«Оқушылар сабақ кезінде смартфон пайдаланса, ата-анасына айыппұл салынады» деген ақпарат жария болғалы қоғамда қызу пікірталас туындауда. Біреулер дұрыс десе, енді біреулер бұрыс деген ой айтып, әркім өз уәждерін ортаға салып жатқан жайы бар. Бұл мәселе бізді де бейжай қалдырмады.
Осыдан бірнеше күн бұрын ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова заңнамадағы тиісті шектеуге қарамастан оқушылар мектепте смартфон, пайдаланса, ата-анасына шара қолданатынын алға тартты.
– «Білім туралы» заңда ұялы телефонды сабақ процесінде пайдалануға тыйым салынғаны жазылған. Бұл тұрғыда жауапкершілік ата-анаға жүктелген. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 409-бабында осы жауапкершілік нормасы қарастырылған. Талаптар бұзылған жағдайда, Кодексте айыппұл сомасы көрсетілген. Егер бұл бірінші рет болса, ескерту беріледі. Ал тағы қайталанып жатса, айыппұл салынады, — деген еді вице-министр. Оның айтуынша, әзірге бұл бап бойынша ата-аналар айыппұл төлеп көрген жоқ. Бірақ ереже бұзылса, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 20 мыңға жуық теңге арқалауы мүмкін.
Бүгінде бұл мәселе ата-аналар арасында қызу талқылануда. Қолдаушылар да, керісінше қарсылық танытып жатқандар да баршылық. Павлодар қаласының тұрғыны Жанна Ахметова:
– Бала сабақ үстінде телефон пайдаланса, ата-анасына айыппұл салынады деген талаппен мүлдем келіспеймін. Себебі, қазір заман өзгерді, технология даму үстінде. Жасанды интелекттің мүмкіндіктерін көруіміз керек. Сол үшін мектепте оқушылардың ұялы телефон ұстағаны қалыпты жағдай деп санаймын. Сондықтан бірден айыппұл туралы сөз қозғамай тұрып, телефонның қолданылу мақсатын заң жүзінде бекіткен жөн. Ал ата-ана ретінде балалардың сабақ үстінде әлеуметтік желіде әңгіме айтып немесе фильм көріп, музыка тыңдап отыруына қарсымыз, әрине, – дейді.
Тұрғындардың кейбірі бұған соңғы уақытта мұғалімдердің ерсі әрекеттерін балалар видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желілерге жиі жариялауы түрткі болуы мүмкін деген ойларын айтуда. Яғни, олар осы жағдайдың алдын алу мақсатында жасалған шара деген пікірде. Енді бірі айыппұл есебінен қазына қаржысын қампайту көзделіп отырған шығар деген болжам жасауда. Ал аталған өзгерісті бірауыздан қолдап, мұндай талап телефонға телмірген ұл-қызымызды тежеуге жақсы себеп болар деп үміттенген ата-аналар жоқ емес.
Әрине, ешкімнің аузына қақпақ бола алмайтынымыз — ақиқат. Алайда аталған жағдайға қатысты педагогтар қауымының да айтары бар. Солардың бірі – білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ұлағатты ұстаз Шолпан Қасенова:
– Қазіргі балалар ұялы телефонның зардабын көріп жүр. Сондықтан мүлдем бермеу керек. Мысалы, бүгінгі жеткіншектердің көбі жаттаған тақпағын бір айдан соң сұрасаң, ұмытып қалып жатады. Сенбесеңіздер, тәжірибе жасап көріңіздер. Сондай-ақ, бүгінде көзілдірік тағатын бала көбейді. Осының бәрі смартфонның кесірі деп ойлаймын. Себебі, телефон адамның есте сақтау қабілетін, көздің көруін әлсіретеді. Өзім де үнемі балаларға ескертіп, немерелеріме телефон ұстатпаңдар десем, қайда жүріп-тұрғанын біліп отыру үшін қажет болады, әйтпесе алаңдаймыз, дейді. Сол телефон жоқ кезде де 5-6 баланы аман-есен өсірдік қой, ешқандай қиындық та, қауіп те болған жоқ. Қазір шүкір, Отанымыз тыныш, айналада бейне-бақылау камералары самсап тұр. Бұдан артық не керек? Сол үшін баланың денсаулығын емес, қалауын бірінші кезекке қойып, қымбат телефонмен мектепке жіберетін ата-аналарға айыппұл салғанды қолдаймын, – дейді.
