Ақпараттық жүйе ақсап тұр

Қаз 2, 2025

Павлодар облысына қоныс аударғысы келетін этникалық қазақтар мен «Оңтүс-
тіктен — Солтүстікке» бағдарламасы бойынша көшкісі келетін тұрғындар қиындыққа тап болуда. Оған Migration.enbek.kz платформасының дұрыс жұмыс істемеуі себеп. Салдарынан қазір аймаққа қоныс аударған 22 отбасының құжаты дұрыс рәсімделмей, мемлекет тарапынан берілетін қажетті көмек жетпей отыр. Ең өкініштісі,  жоспар бойынша аймағымызда 4 мыңнан астам адам қоныс аударуы тиіс болса, бүгінде тек 1900-ге жуық квота рәсімделген.

Өзекті мәселені Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметовтің алдында қоғам өкілдері қозғады. Ауқымды жиынға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек, басқарма басшылары және қоғам белсенділері қатысты.

«Дүниежүзі қазақтары қауым-дастығы» Павлодар облыстық фили-алының жетекшісі Болат Зауытұлы екі өткір мәселені сөз етті.

— Павлодар облысына этникалық қазақтар қоныс аударады және «Оңтүстіктен — Солтүстікке» бағдар-ламасы аясында отбасылар көшіп келеді. Қазір көші-қон саласында адами факторларды болдырмау үшін ақпараттық жүйе іске қосылған. 2025 жылдан бастап этникалық қазақтар және оңтүстіктен көшетін тұрғындар Migration.enbek.kz платформасы арқылы өтінім береді. Сол жүйе арқылы мемлекет тарапынан берілетін квота, жәрдемақы сынды көмекті рәсімдейді. Өкінішке қарай, аталмыш сайт 100 пайыз жұмыс істей алмай отыр. Салдарынан облысқа биыл 4060 адам көшіп келуі керек болса, қазір тек  2 мыңға жуық адам ғана тіркелген. Жауапты өкілдер сайтты бір жүйеге келтіре алмаған. Осы іске атсалысуды сұраймын. Аймақтағы жоспар платформа салдарынан орындал-мауда, — деді Болат Зауытұлы.

Бұл мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Самал Қадырова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хат жолдағанын жеткізді.

— Павлодар облысына жоспар бойынша 4060 адам көшіп келуі тиіс. Оның ішінде 1060 қандас бар. Қазіргі уақытта 886 қандасқа квота рәсімделген. Ішкі қоныс аудару бойынша 1006 адамға квота берілді. Жоспардың толық орындалмауына платформаның 6 ай көлемінде жұмыс істемеуі кедергі болды. Бұл бағыттағы жоспардың 50 пайызы ғана орындалып отыр. Жыл соңына дейін жұмыс толық аяқталады деген ойдамыз, — деді Самал Қанатқызы.

Болат Зауытұлы көтерген өткір мәселенің екіншісі зейнетақыға байланысты болды. Оның айтуынша, Моңғолиядан Павлодар қаласына ықтияр хатпен келген қандас жергілікті жерден зейнетақы рәсімдей алмайды. Ал дәл солай ықтияр хатпен Астана қаласына қоныс аударған қандастарға зейнетақы рәсімделеді.

— Елімізде бір заң болғанымен, қолданыс аясы әртүрлі. Осы мәселе бойынша талай мекеменің табал-дырығын аттадым. Павлодардағы жауапты мекеме заң бойынша бір адам екі елден зейнетақы ала алмайды деп отыр. Ал Астана қаласына көшкен қандастарға зейнетақы төленеді. Бұл жағдай бірнеше жыл жалғасып келеді, — деді ол.

Вице-министр Асқар Биахметов екі мәселені де кездесу соңында толтырылатын хаттамаға енгізіп, Астана қаласындағы жауапты өкілдермен талқылайтынын айтты. Қажетті жауап берілетінін де жеткізді.

Кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев соғыс жылдары туған балаларға мемлекет тарапынан жәрдемақы қарастыруды және тыл еңббеккерлеріне де жәрдемақы төлеуді сұрады. Асқар Биахметов тыл еңбеккерлеріне жыл сайын мерекелерде жәрдемақы төленетінін атап өтті. Ал соғыс жылдары туған адамдарға жергілікті бюджет қазынасы есебінен төлем қарастыруға болатынын айтты. Бірақ мемлекет тарапынан төленбейтінін жеткізді.

Сонымен қатар, ауқымды жиында бала күтіміне байланысты үйде отырған аналарға сәби 3 жасқа толғанға дейін жәрдемақы төлеу, толық емес отбасы мәртебесін қайтару мәселелері де айтылды. Бұдан бөлек, инватакси қызметіне шағымдар айтылды. Вице-министр сәби күтіміне байланысты жәрдемақы бала 1,5 жасқа толғанға дейін ғана төленетінін жеткізді. Толық емес отбасы мәртебесі де қайтарылмайтынын айтты. Инватакси қызметіне қатысты шағымдар ескерілетінін жеткізді.

Маңызды жиында Асқар Биахметов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік зейнетақы мен жәрдемақыларды уақытылы төлеп келетінін айтты. Әлеуметтік қолдаудың басымдықтары нақты мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуге бағытталатын
болады. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізілді.

– Биылдан бастап АӘК тағайындау үшін медиандық табыс көрсеткіші қолданылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік қолдаудың нақтылығы күшейтілді. Енді АӘК тағайындау кезінде тек табыс қана емес, отбасылардың шығындары да ескеріледі. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін бірыңғай ақпараттық жүйе енгізіліп, учаскелік комиссиялардың қызметі цифрландырылды. Бұл шаралардың барлығы көмекке шын мұқтаж адамдарға мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді деп күтілуде, – деді Асқар Бияхметов.

Қазір Үкімет әлеуметтік төлемдерді категориялық қағидаттан мұқтаждық критерийлері бойынша бөлуді қарастырып жатыр. Бұл бағыттағы скоринг жүйесі Шымкент пен Қарағанды қалаларында сынақтан өткізілуде. Жаңа тәсіл әлеуметтік қолдаудың нақтылығы мен ашықтығын арттыруға бағытталған.

Реформаның басты мақсаты – ресурстарды шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға қайта бөлу. Мемлекет басшысы атап өткендей, масылдық психологиясына қарсы іс-қимыл қажет. Цифрландырудың арқасында Үкімет табысы жоғары отбасыларға мемлекеттік қолдауды тоқтатып, бұл қаражатты қиын жағдайға тап болған адамдарға бағыттауды жоспарлап отыр.

Вице-министр атап өткендей, барлық әлеуметтік төлемдер толық көлемде сақталады.

Қазақстанда 50 мыңнан астам отбасы АӘК алушылар тізімінде тұр, оның ішінде 2400-ден астамы Павлодар облысында тұрады. Атаулы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері –
11 727 теңге. Жыл басынан бері 991 миллион теңге төленді.

Асқар Биахметов мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шараларға да тоқталды.

–  Қазір елде 700 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оның ішінде Павлодар облысында  29,5 мың адам бар. Инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында биыл өңірде 16 мыңнан астам техникалық оңалту құралы берілді. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметтер порталы тұрақты түрде жетілдірілуде, – деді ол.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.