Отан… Бұл — әр адамның жанына жақын, жүрегіне жылы тиер сөз. Осы сөздің астарында қаншама мағына жатыр десеңізші?! Отан дегеніміз — туып-өскен жерің. Қазақ халқының бастан кешкен тарихы, ел бірлігін, бостандығын, елін, жерін қайтсек сақтап қаламыз деп құрбан болған апаларымыз бен есіл ерлеріміз.
Құс ұясыз болмайтындай, адам Отансыз болмайды. Ал менің Отаным — сонау Каспийден Алтайға дейін созылып жатқан қасиетті өлке — Қазақстан.
Қазақстан дегенде көз алдыма шалқыған жайлау, түтіні бұрқыраған ауыл, жазық дала елестеп, бақтағы бұлбұл құстың үні мен айдын көлдегі аққу құстың қиқулаған дауысы құлағыма келеді.
Қазақстан — тәуелсіз ел. Сол тәуелсіздік жолында қазақ бабам не көрмеді десеңізші?! Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе, XX ғасыр қазақ халқына ауыр тиіп, қайғыға толы кезеңімен есте қалды.
1916 жылдағы көтеріліс, 20-жылдардағы аштық, 30-жылдардағы тоталитарлық жүйе, Ұлы Отан соғысы, 1986 жылғы жерді дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасы. Мұның барлығы да қазақ жеріне ауыр жара салды. Қанша қиыншылық келсе де, біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Себебі, бұл — тарих. «Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген ұлы даналық сөз бар емес пе?! Осы даналықтың әрдайым жадымызда сақталғанын қалаймын.
Біздің Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Бейбітшілік пен достықта, татулықта бірге жұмыла отырып, қызметтің әр түрлі саласында қазақтар мен орыстар, татарлар мен немістер, украиндер мен кәрістер және өзге ұлт өкілдері еңбектенуде.
Адамзат баласының татулыққа ұмтылуы әр халықтың қанында бар. Әсіресе ол қазақстандықтарда ерекше дамыған. Бұл қазақ жерінің жомарттығынан, осы өлкелерге тағдыр алып келген барлығына құшағын кең жайып, пейілін кеңге салатын қазақ халқының мінезінен жаралған. Қазақ-станда тұратын барлық ұлттың татулығы мен бірлігінің мәні осында. Ол байырғы көркем қазақ жерінде бейбітшілікті сақтауға көмектеседі. Ал татулық – болашақта гүлденудің маңызды талабы.
Мен туған және өскен жері біртұтас болғанда ғана адам бақытты болады деп ойлаймын. Мен бақыттымын, өйткені сен барсың – менің Қазақстаным!
Еңлік КҮНТӨРЕЕВА,
№29 орта мектептің 6-сынып оқушысы,
Павлодар қаласы.
