Облыстың білім беру ұйымдарындағы азық-түлік бағаларына жүргізілген тексеріс нәтижесінде бірнеше заңбұзушылық анықталып, мемлекеттік сатып алудағы артық шығынның жолы кесілді. Нәтижесінде, бюджеттен 10 млн теңге үнемделді.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жоламан Қиналбековтың айтуынша, аталмыш департамент мамандары мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерді жүйелі түрде талдап, бағаларды нарықтық көрсеткіштермен салыстырады. Егер сатып алу құны шектен тыс жоғары болса, бұл туралы облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарлама жолданады.
– Мұндай жағдайда тексеріс жүргізіліп, мекемелер бағаны қайта қарайды. Соның арқасында артық шығынның алдын аламыз, – дейді Жоламан Қиналбеков.
Талдау барысында бағаның негізсіз өсуі қырыққабат, картоп, пияз, сәбіз, бірінші сорттағы ұн және жұмыртқа секілді әлеуметтік маңызы бар өнімдер бойынша тіркелген.
– Мәселен, кейбір жағдайларда қарақұмық бағасы 191 пайызға, бірінші сортты ұн 238 пайызға, картоп 78 пайызға, ал сәбіз 30 пайызға қымбат көрсетілген. Бірақ сатып алу процесі аяқталмай тұрып анықталғандықтан, тек алдын алу шаралары қабылданды, – деді ол.
Сонымен қатар, департаменттің бастамасымен жүргізілген тексерулер барысында бес кәсіпкердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату кезінде сауда үстемесін заңда белгіленген шектен асырғаны белгілі болды. Бұл деректер облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жолданып, нәтижесінде кәсіпкерлердің барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Бұрын мұндай жағдайда тек ескерту жасалатын. Ал биылдан бастап заң қатайып, енді бірден айыппұл салынады, – деді Ж.Қиналбеков.
Жоламан Тойғазыұлының сөзінше, аймақта 2022 жылы құрылған облыстық комиссия әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының тұрақтылығын тұрақты түрде бақылап келеді. Оның құрамына әкімдік, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және білім басқармалары мен экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары кіреді.
Биыл комиссия мен департаменттің бірлескен жұмысы нәтижесінде 16 артық делдал анықталып, олардың қызметі тоқтатылды. Бұл өз кезегінде өңірде азық-түлік бағасының өсуін тежеген.
– Мысалы, соңғы бұзушылық шілде айында тіркелді. Бір кәсіпкер тауарды көтерме бағамен алып, оған 15 пайыздан жоғары үстеме қосып сатқан. Соның салдарынан оған 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды, –
деді ол.
Ол, сондай-ақ, бүгінде облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тапшылығы байқалмайтынын атап өтіп, кәсіпкерлерді белгіленген сауда үстемесін қатаң сақтауға шақырды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
