Облыс орталығындағы мектеп мұғалімдері үшін де мерекелік кеш ұйымдастырылды. Игі шараға Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков қатысып, шаһардағы білім беру мекемелерінің өкілдеріне жүрекжарды лебізін білдірді. Салтанатты кеш барысында жетістікке жеткен ұстаздар марапатталды.
Соңғы жылдары Павлодар қаласындағы мектептерде бала саны артуда. Оларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру үшін ұстаздар үлкен үлес қосуда. Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында осынау еңбегін ерекше атап, құттықтауын білдірген қала әкімі Хасар Хабылбеков:
– Қымбатты ұстаздар мен педагогикалық еңбек ардагерлері, сіздерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – барша халыққа ортақ мереке. Мектеп қабырғасынан алыстап кетсек те, білімге жетелеген ұстаздарымызды әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырамыз. Жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді, Отанға деген махабатты дарытып, өмірдің қыр-сырын танытатын — сіздерсіздер.
Ұстаздың ұлағатты сөздері ешқашан ұмытылмайды. Бауыржан Момышұлы: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз», – деген. Сондықтан, ұстаздар қауымы алаңсыз шығармашылықпен айна-лысып, еңбек етуі үшін мемлекет барлық жағдайды жасап отыр.
Ардақты ұстаздар, ұрпақ тәрбиесі жолындағы қиын да жауапты орасан еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Шын жүректен баршаңызға зор денсаулық, қуанышты сәттердің мол болуын тілеймін. Ойлаған мақсаттарыңыз бен армандарыңыз орындалып, шығармашылық жеңістеріңіз көп болсын, — деді.
Мерекелік кеш барысында бір топ білім беру саласы майтал-манының есімі алтын кітапқа енгізілгені айрықша аталып өтті. Олардың қатарында отандық білімді дамытуға зор үлес қосқан ұлағатты ұстаздар бар екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, салтанатты кеште биік белестерді бағындырған педагогтар түрлі марапатқа ие болды. Атап айтқанда, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Ы.Алтынсарин төсбелгісімен Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің бастауыш сынып мұғалімдері, педагог-шебер Камал Жомартова және Динара Шабажанова, №29 мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер Наталья Остапенко, №1 жалпы білім беретін «Академия успеха» жекеменшік мектебінің бастауыш сынып мұғалімдері, педагог-шебер Татьяна Евсюкова мен Елена Рыбакова, Шапық Шөкин атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер Динара Темірбаева наградталды. Ал «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен №1 сәбилер бақшасының басшысы Бибігүл Естаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен №11 мектептің қазақ тілі мұғалімі Әсем Байжұманова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен №2 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айгүл Кәрібаева, №5 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Елена Гильц, №30 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Нина Смирнова, №14 мектептің математика мұғалімі Жанат Жұмаділова марапатталды. Сондай-ақ, жоғары кәсібилігі мен адалдығы үшін №42 мектепке дейінгі гимназияның басшысы Гүлмира Қожахметова, Камал Мақпалеев атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Мерғалиева және №9 сәбилер бақшасының әдіскері Жанар Рахимбаеваға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Бір топ ұстазға облыс әкімінің Алғыс хаты, Павлодар қаласы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары берілді.
Шараның ең қызықты сәті – қалалық «Жыл мұғалімі-2025» конкурсының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімі аталды. Нәтижесінде, аталмыш байқаудың бас жүлдесіне Кенжекөл жалпы орта білім беру мектебінің тарих пәні мұғалімі Гамал Кульжанов лайық деп танылды. Осы байқауда жүлделі І орын №35 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жанат Асановаға, ІІ орын №26 мектептің тарих пәні мұғалімі Дулат Омаров, ІІІ орын Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі Сәуле Әмірова мен Мұзафар Әлімбаев атындағы мектептің музыка пәні мұғалімі Бақытхан Оразбекке бұйырды. Ал республикалық «Үздік педагог–2025» байқауының қалалық кезеңінде Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Елена Никитина, Кенжекөл жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімдері Динара Арынова, Нағима Камашева, Гамал Кульжанов жеңімпаз атанды.
«Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі – 2025» қалалық конкурсының бас жүлдесін №30 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Сандуғаш Асайынова еншіледі. Бұдан бөлек «Заманауи менеджер», «Қамқор жүрек», «Шебер ұстаз», «Білім тарландары», «Мейірімді жүрек», «Өз ісінің шебері», «Адал еңбек» аталымдары бойынша бірқатар павлодарлық педагог сый-құрметке бөленді.
Салтанатты шара облыс орталығындағы өнер ұжымдары ұсынған мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Камал ЖОМАРТОВА, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері:
– Бала кезімде ұстаз болғым келетін. Бүгінде сол асқақ арманым орындалды. Білім беру саласында еңбек еткеніме 33 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында 200-ден астам шәкірттің сауатын ашып, оқу-жазуды үйретіп шығардым. Әрине, әлі де жас буынды білім нәрімен сусындатып, өз үлесімді қосамын деген ниеттемін. Мен мектепте сабақ берумен шектеліп қана қоймай, көп ізденіп, оқығанды ұнатамын. Соның арқасында 2-сыныпқа арналған «Жаратылыстану» оқулығын жазуға көмектестім, яғни осы кітаптың тең авторларының бірімін. Қазіргі күні бұл оқулық қолданыста. Сонымен қатар, бірнеше жыл бойы Ұлттық тестілеу орталығына тест тапсырмаларын құрастырушы-сарапшы ретінде үлесімді қостым. Мұның бәрі өз мамандығыма деген шынайы сүйіспеншіліктің белгісі деп білемін. Бүгінгі күні еңбегім еленіп, марапатқа ие болып жатқаныма қуаныштымын.
Гаухар БЕКМУРЗИНОВА, ардагер ұстаз:
– Менің педагогика саласында қызмет істегеніме биыл 48 жыл толып отыр. Қазір зейнеткермін. Әлі де күш-қуатым бар кезде бар білгенімді жас ұрпаққа үйретіп, тәжірибемді бөлісудемін. Кезінде мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеумен қатар, әкімшілік жұмыстармен да айналыстым.
Жалпы, ұстаз болу — жүрек қалауым. Бұл мамандықты өмір бойы сүйіп өтемін. Ең алғаш еңбек жолымды ауыл мектебінде бастадым, кейін қалада жалғастырудамын. Менің ізімді басып келе жатқан жастарға еңбек етуден жалықпаңдар, заман көшінен қалмай дамыңдар, білгендеріңді кейінгі буынға үйретіңдер дегім келеді. Ал осынау кәсіби мереке қарсаңында есімім алтын кітапқа енгенін естіп, риза болдым. Себебі, бұл – маған ғана емес, барша мұғалімге деген құрмет деп білемін.
Гамал КУЛЬЖАНОВ, Павлодар қалалық «Жыл мұғалімі-2025» байқауының бас жүлде иегері:
– Менің ұстаздық еткеніме 16 жылдай уақыт болды. Содан бері көп жетістікке жеттім. Мәселен, осы жылы Павлодар қаласы бойынша жыл мұғалімі атандым. Ал 2018 жылы тағы да білім саласындағы байқаудан бас жүлдені еншіледім. Сондай-ақ, 2017 жылы жеке авторлық бағдарламамен республикалық конкурсқа қатысып, ІІ орын алдым. Былтыр тағы да республикалық «Педагогикалық идеялар» конкурсынан жүлделі орынға қол жеткіздім. Жыл сайын қала, облыс мұғалімдері арасындағы олимпиадаларға да белсенді қатысып, марапатталып жүрмін. Шәкірттерім де осал емес. Түрлі байқауларда топ жаруда. Мұның бәрі маңдай тердің, ізденістің, мамандыққа деген адалдықтың нәтижесі деп білемін. Біздің ізімізді басып келе жатқан жас педагогтарға да көп еңбектеніңдер, кейін жемісін көресіңдер, деймін.
Нұржайна ШОДЫР.