Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» дәстүрге айналған патриоттық «Әнімді саған арнаймын, Қазақстан!» атты ән фестивалі жоғары деңгейде өтті. Биылғы шара еліміз үшін маңызды мерейтой – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Республика күніне арналды.
Фестивальге Екібастұз қаласы, Железин, Успен және Шарбақты аудандарынан, сондай-ақ өңір-дегі этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Белорус, қарашай-черкес, қабардин-балкар, поляк, украин, неміс, фин-угор және славян этномәдени орталықтарының өкілдері қазақ тілінде патриоттық әндер орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
– Мұндай фестивальдер – мемлекеттік тілді үйренудің, ұлттық рухты сезінудің және халықтар достығын нығайтудың тиімді жолы. Ән арқылы қазақ тілін құрметтеп, үйренуге болады. Бұл шара көпұлтты елдің бірлігін айқындайтын тамаша дәстүрге айналды, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Рамиль Смаилов.
Айта кетерлігі, биыл фестиваль алғаш рет байқау форматында ұйымдастырылды. Қатысушылардың орындаушылық шеберлігі, сахна мәдениеті мен патриоттық тақырыпты ашудағы ерекшеліктері қазылар алқасының тарапынан жоғары бағаланды. Нәтижесінде үздік ұжымдарға бас жүлде, үш жүлделі орын және екі арнайы аталым табысталды.
Шара соңында қатысушылар бір-біріне шығармашылық табыс тілеп, көрермендермен бірге «Менің Қазақстаным» әнін орындады.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.