«Үздік педагог» атанды

Қаз 30, 2025

Республика күні қарсаңында қазақстандық 64 ұстаз «Үздік педагог» атағымен марапатталып, қомақты сыйақыға қол жеткізді. Олардың қатарында павлодарлық білікті ұстаз, Ақсу қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияның мұғалімі Ақмарал Есенғожина да бар.

Елдегі ең беделді педагогикалық байқау жеңімпаздарын ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова салтанатты түрде марапаттады. Оның айтуынша, бұл байқау арқылы білім беру саласының үздіктерін анықтап, олардың озық
тәжірибесін өзгелермен бөлісу көзделуде.

– Мемлекеттің ұстаздарды қолдауы білім саясатының басты бағыты ретінде айқындалады. Республика көлемінде үздік педагогтар пулы қалыптастырылды. Біздің басты мақсатымыз – әр баланың әлеуетін ашуға, өмірде өз орнын табуға мүмкіндік
беретін әділ, қолжетімді және сапалы білім жүйесін қалыптастыру. Мемлекет басшысының қолдауы
мен қоғамның сенімі – осы жұмыстың басты қозғаушы күші, — деді министр құттықтау сөзінде.

Аталмыш додада жүзден жүйрік атанған жерлесеміз Ақмарал Еркенқызы білім беру саласында 27 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді. Бүгінде жылдар бойы жинаған мол тәжірибе мен маңдай тердің нәтижесін көрген ол:

–  Республикалық байқауда үздіктер қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Бұл – менің ғана емес, Қ.Сәтбаев атындағы гимназия ұжымының ортақ жеңісі деп білемін. Сол үшін алдымен білім беру мекемесінің директоры Әскербек Дүйсембаевқа, әріптестеріме және облыстық білім беруді дамыту инновациялық орталығының білікті маманы, маған үнемі бағыт-бағдар беріп жүрген әдіскер Балжан Мағауияқызына, жас та болса осы байқауға қатысуыма көмектескен маман Балнұр Айтбайқызына айтар алғысым шексіз.

Ал бұл конкурсқа тоқталар болсам, үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Біз алдымен аудандық, облыстық кезеңнен сүрінбей өттік. Содан кейін ғана іріктелген 8 павлодарлық мұғалім республикалық байқауда бақ сынадық. Білім додасы
2 турдан тұрды. Бірінші кезеңде құжаттарымызды, жетістіктерімізді, яғни портфолио тапсырдық. Екіншісінде Астана қаласындағы №87 Абай атындағы гимназияда оқушыларға офлайн форматта сабақ бердік. Екі турдың қорытындысы бойынша жалпы ұпайым жоғары болып, жеңімпаз атандым. Менің ойымша, бұл сайыс әділ әрі жоғары деңгейде өтті. Осы жолы да өзіме үлкен сабақ алдым, – дейді. Бұл ретте, Ақмарал Есенғожинаның бұған дейін де жеткен жетістіктері көп екенін атап өткен жөн. Мәселен, былтыр ол «Жыл мұғалімі» атанған екен.

Айта кетерлігі, «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздарына 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақы берілді.

Жалпы, бұл конкурс елімізде 2012 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Содан бері 752 ұстаз
мәртебелі атаққа ие болған. Ал ағымдағы жылы респуб-ликалық сайыстың іріктеу кезеңіне 1468 педагог қатысып, оның 793-і облыстық деңгейде бақ сынады. Финалдық кезеңге 174 маман жолдама алып, 64-і үздік атанды.

Н.ШОДЫР.