Өнер мен рух үйлескен кеш

Қаз 9, 2025

125 жыл бұрын 3 қазанда қазақтың біртуар ұлы, күйші, ақын Иса Байзақов дүниеге келген еді. Бүгінде ұрпақтары оның салып кеткен сара жолымен өнердің туын биіктетіп келеді.

Оның бір мысалы, облысымыздағы кішкентай дарындар. Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясында «Самға өнерлі ұрпақ! Иса жолымен…» атты мерекелік концерт өтті. Маусымның бірінші кеші ізгі дәстүрді жалғаған жастардың жарқын өнерімен басталды.

Бұл концерт тек музыкалық мереке емес, ұлт руханиятына тағзым кеші болды. Сахнада филармонияның кәсіби музыканттарымен қатар қаладағы музыка мектептерінде оқитын жас таланттар өнер көрсетті. Олар Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі әртістерінің балаларымен бірге халық әуендерін, классикалық туындыларды орындап, сахнаға жаңа леп әкелді.

Кеш бағдарламасында Евгений Брусиловский мен Нұрғиса Тілендиевтің ең танымал шығармалары шырқалды. Ал сахнадағы жас музыканттардың шабытқа толы ойыны мен орындаушылық шеберлігі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Шараға Нагишпаевтар отбасы қатысты. Кішкентай Ясмин ата-анасымен бірге бір сахнада өнер көрсетті.

— Бір сахнада өнер көрсету ол үлкен дайындықты қажет етеді. Өнер арқылы баламыздың бойына мәдениетке деген сүйіспеншілікті дарытқымыз келеді. Алғаш рет қаламыздың бас сахнасында Ясмин халық әні «Дударайды» оркестордың сүйемелдеуімен орындап шыққан еді. Ал осы жолы отбасылық орындауға куә болдыңыздар. Біз бір-бірімізден шабыт алып, алға ұмтыламыз. Өнерлі отбасы болу жауапкершілік пен шабыттың үйлесуін талап етеді деп ойлаймын, — деді, әкесі Айвар Нагишпаев.

Скрипкада ойнап, жұртты сүйсіндірген 8 жасар Айя Диасқызы:

— Скрипка аспабында ойнап бастағанда жасым 6-да еді. Маған бірден ұнады. Себебі, скрипка кішкентай әрі жарқырап тұрады. Үні де құлаққа жағымды. Әуенмен бірге әдемі қимыл жасағанда өзімді нағыз музыкант сезінемін. Бұл менің алғашқы сахнам.

Аталмыш кешке себепкер болып, жас өнерге қолдау білдірген филармония басшы-лығына алғысымызды білдіреміз.

Сара АВДОЛ.