Баянауыл ауданының тұрғыны, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мәдени-сауық орталығының бас балетмейстері Көкенай Айтмаханованың биге деген махаббаты бала кезінен басталды. Ол төртінші сыныпта-ақ теледидардан көрсетілген гимнастика мен билерді көріп, қимыл-қозғалысты өздігінен қайталап үйренген. Бүгінде бұл әуестігі негізгі өмірлік кәсібіне айналды.
1984 жылы Ақсу қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің хореография бөлімін тәмамдаған Көкенай Айтмаханова 1987 жылы еңбек жолын бастаған. Алдымен Аймауытов ауылындағы мәдениет үйінде көркемдік жетекші болса, кейін аудандық мәдениет орталығына шақырылып, хореограф ретінде қызмет атқарды. Сол кезден бастап би оның басты ісіне айналды.
– Би – мен үшін сахналық өнер ғана емес, халқымыздың тарихын, тұрмысын, табиғатын жеткізетін тілі. Әр қойылымда халқымыздың дәстүрін, ұлттық болмысын ашуға тырысамын. «Қыз жасауы», «Қыз ұзату», «Балауса», «Тойбастар» секілді билерде халықтың шынайы өмірі бар. Табиғатымыздан шабыт ала отырып, таудың самалы, кең жайлау, қымыздың иісі — бәрі де қимылға айналып, көрерменге жетеді, – дейді ол.
Көкенай Айтмаханованың сөзінше, ұжымда кішкентай бүлдіршіндерден бастап жоғары сынып оқушыларына дейін жүздеген бала тәрбиеленеді. Әр топтың жас ерекшелігіне сай би қойылымдары бар. Мәселен, кішкентайларға көңілді, ойнақы билер ұсынылса, үлкендерге күрделі қимылдар мен классикалық элементтер қосылады.
– Үйірме балалар үшін тегін. Алайда сахналық костюмдерге бюджеттен аз қаржы бөлінгендіктен, ата-аналар өз қаржысына тіктіріп береді. Ата-аналардың қолдауы – біз үшін үлкен демеу. Сол кісілердің арқасында сахнаға шығып, жетіс-тіктерге жетіп жүрміз, – дейді ол.
К.Айтмаханованың басты ерек-шелігі – халық билеріне айрықша көңіл бөлуінде. Оның репертуарында тек қазақтың ұлттық билері емес, әлем халықтарының сахналық билері де бар. Бірақ ұлттық өнерге деген ықыласы бөлек.
– Халық биі – ұрпақ тәрбиесінің негізі. Ол жасөспірімге салт-дәстүрді, әдепті, шыдамдылықты, еңбекқорлықты үйретеді. Сондықтан мен әрқашан халық биін бірінші орынға қоямын, – дейді ол.
Көкенай Айтмаханованың 38 жылдық еңбек жолында түлектері көп. Дегенмен, 2019 жылғы түлектерін ерекше ыстық ықыласпен еске алады.
– Олар бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін бірге билеп, бір үйдің балаларындай болып өсті. Қазір де ұстаздарын ұмытпай, бірге араласып жүреді, – дейді ол.
Оның шәкірттері бүгінде елордадағы өнер оқу орындарында білім алып, хореография саласын жалғастыруда. Кейбірі болашақта ұстазына көмекші болып оралуды армандайды.
– Дайындаған ансамблім тек аудан көлемінде емес, республика және халықаралық деңгейде танымал. 2018 жылы Бурабайда өткен «Samara Fest» байқауында жеңімпаз атанып, Астанадағы «Қазақконцерт» сахнасында өнер көрсетті, 2020 жылы Грузияда өткен халықаралық конкурсқа қатысып, І орынмен оралды. Ташкенттегі байқауда бас жүлдені иеленді, – дейді Көкенай Айтмаханова.
Хореографтың еңбегі мемлекет тарапынан да бағаланды. 2019 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, 2021 жылы ҚР Президентінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Мәдениет министрлігі, облыс және аудан басшыларының Алғыс хаттарымен және дипломдармен марапатталған.
Көкенай Айтмаханованың айтуынша, соңғы жылдары ұжымға «Art sport» мемлекеттік жобасы зор қолдау көрсетіп келеді. Бұл бағдарлама арқылы көпбалалы отбасылардың балалары тегін үйірмеге қатысып, байқауларға бару шығындары өтеледі.
– Бұл – тамаша мүмкіндік. Өйткені, бір үйден төрт-бес балаға дейін қатысатын отбасылар бар. Оларға мемлекет тарапынан көмек берілгені – біздің еңбегіміздің жалғасуына, балалардың арман-дарын орындауына үлкен септігін тигізеді, – дейді ұстаз.
Көкенай Айтмаханова үшін би – тек өнер емес, өмірдің мәні. Ол сахна арқылы халықтың тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын жеткізеді. Оның отыз сегіз жылдан бергі еңбегі – шәкірттердің жүрегінде, сахнадағы мыңдаған қимылда, халыққа сыйлаған қуанышта байқалады.
Айдана БОРАНБАЕВА.