С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада еліміздің бас мерекесі — Республика күніне арналған «Қыран елім — Қазақстаным» атты кітап көрмесі ашылды. Оған қазақ халқының ежелгі тарихын, еркіндік пен егемендік жолындағы ұлы оқиғаларды, Тәуелсіздік жолындағы күрес жолдарын және одан кейінгі мемлекет ретінде қалыптасу кезеңін суреттеген тарихи және көркем әдебиеттер қойылды.
Көрменің ашылу салтанатына Павлодар қаласындағы №5512 әскери бөлімінің сарбаздары мен кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысып, көрмеге қойылған әр кітапты ерекше қызығушылықпен тамашалады. Кітапхананың бөлім басшысы Бақытжан Букашева көрмеге шолу жасап, әр әдебиеттің маңыздылығына, құндылығына тоқталды.
— Республика күні – халқы-мыздың еркіндікке ұмтылысын, өз болашағын өзі айқындауға деген құқығын паш еткен күн. Бұл мереке – еліміздің мемлекеттілігінің бастауы, ұлттық бірлік пен тұтастықтың белгісі. Бұл көрменің мақсаты — Тәуелсіздік алғаннан кейінгі егеменді Қазақстанның қалыптасу тарихымен танысу, сондай-ақ еліміздің қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани өміріндегі оң өзгерістерді насихаттау, қоғамда жоғары жауапкершілікті және отан-сүйгіштікті, Қазақстан азамат-тарының бірлігін көрсету, — деді Бақытжан Тасымханқызы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеде мемлекет тарихы, Қазақстанның құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуы бойынша 100-ге жуық құнды кітап орын алған. Олардың ішіндегі ерекше көзге түсетін еңбектер қатарында «Желтоқсан-86» жинағының 10 томдығы, М.Қозыбаевтың «Киелі Тәуелсіздік» еңбегі, М.Қойгелдиевтің «Тарих — күрес алаңы» ой-толғауы, Ж.Кәрібайұлының «Атамекен», Ә.Қалмырзаевтың «Ұлттық идея» сынды зерттеу еңбектері бар. Одан бөлек, «Қазақстан тарихы», «Мәңгілік ел», «Қазақстан Республикасы: саяси жаңғыру» сынды нақты ғылыми негіздермен жазылған тарихи деректі жинақтарды да тамашалауға болады.
— Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға келіп, ерекше кітап көрмесінің ашылуына куә болудамыз. Мұнда қойылған әрбір кітаптың ішінде еліміздің өткенін, халқымыздың басынан өткен қилы тағдырын, жүріп өткен жолын көрсететін маңызды деректер бар екен. Сондықтан, қай-қайсысы болса да оқуға тұрарлық еңбектер деп ойлаймын. Мысалы, бұрын «Көк тудың желбірегені» деген әнді естісек, бүгін тура сол атаудағы кітапты тамашалап, автордың басқа да өлеңдерін оқыдық. Ұйымдастырушыларға ерекше алғыс білдіремін, — деді қатардағы жауынгер Бексұлтан Серікбеков.
Тілеуберді САХАБА.