Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының сахнасында 36-маусымның алғашқы премьерасы – «Мұғалім» әлеуметтік драмасы көрерменге жол тартты. 21-22 қазан күндері өткен қойылым қоғамдағы ең өзекті тақырыптардың бірі – ұстаз мәртебесі мен ата-ана, бала, мұғалім арасындағы қарым-қатынас мәселесін көтерді.
Қойылымның басты идеясы – мұғалімнің қоғамдағы орнын, оның еңбегінің рухани маңызын ашу. Режиссер Әділет Ақановтың айтуынша, бұл тақырып уақыт өткен сайын өзекті бола түсуде.
— Бүгінгі таңда мұғалім мен ата-ана, бала арасындағы байланыс әлсіреп барады. Біз осы қойылым арқылы әркімнің өз ісіне сырт көзбен қарауына, ой түюіне себепкер болғымыз келді, – дейді режиссер.
Рөлдерді театрдың жас және орта буын актерлері сомдады. Әділет Ақанов кейіпкерлер құрамын таңдауда әр образдың өміршең болуына баса назар аударғанын айтады.
Актриса Еркежан Төлеубек ағылшын тілі мұғалімі Айдана Айдарбекқызының бейнесін сомдады. Оның айтуынша, кейіпкері – өз ісіне адал, балалардың жүрегіне жол таба білетін педагог.
— Мен өзім мұғалімнің қызымын. Сол себепті бұл рөл мен үшін ерекше жақын. Айдана образы арқылы мұғалім еңбегінің жауапкершілігін тағы бір рет терең сезіндім, — дейді актриса.
Жас актриса Жанар Назикенова 11-сынып оқушысы Заринаның рөлін ойнайды. Ол рөлдің қиын да қызықты тұстарын атап өтті.
— Сахнадағы ең әсерлі сәт – анаммен қарым-қатынасқа арналған көрініс. Бұл жер маған көп ой салды. Ал ең қызығы — блог түсіру сахнасы, — дейді ол.
Қойылымның ұйымдастырылуына театрдың әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Аружан Оразова жетекшілік етті. Оның айтуынша, бұл пьеса — тек Павлодар театрының емес, Қазақстанның бірнеше өңірінде сахналанып жүрген өзекті шығарма.
— Қойылымды жүзеге асыру ауқымды еңбекті талап етті. Режиссер мен актерлерден бөлек, суретшілер мен техникалық қызметкерлердің де үлесі зор, – дейді ол.
«Мұғалім» драмасы көрерменге ой салар, тәрбие мен адамгершілік жайлы толғаныс тудырар ерекше қойылым болды. Спектакльдің соңындағы басты ой — қоғамды өзгертудің тиімді жолы — мұғалім еңбегін құрметтеу, ұстаздың мәртебесін арттыру.
Әлеуметтік драма көрерменге ерекше әсер қалдырды. Премьераға қаладағы білім беру мекемелерінің ұстаздары, студенттер мен оқушылар қатысты. Солардың бірі – Ақпараттық технологиялар колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Ләззат Нұрмағамбетова.
— Негізінен атам мен туыстарым ұстаздық жолда қызмет еткен. Соларға қарап, менің де еліме пайда тигізгім келді. Осы қойылымнан кейін ерекше толқыныс пайда болды. Қарапайым сахналар арқылы мұғалімнің жан дүниесі, қоғамдағы орны терең ашылған. Шынайылығы мен эмоциялық әсері көрерменді бірден баурайды. «Мұғалім» сияқты қойылымдар арқылы адамдардың жүрегіне жол тауып, адамгершілікті арттыруға болады – деді мұғалім.
Бұл спектакль мектеп пен отбасындағы рухани байланыстың, ұрпақ тәрбиесінің маңызын айқын көрсетеді.
Аружан ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ.