Тілдер фестивалі өтті

Қаз 2, 2025

Ағымдағы жылдың 1-30 қыркүйек аралығы облыс бойынша «Тілдер айлығы» деп жарияланып, түрлі шаралар өткізіліп келді. Тілдер айлығы өткен сейсенбі күні қорытындыланып, облыс орталығындағы «Достық үйінде» тілдер фестивалі ұйымдастырылды.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, этнос арасындағы татулықты сақтауда тілдердің алатын орны зор екенін атап өтті.

– Тіл – тәуелсіздіктің айғағы, ұлттық құндылығымыздың тірегі, елдігіміздің басты нышаны. Әрбір ұлттың тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесі тіл арқылы өрнектеледі. Сондықтан да мемлекеттік тілді қастерлеу – баршамыздың ортақ парызымыз. Өңірімізде тұратын түрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді еркін меңгеріп қана қоймай, қызметте және күнделікті қарымқатынаста қолдануы ауызбіршілігі-мізді арттыра түсуде. Бұл — елдің ынтымағы мен тұрақтылығының кепілі, – деді Айгүл Қайыртасқызы.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының хабарлауынша, аталған тілдер айлығы шеңберінде облыстың қалалары мен аудандарында елімізде тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, тілін, тарихын және тұрмысын насихаттайтын 300-ден астам іс-шара өткен. Атап айтқанда, тілдерді насихаттауға арналған байқаулар, дөңгелек үстелдер, концерттік бағдарламалар мен конференциялар көптеп ұйымдастырылған.

Осы шара барысында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге үлес қосқан облыстың бірқатар азаматтарын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен, сондай-ақ облыс әкімі орынбасарының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ал «Достық үйінің» фойесінде аймағымыздағы түрлі этнос өкілдерінің басын қосқан этномәдени бірлестіктер өздерінің мәдениетін, салт-санасы мен дәстүрін және тілдерін айшықтайтын көрме ұйымдастырды. Онда әр ұлтқа тиесілі құнды жәдігерлер, тарихи туындылар және әдеби кітаптар қойылды.

Тілеуберді САХАБА.