Тереңкөл аудандық музыка мектебінде Қазақ КСР Халық әртісі, әйгілі күйші, домбырашы, атақты жерлесіміз Рүстембек Омаров атындағы кабинет ашылды. Салтанатты ашылу сәтіне аймағымыздың мәдениет саласының майталмандары қатысты.
Бұл айтулы шара Республика күніне орай және «Адал азамат» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Яғни, жас ұрпақтың рухани тәрбиесін нығайту, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсат етілген.
Тереңкөлдіктер үшін айтулы шараға аудан әкімдігінің өкілдері, И.Байзақов атындағы облыстық филармониясы, Р.Омаров атындағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Талғат Кәрімов бастаған өнер азаматтары қатысты. Талғат Баритұлы музыка мектебінде арнайы кабинеттің ашылуы алдағы уақытта мұнда мықты әншілер мен күйшілердің тәрбиеленіп шығуына ықпал ететініне сенім білдірді. Күйші атындағы кабинетке Рүстембек Омаровтың «Жастық шақ» күйінің партитурасын сыйға тартты.
Ал Павлодар қаласындағы музыкалық колледж, дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты кешенінің басшысы Серік Сыздықов жалпы қазақтың күй өнері дегенде Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Қазанғаптардан қалған ізбасарлардың қатарына Ертіс-Баян өңірінің мақтанышы Рүстембек Омаровтың есімі енетінін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол бүгінде атақты жерлесіміздің есімін ұлықтауға туған жерінде түрлі шаралар қабылданып жатқанын да айтты.
Аудандық музыка мектебінің директоры Рустам Бесеновтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда өнер ордасында 170-тен астам оқушы түрлі бағытта білім алуда. Кабинет күйшінің өмірі мен еңбегіне арналған көрнекті материалдармен безендірілген. Рүстембек Омаров есімін иеленген кабинет жас таланттардың шабыт ошағына, ұлттық өнерді ұлықтайтын орынға айналары анық.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.