Салық азайып, жеңілдік көбеймек

Қаз 16, 2025

«Достық үйінде» экономикалық саясатты және жаңа салық кодексінің негізгі нормаларын түсін-діруге арналған отырыс өтті. Кездесу барысында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев бастаған құзырлы орталық мекеме өкілдері жаңашылдықтар туралы әңгімеледі.

— Жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді едәуір жеңілдетуді көздейді. Салықтық есептіліктің көлемі 30 пайызға қысқарып, салық түрлерінің саны 20 пайызға азаяды. Сонымен қатар, жеңілдіктер мен алымдар жүйесі оңтайландырылуда. Бірқатар салық қысқарып, бірыңғай жер салығы алынып тасталады. Ал жекелеген салықтар бойынша мөлшерлемелер мен алымдар саны азаяды. Негізгі өзгерістер барлық салаларды қамтитын болады. Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап бұрын салықтан босатылған әлеуметтік салалар — медицина, білім және мәде-ниет ұйымдары табысына қарай салық төлей бастайды. Алғашқы жылы олар 3%, 2027 жылдан бастап 10% көлемінде корпоративтік табыс салығын төлейді, — деді экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев.

Ал ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған жеңілдіктер кеңейтілетін болды. Енді 100 пайыздық шегерімдер тек ғимараттарға емес, сондай-ақ өндірістік жабдықтарға, бағдарламалық қамтамасыз етуге, реконструкция мен жаңғырту жұмыстарына да қолданылады. Бұл отандық өндіріс пен кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға көмектеседі.

— Өткен жылдың желтоқсанында қабылданған ұлттық жоба аясында инженерлік желілердің тозу деңгейін 40% төмендету көзделген. Жобаларды қаржыландырудың 10%-ын тарифтік түсімдер жапса, қалған бөлігін мемлекет субсидиялайды. Сонымен қатар, халықаралық қаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер арқылы да қамтамасыз етіледі. Ал тариф деңгейін жылдың аяғына дейін көтеру жоспарда жоқ, — деді, ҚР Ұлттық экономика министр-лігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының  орынбасары Қанат Құлназаров.

Ауыл шаруашылығы саласында экономикалық саясат аясында мемлекет тарапынан қолдау көлемі артқан. Биыл көктемгі және күзгі егін жинау жұмыстарына 1 трлн теңге бөлінген. Бұл соңғы екі-үш жылмен салыстырғанда 10 есе көп. 1 қазаннан бастап аграршыларға айналым қаражатын алу үшін жеңілдетілген несиелер беріле бастады. Бұл шаруаларға қажетті материалдар мен жабдықтарды уақытылы сатып алуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық ғылым және білім департаментінің директоры Сұлтан Айхан келесідей мәлімдеме жасады.

— Маңызды бағыттардың бірі — егіс алқаптарын әртараптандыру. Яғни, астық және майлы дақылдар көлемін азайтып, мал шаруашылығына қажетті мал азығын өсіру көлемін кеңейту. Павлодар облысы көкөніс өнімдерін өндіруде ел бойынша алдыңғы қатарда тұр, өңірде көкөніс сақтау қоймаларының ең ірілері орналасқан. Ал «Отбасы» кепілдік қоры арқылы фермерлерге берілетін несиелердің 85%-ына дейін кепілдік беріледі. Бұл көптеген шаруалар үшін кепілді қажет етпеуге мүмкіндік туғызады.

Кездесу барысында облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко бизнес өкілдері кездесіп отырған мәселелерді көтерді.

— Президентіміздің соңғы Жолдауында айтылғандай, шағын сомалар үшін кәсіпкерлердің есепшоттарын бұғаттамау туралы норма енгізілген. Бірақ қазіргі жүйе бойынша тіпті аз сома болса да есепшоттар бұғатталуда. Бұл бизнеске қиындық туғызатыны сөзсіз. Сондықтан, осы бағытта қандай өзгерістер енгізіледі? Жаңа ережелерге қандай жеңілдік беріледі? деген сауал қойды И.Теренченко.

Ерлан Сағнаевтың сөзінше, қазіргі таңда егер салық берешегі 20 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын болса, онда кәсіпкердің есепшоттарына қатысты ешқандай мәжбүрлеу шаралары қолданылмайды. Ал егер қарыз сомасы 20-дан 45-ке (АЕК) дейін болса, онда есепшоттардың белгілі бір мөлшеріне шектеу немесе кассалық операцияларды бақылау қарастырылады.

Қонақтар тұрғындардың сауалдарына барынша жауап беріп, кейбір мәселелерді шешу жолдарын қарастыратындарын жеткізді.

Сара АВДОЛ.