндай күйді басынан кешіп жатқан жандар толық қалпына келгенше немесе тұрақты ремиссия басталғанға дейін вакцинаны тоқтата тұрғаны жөн. Себебі, тұмауға қарсы екпе салғаннан кейін қолайсыз көріністер пайда болуы мүмкін. Бірақ ол көбінесе жеңіл түрде өтеді. Мәселен, екпе егілген жердің сәл ауырсынуы, инъекция орнында қызару немесе ісінудің пайда болуы, дене қызуының шамалы көтерілуі және бас пен бұлшықеттердің ауруы сияқты тұмауға ұқсас жеңіл белгілер байқалуы ықтимал.

— Кейбір екпелерді егілгеннен кейін жапа шегіп жатқан жандар, әсіресе, балалар аз емес. Осы орайда тұмауға қарсы сатып алынған вакцинаның сапасы туралы не айтасыз?

— Павлодар облысында тұмауға қарсы екпелерге қатысты жайсыз жағдайлар тіркелген жоқ.

Жалпы, мұндай вакциналар сертификатталған және оның сапасы ешқандай да күмән тудырмайды. Себебі, «Гриппол плюс» екпесі үш валентті, құрамында екі типті А және бір типті В штаммның антигендері бар. Толық тексеруден өткен.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша біздің облыста қолданылатын вакцина айналымдағы вирустарға сәйкес келеді. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ деп ойлаймын.

Айта кетерлігі, бұл өнімді Ресейдің «Петровакс» компаниясы өндірген.

— Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.