Ақсу қаласының тұрғыны, ардагер ұстаз Рысты Сүйінова да бұл мәселе алаңдататынын алға тартуда.
– Мектепте телефон ұстайтын оқушылардың бар назары соған ауатыны сөзсіз. Бұл жақсылыққа апармайды. Баласының болашағын ойлаған ата-ана осыны дұрыс түсінуі тиіс. Тіпті, жеткіншектердің тапсырмаларды телефонның көмегімен орындайтынын айтпағанда, бір-бірінің төбелесін видеоға түсіріп, жасөспірімдер арасында жаға ұстатарлық жайттардың орын алып жатқаны өкінішті. Мұның бәрі интернеттегі қатыгездікті насихаттайтын кинолар мен қауіпті ойындардың кесірі деп білемін, – дейді ол.
Ағымдағы жылы Марғұлан университетін үздік дипломмен бітірген жас маман, Павлодар қаласындағы №5 мектептің мұғалімі Айсұлу Айдос та телефонды орынсыз пайдалану оқушы білімінің сапасына кері ықпал ететінін айтады.
– Шыны керек, бүгінде сабақ үстінде ұялы телефон қолданып, сол арқылы берілген тапсырмалардың жауабын көшіріп бере салатын балалар қатары көбейіп барады. Мұның соңы білімсіздікке әкеліп соғары анық. Сондықтан оқушылардың сабақ үстінде смартфон ұстағаны дұрыс емес. Өз басым шәкірттерімнің тапсырмаларды чат джипити, интернет сайттардан көшіріп алғанын бірден білемін. Мәселен, кейбір балалар есептерді басқа тәсілмен, яғни мен үйретпеген әдіспен шығарып келеді. Түсіндіріп беруін сұрағанда қысылып қалады. Бұл жағдайға көз жұмып қарасақ, ертеңіміз не болады? Қандай адамдар тәрбиелеп шығамыз? Осы жағын ойлауымыз керек, – дейді жас педагог. Сондай-ақ, ол соңғы кездері сабақ үстінде балалардың телефондарын жинап алып жүргенін де жеткізді.
– Оқушылар мектепке білім алу үшін келеді ғой, сондықтан сабаққа зейін қойып, мұғалімді ғана тыңдауы қажет. Мен бірде телефонмен ойнап отырған баланы байқап қалдым. Сол уақыттан бастап шәкірттерімнің смартфондарын жинап аламын. Олардың арасында екі телефон әкеліп, біреуін тығып қалатындары да бар. «Сіз неге менің жеке меншік затымды аласыз?» – деп ренжитіндер де болады. Қалай болса да, маған оқушыларымның сапалы білім алғаны маңызды. Бірақ ара-тұра мұғалімнің бақылауымен ғана балалардың пәнге деген қызғушылығын арттыру мақсатында логикалық есептерді, ойын түріндегі пайдалы тапсырмаларды орындауы үшін смартфон пайдалануға рұқсат етуге болады. Ал ата-анаға айыппұл салу арқылы темірдей тәртіп орнату көзделіп отыр деп ойлаймын, – дейді Айсұлу Айдос.
Осы орайда айта кетерлігі, кейбір мұғалімдер дарынды балаларға арналған лицей, гимназияларда смартфонға әлдеқашан тыйым салынғанын, балалар байланыс үшін кнопкалы қарапайым телефонды ғана қолданатынын айтады. Бұл да — ойланарлық жағдай.
Жалпы, ұялы телефонның бала денсаулығына тигізер зияны аз емес екенін ақ желеңділер де жиі айтып, дабыл қағуда. Естір құлақ болса, әрине.
Осылайша, сабақ үстінде телефон ұстаған ерке бала мен амалсыздан айыппұл арқалайтын ата-ананың мәселесі әлі талқылануда. Мұғалімдер де өз ойларын ортаға салудан аянып жатқан жоқ. Бір анығы, әркім бауыр еті баласы үшін барын беруге әзір. Алайда кейде «артық қылам деп, тыртық қылып» жататындар да болады.
Дегенмен де, осы істі айыппұл төлеуге дейін апармай тұрып, алдымен ата-ана мен мектеп бірлесіп балаға смартфонды тиімді әрі мақсатты пайдалана білуді үйреткен жөн сияқты. Ал сіз не айтасыз, оқырман?
Нұржайна ШОДЫР.
