Облысымыздың Құрметті азаматы, белгілі қоғам қайраткері Қабидолла Шәкерімовтің 90 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.
Өз өмірін халық игілігіне сарп еткен, «Замандас» ардагерлер клубының жетекшісі болған Қабидолла Нұрсейітұлы өз заманында аймақтың өркендеуіне елеулі үлес қосқан. Еңбек жолын Павлодар трактор зауытында бастаған ол, кейін облыстық партия комитетінде екінші хатшы болған.
Еске алу шарасы оның аймағымызға сіңірген еңбегін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. Көрермендер назарына қайраткердің өмір жолын баяндайтын деректі фильм көрсетілді. Бір сағаттық бұл туындыда Қабидолла Шәкерімовтің қилы да қызықты кәсіп жолы көрініс табады.
— Бұл фильмде Қабидолла Нұрсейітұлының қызметтік өмірі толық әрі нақты көрсетілген. Мен білетін Қабаң ешкімнен қорықпайтын. Билікке ашық үндеу жасау ол кездегі күрделі әрекеттердің бірі еді. Бірақ сонда да ол әрдайым шындықты жақтайтын, — деді Павлодар облысының Құрметті азаматы Боранбай Сқақов.
Еске алу кешіне оның туыстары, әріптестері, қоғам қайраткерлері қатысты. Шараға арнайы шақыртылған қайраткердің жұбайы Әсима Шәкерімоваға облыс әкімі атынан гүл шоқтары табысталды.
— Құрметті жиналған қауым! Қабаңды еске алып жатқандарыңызға рақмет. Екеуіміз 65 жыл бір шаңырақ астында тұрдық. Оқып жүріп отбасылық өмірге қадам бастық. Фильмді көріп отырып, бүкіл ғұмырым көз алдымнан өткендей болды. Маңдайыма осындай жармен отасу жазылғанына ризамын, — деді зайыбы Әсима Шәкерімова.
Өзі негізін қалап кеткен қарттарға арналған «Замандас» клубының ардагерлері жолдастарын сағына еске алып, ән шашуын арнады. Қазіргі таңда осы шағын ұйым жүздеген зейнеткердің шығармашылық орталығы болып отыр.
Сонымен қатар, Қабидолла Нұрсейітұлының өмір жолына арналған «Повороты судьбы» кітабының тұсауы кесілді. Автор Вера Шәкерімованың сөзінше, кітаптың алғашқы беттері оның отбасы туралы жазылған. Аталмыш шығарманы жазарда қайраткердің өмір жолын сипаттайтын 200 беттен астам ақпарат жинақталған.
Сара АВДОЛ.