Жан-жағын жасыл желекке айналдырды

Қаз 2, 2025

Павлодар қаласындағы Жаяу Мұса көшесі, 7-үй мекенжайы үшінші подъездің маңынан жазда өтсеңіз, жайқалған шағын баққа куә боласыз. Алақандай ғана аумақ, бірақ өсімдіктің небір түрі өсіп тұр. Түрлі ағаш егумен 2014 жылы жаңа үйге алғашқылардың бірі болып қоныстанған Елтас Бұлтықов есімді азамат айналысып жүр. Қазір зейнет жасындағы азамат көп жыл ауылда өмір сүрген. Жасыл желекке жақын өскен, ауылда өмір бойы жеке үйінің ауласында бау-бақша еккен ол қалалық мекенде де оған уақыт тапты.

Бөртегүлден басталды

Қатарынан бой көтерген көпқабатты үш үйдің орны бұрын бос жатқан алаң еді. Сондықтан, зәулім үйлер салынғанда айналасында бір тал ағаш болмады.

— 2014 жылдың қараша-сында қоныстандық. Қыста байқалмап еді, көктем шыға айнала жалаңаштай көрінді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тарапынан қарағайлар егіліпті. Басқа ағаш жоқ. Бұрын жасыл желекке үйренген көзіме мұндай кеңістік оғаш көрінді. Жастайымнан бау-бақша егуден рахаттанатынмын. Содан бір амалын жасауға кірістім, — дейді Елтас аға.

Жұбайы Әсиямен бірге үйінің іргесіндегі №24 мектептің ауласын аралап шығыпты. Сондағы ойлары қажетке жарайтын жас шыбық болса, мектеп басшылығынан сұрап алып, үйлерінің айналасына егу еді.

— Ауланы аралап жүріп, бөртегүл (сирень) ағашының маңына көптеп шыққан жас шыбықтарын байқадық. Бағымыңызға орай аулада мектеп директоры мен орынбасарын кездестіріп, бұйымтайымызды айттық. Алғашында «ағаш өзімізге керек қой» деген жауап алдық. Барынша түсіндіріп, өсіп тұрған ағашқа тимейтінімізді, тек жас шыбықтарын алатынымызды айттық.
Сөйтіп, рұқсат алған соң, ұзындығы небәрі 30 сантимертрдей болатын 20-30 шақты жас шыбықты қазып алып, үйіміздің айналасына отыр-ғызып шықтық, — дейді белсенді азамат.

Бірақ, топырағы құнарсыз мекенде бірден өсуі қиын екенін аңғарады. Оның себебін де анықтап білген екен. Сөйтсе, кезінде бұл маңдағы тері аурулары ауруханасы мен оның зертханасы арасын жерасты галереямен байланыстыру үшін карьер етіп қазған екен. Тоқырау тоқсаныншы жылдар келіп, жоба іске аспай, ақыры қайтадан көмген көрінеді. Содан қалған қызыл топырақ өсімдіктердің бірден тамырланып кетуіне көп кедергі келтіреді. Елтас аға мектеп ауласынан әкелген шыбықтары қанша суарса да, бірінші жыл тым баяу өсіпті. Күтіп-баптаудың нәтижесінде, әйтеуір, үшінші жылында жапырағы шығып, гүлдей бастайды. Содан бері ағаш егуді тоқтатпаған. Қазір Елтас ағаның қолымен отырғызылған 70 шақты ағаш бар. Олардың әрқайсысын қашан қалай еккенін, тамырланып, жерсініп кеткеніне қанша уақыт жұмсалғанын да белсенді тұрғын өте жақсы біледі. Оны әрбіріне жеке тоқталып, әңгімелеп беруге әзір.

— Тағы бірде балаларым саяжай алды. Онда жеміс ағаштарының түр-түрі бар еді. Подъездің алдындағы алақандай аумақты баққа айналдыру идеясы келді. Алдымен шие, шырғанақ ағаштарын бірнеше талдан әкеліп отырғыздым. Кейін қарақат ағашын да әкелдім. Құлпынай да егіп көрдім.  Бәрі өсті. Гүл де ектім. Қызыл топырақ гүлдер үшін жайсыз болды, көбі ауырсынып, өсуі баяулады. Басқа топырақ әкеліп, оны да өсірдім. Үйіміздің маңайында итмұрын да, бөртегүл де, терек те, қарағай да, аққайың да өсіп тұр. Қызыл бүрген, донала, шетен ағаштарын да отырғыздым. Күнделікті далаға бір шығып, айналып өтемін, — дейді табиғаттан, өсімдіктер әлемінен ләззат алатын аға.

Күтімсіз түк шықпайды

Қаншама жыл ғалым-зоотехник қызметін атқарған Елтас Бұлтықұлы өсімдіктерді де тірі ағза деп біледі.

