Павлодар облыстық Торайғыров атындағы кітапханада қазақтың даңқты қолбасшысы, ел қорғаған ер Бөгенбай батырдың 345 жылдығына арналған «Қазақтың қамал қорғаны» атты сұхбат-конференция өтті. Шараның басты мақсаты — батыр бабамыздың жауынгерлік рухын еске алып, оның ерлік істерін жас ұрпақтың санасына сіңіру.
Қанжығалы Бөгенбай — 1680 жылы Сырдария өзенінің жағасында дүниеге келген әйгілі қолбасшы, Қанжығалы руынан шыққан атақты батыр. Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғыстарда қазақ жасақтарының бас сардарлары-
ның бірі болды. Абылай ханның сенімді серігі, елінің тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығы үшін өмірін арнаған қаһарман. 1775 жылы Торғай өзенінің жағасында дүниеден өтті. Бөгенбай батырдың ерлігі мен есімі қазақ халқының азаттық рухының символына айналды.
Іс-шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, колледж студенттері мен ұстаздар қатысты. Алдымен қатысушыларға Бөгенбай батырдың өмір жолын баяндайтын бейнематериал көрсетілді.
Алғашқы сөзді «Ақсақалдар тағылымы» бірлестігінің мүшесі Совет Әмірханов алып, батыр есімін дәріптеу ісінің сирек ұйымдастырылатынын айтып, халықты рухани оянуға шақырды: — Мен 80 жаста болсам да, Бөгенбай батырдың атындағы көше болсын деп талай жылдан бері күресіп келемін. Батырымыздың атына бір көше берілсе, нұр үстіне нұр болар, —
деді ақсақал.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамет Тұрышев батырдың ел үшін сіңірген еңбегін жоғары бағалап, оның арқасында жеріміздің тұтастығы сақталғанын атап өтті. Ол жас ұрпаққа тіл мен рухты сақтаудың маңызын жеткізіп, «Қазақ елі жасасын!» деп сөзін аяқтады.
Келесі кезекте «Құс қанат ғұмыр» әдеби ұйымының жас ақындары жүрекжарды жырларын оқып, залды ерекше сезімге бөледі.
Ақын, өлкетанушы Сайлау Байбосын конференцияның маңыздылығын атап өтіп, «Бөгенбай батырдың деңгейіндегі тұлғаға лайық іс-шаралар жиі өтуі керек» деген түйін жасады.
Жазушы, әдебиеттанушы, «Қанжығалы Бөгенбай» тарихи романының авторы Серік Елікбай, бала күнінен батыр туралы жырларды тыңдап өскенін айтып, Бөгенбай есімін ұлықтауға өмір бойы атсалысып жүргенін жеткізді.
Соңғы сөзді Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Болат Аманбаев алды. Ол Бөгенбай батыр ақылмен, ерекше өзіндік әдісімен соғысқан нағыз сардар болғанын атап өтті. «Сарбаз бен сардар – екі бөлек ұғым. Ал Бөгенбай – нағыз сардар, ел қамалындай тұлға еді», – деді ол.
Жиында айтылған пікірлердің барлығы бір арнаға тоғысты. Бөгенбай батырдың есімі тек тарих беттерінде ғана емес, бүгінгі қаламыздың көшелерінде, оқу орындарында, ұрпақ жадында мәңгі сақталуы керек. Жиналған қауым батырдың атына көше беру мәселесін қайта көтеріп, бұл бастамаға ел болып қолдау білдіру қажет деген ортақ шешімге келді.
Шараны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ұйымдастырды.
Бұл конференция ұлт рухын көтеріп, батырлар ерлігін ұлықтауға арналған тағылымды басқосу болды. Қанжығалы Бөгенбайдай батырлардың есімін дәріптеу — тарих алдындағы парыз, ал олардың ерлігін ұрпақ жадында сақтау — елдігіміздің айғағы.
Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.