Қараша айының үшінші жексенбісі — ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні. Бұл — ел экономикасына серпін беретін негізгі салалардың бірі. Отандық агросектордың дамуына үлес қосып жүрген әр шаруашылықта көптеген адамның адал еңбегі бар.
Дәл осындай қызметкерлердің шоғыры Баянауыл ауданында «Баян сұлу» шаруа қожалығында жинақталған. Мұнда барлығы 20 адам жұмыс істейді. Шаруашылықтың ерекшелігі сол, егіншілік те, мал өсіру жұмыстары да қатар қамтылған. «Баян сұлу» қожалығы кәсіпке 2010 жылдан бастап араласқан. Мұндай істе екі есе күш-жігер керек дейді жеке кәсіп иесі Абылай Жүнісов.
— Бұл істі мен өз күшіммен аштым. Шаруашылықта екі сала қатар жүргендіктен қиыншылықтар көп кездеседі. Бірақ, табыс та анағұрлым жақсы. Негізінен майлы дақылдар өсірумен айналысамыз. Қазіргі таңда бидай өнімі бойынша гектрынан 5 центнер астық жинадық. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда жоғары нәтиже. Мал шаруашылығында ірі қара, қой, жылқы өсіріп, сатумен айналысамыз, — деді ол.
Қос сала екі бөлек жерде жұмыс жасауда. Сондықтан ешқандай өзара келеңсіздік орнамайтын көрінеді. Егін егуге арналған 2,5 мың гектар жер болса, мал шаруашылығына арнап биыл қора салу жұмыстары сәтті аяқталған. Мемлекет тарапынан берілетін «Кең дала – 2» бағдарламасы арқылы несие алған. Алайда, басқа бағдарламалар қолжетімді болмай тұрғанын жеткізді. Қазір шаруашылық өз шығындарын өзі өтеп тұр.
Бұл — бір ғана мысал. Алайда жеткілікті астықтың камбаға жиналуы, сүт, ет өнімдерін дайындау адал еңбек пен маңдай терді қажет етеді. Статистика бойынша елімізде ауыл шаруашылығындағы егістік осы жылы рекордтық көрсеткішке жетіп, 2,7 млн тонна астық жинаған. Ал мал шаруашылығы бойынша ірі қараның бағасы өскен. Бұл — жайылымның жайлы болғанының белгісі. Ең бастысы — ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жұмысының нәтижесі.
Тынымсыз еңбек иелерін кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!
Сара АВДОЛ.
