Биыл Шарбақты ауылының тұрғындары «Ауыл — ел бесігі» бағдар-ламасының игілігін көрді. Елді мекендегі мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқушылар заманауи технологиялардың тілін меңгеруге мүмкіндік алды. Ауыл ішіндегі төрт көшеге асфальт төселген.
Ауылда жалпы ұзындығы 4 километр 160 метр болатын 4 көше жолы жөнделді. Бұл бағытқа жалпы сомасы 211 млн теңге бағытталған. Білім ошағы толығымен жаңа кейіпке енді.
— Шарбақты білім беру мектебінде 180 оқушы білім алады. Биыл 1 сыныпқа 13 бала қабылданды. Оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Мектеп ғимаратына соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2011 жылы жүргізілген болатын. Биыл «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында толық жөндеуден өтті. Ауқымды іс биыл сәуір айында басталып, тамыз айында аяқталды. Құрылыс жұмысы басталған уақытта оқушылар мектеп жанындағы интернатта оқуды жалғастырған болатын. Білім ошағының іші мен сырты жаңарып, жылыту, электр, автоматты өрт жүйесі толық ауыстырылды. Сонымен қатар, химия, биология, физика пәндеріне арналған жаңа 3 кабинет ашылды. Білім беру мекемесінде 35 мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде 3 жас маман бар. Мектебіміздің материалдық-техникалық базасының нығайтылуы сапалы білім беруге мүмкіндік сыйлады, — дейді мектеп директоры Айжан Белгібаева.
Қазір 11-сынып оқушылары «Түлектер аллеясына» ағаш көшеттерін отырғызуда. Мектеп 1966 жылы бой көтерген. Келесі жылы 60 жылдық қарсаңында білім ошағында мұражай ашылады деп күтілуде.
— Өткен жылы бес оқушы мектепті бітірді. Оның ішінде екі түлек мемлекеттік грантқа ие болды. Биыл 11-сыныпта 13 оқушы білім алады. Түлектердің ішінде заң және педагогика саласын таңдап отырғандар бар. Оқушыларымыз — облыстық, республикалық сайыстардың жүлдегері. Әсіресе, волейбол ойындары мен қазақ күресінен облыстық жарыстың жеңімпазы. Мектебімізде балаларға арналған 11 үйірме жұмыс істейді. Заманауи кабинеттер қаладағы білім ошағынан кем емес. Бастысы, жаңа оқу жылын жаңа кейіпке енген мектепте қарсы алған ұстаздар мен оқушылардың қуанышында шек жоқ, — дейді Айжан Мейрамқызы.
Шарбақты ауылдық округінде 1500-ге жуық адам тұрады. Ауыл халқы ауызсумен қамтылған. Балабақша бар. Биыл елді мекенге ерлі-зайыпты жас маман келген. Жас дәрігерлер ауыл халқына медициналық көмек көрсететін болады.
— Келесі жылы ауылда мәдениет үйі мен мәдени-сауық орталығының құрылысын жүргізу жоспарланған. Сараптама өткізілді, құжаттары дайын. Елді мекендегі мәдениет үйі ескіріп тұр. Осы іс жүзеге асса деген тілегіміз бар, — дейді Шарбақты ауылдық округінің әкімі Әсет Желдібаев.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.
Аққулы ауданы.