Үздіктер қатарында

Қаз 2, 2025

Ақтөбе қаласында өткен VII халықаралық «BALAUSA» эксперименталдық спектакльдер фестивалінен павлодарлық театр ұжымы олжалы оралды. Аталған байқау Қазақстаннның Халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығына арналған.

Бұл өнер бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресей, Грузия, Татарстан елдерінен келген театр ұжымдары қатыстып, ерекше қойылымдарын ұсынған.

Аталмыш фестивальде Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры «Пері қатын» драмалық абсурдын сахналаған. Бұл қойылымда павлодарлық әртіс Дильназ Қиятова шеберлігімен ерекше көзге түседі. Ол Балауса есімді қыздың бейнесін сомдағаны үшін «Үздік әйел адам рөлі» аталымына ие болды. Жүлделі оралған жерлесіміз:

– Театр сахнасында жүргеніме үш жылға жуық уақыт болды. Осы аралықта мен екі рет жүлделі орын алдым. Яғни, бұл – екінші жетістігім. Бірінші жүлдемді Жезқазған қаласындағы Ж.Хаджиев атындағы IV халықаралық театр фестивалінен алған едім. Тура сол кейіпкермен «Екінші пландағы әйел рөлі» аталымын еншіледім. Ал осы жолғы марапатым маған шабыт сыйлады десем де болады. Алдағы уақытта тағы бір премьераға дайындық үстіндемін, – деді.

Аймақ намысын абыроймен қорғап келген Дильназ Қиятоваға өнер биігінде шарықтай бер дейміз.

Сара АВДОЛ.