—  Өсімдіктер әлемі де биология ғылымының бір саласы ғой. Өзім малмен жұмыс істедім. Бірақ өсімдіктердің ерекшеліктерін, олардың өсу ортасын жиі зерттеп жүремін. Олар да күтімді қажет ететінін білемін. Сондықтан айналамдағы ағаштарды күтіп-баптауға мән беремін. Жаздың ыстығында аптасына үш рет ағаштарды суарамын. Ал гүлдерді күнде суарамын. Түптеп отыруды ұмытпаймын. Әр ағаштың өз күтімі болады. Мысалы, қарақат ағашының түбіне құмырсқалар илеу салуға құмар. Осыны ескеріп, зиянкестерден қорғау үшін дәрісін сеуіп, түбін қопсытып отырамын. Қопсытпаса, өспейді, тамырға да ауа бару керек. Алғашқы жылдары ағаштарды суаруға суды шелектеп тасысақ, қазір пәтер иелері кооперативі жертөледен су алуға рұқсат етіп, арнайы шлангі қолданатын болдым, — дейді күтім жасаудың мәнін жақсы білетін белсенді азамат.

Елтас ағаның жасап жүрген тірлігін көрген кейінгі буын арасынан да көмектесуге ниет танытқандар болыпты. Тіпті, жас отбасылардың бірі балаларына жермен жұмыс істеу, ағаш отырғызудың мәнін үйреткісі келіп, Елтас ағаның көмегіне жүгініпті. Жас отбасы балаларымен бірге төрт қайың отырғызыпты.

Шағын бақтағы жемістерді ауладағы, арлы-берлі өткен балалар теріп жейді. Елтас аға оларға еш шектеу қоймайды. Керісінше, балалардың кәдесіне жарағанына қуанады. Тек сындырмаса екен деп тілеп отырады.

— Жемістерді алып жегеніне тек қуанамын. Бала болған соң істері шала ғой. Кейде толық жетілмеген жемістерді теріп, ауыздарына салады да, дәмсіз болған соң түкіріп тастағанын көріп қаламын. Мұндайда балаға жақындап, пісккеннен кейін жеген жөн екенін ерінбей ескертемін, — дейді бағбан аға.

Тазалықты қалайды

Елтас ағаның жазғы бақтағы жұмысы күз келіп түйінделіп қалды. Бірақ, ол күзде ағаштарын қыстың суығына дайындауды қолға алады.

— Өз басым бақтағы, айналадағы ағаш жапырақтарын тап-тұйнақтай жинап тастағанды жөн көрмеймін. Әрине, жол бойындағы, адамдардың жүріп-тұруына кедергі келтіретін тұстарды жинау керек. Қалған жерлерде жапырақ, шыбықтар жатуы тиіс. Ол шіріп, топыраққа енуі қажет. Яғни, топырақтың қарашірікпен қайта құнарланатын табиғи процесін үзбеген абзал. Сондықтан мен жапырақтарды күзде жинамаймын, кейде көміп тастаймын. Әйтпесе, топырақ тоза береді. Содан кейін күзгі суару деген бар. Кейбір адам күн суытысымен өсімдікке тіршілік көзі қажет емес деп есептейді. Негізінен, қатты суық түспей күзде суарып қойған дұрыс. Сонда ылғал төменде сақталып, көктемде ағаштар тез көтеріледі, көктейді. Сонымен қатар, мамандар түбіндегі су суықтан да қорғайда деп санайды. Қыста ағаштардың түбіне қар үйіп, суықтан қорғау қадамын да жасаймын, — дейді қысы-жазы бір тыным таппайтын жан.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы керек» деген еді. Тазалық мәдениетін қоғамда бекемдей түсудің де маңыздылығын айтқан еді. Яғни, бұл жұмыс бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның үлесімен атқарылатыны да айтылды. Ал тазалық сақтауды, қоршаған ортаға деген қамқорлықты өзінің азаматтың міндетіне, күнделікті тірлігіне айналдырса, нұр үстіне нұр еді. Елтас Бұлтықов – осындай жандардың бірі. Ол ешкімнің нұсқауынсыз, жан қалауымен жан-жағына пайдасын тигізуді, қолдан келген тірлік жасауды құп көреді.  Тазалық әрбір адамның әрекетімен қалыптасатынын айтады. Айнала көгал болып, күл-қоқыстан ада болғанын қалайды.

— Маңайымызда қоқыс тастаған адам көрсем, бірден ескертіп, жинатқызып жүремін. Іргемізде медициналық мекеме бар. Көлікпен келген кейбір адамдар шылым шегіп, тұқылын тастай салады. Байқап қалсам, бейнебақылау камерасының барын көрсетіп, ескрету жасаймын. Бірден жинап кетеді, — дейді Елтас аға.

Бұл ұстанымын бүгінде ұрпа-ғына үйретіп келеді. Әрекетімен балаларына, немерелеріне үлгі болуда.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.