Ауыл ауызсумен қамтылады

Қаз 9, 2025

Биылғы Республика күнін Аққулы ауылының тұрғындары ерекше қарсы алмақ. Өйткені аталмыш мереке қарсаңында жұртшылықтың көптен күткен тілегі орын-далмақ. Ауылға таза су беріледі.

Аққулы ауылын ауызсумен қамту жобасы 3 жыл бұрын басталған болатын. Бірақ жоба өз мақсатына жете алмаған. Өткен жылы қыркүйек айында  аталмыш жобаны қайта қарастыру туралы шешім қабылданған. Нәтижесінде жобаға тиісті өзгерістер енгізілді. Аққулы ауылының халқын тәулігіне тұрақты түрде таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Жобаның нәтижесінде ауыл тұрғындары үздіксіз әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі.

Қазір су құбырына жүргізілген күрделі жөндеу 90 пайызға аяқталған. Бүгінде тереңдігі 160 метрді құрайтын 4 ұңғыма дайын. Оның екеуі тұрақты жұмыс істесе, қалған екеуі резервке алынған. Ұңғыма секундына 5 литр су беруге қауқарлы.

Аудан әкімі Руслан Мұқанов  ауылдағы ауызсу жүйесін қайта жаңарту жұмыстарын бақылауға алған. Ұңғымалар бұрғыланып, бірінші көтеру станциясында абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Екінші көтеру станциясына сүзгіштер мен заманауи тазарту жабдықтары жеткізіліп, орнату жұмыстары басталды.

Мердігер ұйым «Логотек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мамандарының айтуынша, құрылыс—монтаждау жұмыстары аяқталған соң, іске қосылады. Осылайша, аудан тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізетін күн алыс емес.

Айдана ҚУАНЫШЕВА, Аққулы ауданы.