Дәстүр мен өнердің тоғысы

Қар 6, 2025

Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Халықтың бірлігі – өркендеудің негізі» атты облыстық этномәдени фестиваль-конкурсының қорытынды гала-концерті өтті. Аталған шараға облыстық этномәдени бірлестіктердің 200-ден астам өнерпазы қатысты.

Фестивальге облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова да қатысып, этнофестивальдің ел бірлігі мен достықты дәріптейтін, бейбіт өмір мен татулықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.  Кейін үздік атанған өнер ұжымдарын марапаттады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Ассамблея – қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықтың, өзара құрмет пен теңдіктің белгісі.  Ал этнофестиваль – түрлі этностың өнері мен мәдениетін тоғыстырған, ел бірлігі мен достықты дәріптейтін мереке. Бұл шара – еліміздегі бейбіт өмір мен ортақ құндылықтардың жарқын көрінісі, – деді Айгүл Қайыртасқызы.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы –этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Қымбат Дощанованың айтуынша, фестиваль барысында кәсіби қазылар алқасы облыстың қалалары мен аудандарында болып, көркемөнерпаздар ұжымдарының өнерін бағалаған. Ал үздік деп танылған қатысушылар гала-концертте өнер көрсетіп, бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.

– Фестивальге барлығы 770-тен астам шығармашылық ұжым қатысты. Олардың арасынан үздік деп танылған 200-ден астам өнерпаз қорытынды гала-концертте өнер көрсетті,  – деді Қ.Дощанова.

Қорытынды гала-концертте қазақ, орыс, татар-башқұрт, украин, неміс, шешен-ингуш, өзбек, армян, белорус, кәріс және басқа да этномәдени бірлестіктердің өнер ұжымдары өнерлерін паш етті. Фестивальдің маңызды бөлігі ретінде қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, онда ұлттық мәдениеттің бай мұрасы таныстырылды. Әсіресе, қазақтың кестелі киімдері, ағаш пен теріден жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер мен тоқыма өнімдері көрерменге ерекше әсер қалдырды. Кейін үздік шеберлер марапатталды.

Мәселен, Зейнолда Өмірбек жоғары шеберлік көрсеткені үшін 1-орынға ие болса, Евгений Селивончик, Гүлбақыт Жұмасанова және армян этномәдени қауым-дастығының шебері Галина Скляр 2-орынмен марапатталды. Ал Айсұлу Бисмильдина мен  неміс этномәдени бірлестігінің өкілі Любовь Яркова, белорус этномәдени бірлестігінің мүшесі Владимир Острейчук 3 дәрежелі дипломмен марапатталды. Барлық жүлде иелеріне дипломдармен қатар тұрмыстық техникалар табыс етілді.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген – Константин Шелков.