Қызығушылықтан басталған кәсіп

Қаз 23, 2025

Әр адам бос уақытын әртүрлі өткізеді. Біреуі сурет салады, енді бірі спортпен айналысады, ал кейбірі кітап оқуды жаны сүйеді. Ал павлодарлық Наталия Сафронова үшін сүйікті ермек – қуыршақ жасау. Ол бұл іске кездейсоқ келгенімен, қазір 12 жылдан бері қолдан қуыршақ жасап, балалар мен ересектерге қуаныш сыйлап келеді.

 

Оның айтуынша, қуыршаққа деген қызығушылығы немерелерінен бастау алған.

– Ол кез Жаңа жылдың қарсаңы болатын. Немерелеріме қандай сыйлық жасасам екен деп ойланып жүрдім. Сөйтіп, ғаламторды қолданып, қуыршақ жасауға арналған сайтты кездестірдім. Онда қолмен әдемі қуыршақ жасауға болатынын білгенде қатты таңғалдым. Содан бастап қызығушылығым оянды, – деп әңгімесін бастады ол.

Сол қызығушылық оны шеберлік сабақтарына жетеледі. Бірден іске кірісіп, алғашқы да небәрі жарты келі полимерлі саз балшық сатып алған. Соның өзінде бір айдың ішінде жеті қуыршақ жасап үлгерген.

Қазір Наталия түрлі мерейтой, туған күн және отбасылық шараларға тапсырыс қабылдайды. Туыстарына арнап портреттік қуыршақ жасап беруді дәстүрге айналдырған. Әрбір туындысына ерекше мән беріп, әдемі әрі сапалы болуы үшін матаның түр-түрін қолданады. Оның ішінде атлас, жібек, пайетка, жылтыр таспалар бар. Ал ұлттық нақыштағы қуыршақтарға арнайы әшекейлерін бөлек сатып алатынын айтады.

– Тапсырыс берушілер маған бірнеше фотосуретін жібереді. Өйткені қуыршақтың адамға барынша ұқсас болуы маңызды. Әсіресе, бет бейнесін жасау көп еңбекті талап етеді. Кейде тек беттің өзіне үш-төрт күн уақытым кетеді. Ал қалыңдық пен күйеу жігіт бейнеленген қуыршақтарды бір айға жуық жасадым. Киімдерін тігуге бір апта уақыт жұмсалды. Мұндайда ұсақ-түйектің өзіне мән бермесең, нәтиже шықпайды, – дейді шебер.

Наталияның қолынан шыққан әр қуыршақтың өз тарихы бар. Оның есте қалған жұмыстарының бірі – қолына хрусталь аяқ киім ұстаған етікші қуыршақ. Бұл ерекше туынды Ресей елінің Екатеринбург қаласына жөнелтіліпті. Сондай-ақ, ол жұмсақ синтетикадан жасалған ата мен әже қуыршақтарына татар ұлттық киімдерін тігіп, арнайы мерекеге дайындаған.

Шебердің айтуынша, қуыршақ жасау оңай шаруа емес. Әр қуыршақ пеште 130 градуста 30 минут бойы пісіріледі.

– Пешке салмас бұрын балшық әлі жұмсақ болғандықтан, пішінін түзетіп, соңғы өзгерістер енгізуге мүмкіндік бар, -дейді ол.

Наталия үшін қуыршақ жасау – жай ғана кәсіп емес, жүрек қалауымен жасалатын іс. Оның айтуынша, әр қуыршақ – бір адамның тарихы, бір отбасының қуанышы мен естелігі. Сондықтан әр туындысын жан-тәнімен беріліп орындайды.

Айдана БОРАНБАЕВА.