Қандай көмек көрсетіледі?

Қаз 2, 2025

1 қазан – Қарттар күніне орай облысқа қарасты барлық қала мен ауыл-аймақта мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша төмен зейнетақы алатын қарияларға бірреттік ақшалай төлемдер берілді. Бұл туралы кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рахимованың айтуынша, өңірдегі ең төменгі мөлшердегі зейнетақы алатын жандарға 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 7864 теңге, ал жасы 80-нен асқан ең төменгі зейнетақы алатын қарттарға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (11796 теңге) қаржылай қолдау көрсетілген. Аймақ бойынша мұндай көмекпен 20 мыңнан астам зейнеткер қамтылған. Сонымен қатар, осы жылдың 22 қыркүйегінен бастап 20 қазанға дейін облысымызда «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылуда.

– Аталмыш акция аясында түрлі мекемелер, кәсіпорындар, үкіметтік емес ұйымдардың бюджет қаражаты мен жеке тұлғалардың демеушілік есебінен қарттарға қайырымдылық шаралары және әлеуметтік қолдаулар көрсетіледі. Осы мақсатта қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жалғызбасты азаматтар, зейнеткерлер, басқа да әлеуметтік осал топтарға жан-жақты қолдау көрсету үшін меценаттарды тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Аталған шара барысында 15 мыңнан астам адамға қамқорлық көрсетіледі деп жоспарланған, — дейді Әлия Рахимова. Сондай-ақ, ол «Қамқорлық» қайырымдылық акциясына қатысқысы келетін жомарт жандар қала-аудандардағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне немесе тұрғылықты жеріндегі ауылдық округтердің әкімдіктеріне жүгіне алатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай акция аймағымызда жылына 2 рет өткізіледі екен. Бұған дейін көктем кезінде ұйымдастырылып, 16 мыңнан астам азаматты қамтыған. Олардың қатарындағы 3 мыңға жуық зейнет жасындағы жандарға азық-түлік жиынтығы мен материалдық көмек көрсетілген.

Павлодар қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Марат Қожахметов шаһарда «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» жұмыс істейтінін мәлім етті.

– Бұл мекемеде қызықты демалыс ұйымдастыру, сондай-ақ, дәрi-дәрмексіз сауықтыру iс-шараларын ұсыну арқылы азаматтардың белсендi өмiр салтын ұстанып, әлеуметтiк-мәдени және рухани қажеттiлiктерін қанағаттандыруға бағытталған үйірмелер жұмыс істейді. Жыл басынан бері 831 адам түрлі қызметтермен қамтылды. Салауатты өмір салты клубтарында фитнес, йога, жеңіл атлетика, теннис сияқты арнайы спорттық бағдарламалар бар, — деді Марат Тоқмағамбетұлы.

Айта кетерлігі, облыс бойынша 6 қарттар үйі, 13 үй жағдайында қызмет көрсету орталығы, 2 ардагерлер үйі жұмыс істейді.

Ал өңірімізде жасы 100-ден асқан 16 қария тұрады. Оның ең үлкені 113 жаста, дейді басқарма өкілдері.

Нұржайна ШОДЫР.